Қару саудасына «қамқорлық» жасап жүрген кім?
Қару саудасына «қамқорлық» жасап жүрген кім?
«Сауда мұраты – ұту» десек те, саудалауға болмайтын нәрселер бар, мәселен, мемлекеттік құпияны сату, адам саудасы, қару саудасы деген секілді. Бірақ есіл-дертін мол байлық алып, ақшаға құныққандар ешбір қылмыстан шімірікпей заңды бұзып, тіпті мемлекет қауіпсіздігіне зор нұқсан келтіріп жатады. Бұл орайда, соңғы жылдары елімізде қару сатуға байланысты деректердің ара-тұра болса да байқалып қалып жататыны алаңдатарлық жағдай.
Әрине, әлемде қару саудасы жоқ емес, бірақ оның бәрі мемлекетаралық келісімдерге сай жүргізіледі. Ал егер сол қаруды мемлекеттің бақылауынсыз жеке адамдар сататын болса, ол – қылмыс. Бірақ заңсыз қару-жарақ сатумен айналысатындар оны жақсы біледі, сөйте тұра қауіпті саудаға тәуекел етіп, қылмыстық іске қол ұрады.
Заңсыз қару саудасын ірі ұйымдасқан қылмыстық топтар ұйымдастыратыны белгілі. Өйткені елден қаруды жасырын алып шығу, оны өзге елдер арқылы белгіленген жерге жеткізу оңай емес. Мұның бәрінің алдын ала істі бүге-шігесіне дейін ойластыру арқылы жүзеге асатынын болжауға болады. Себебі бұл іспен айналысу аса қауіпті.
Дегенмен, Қазақстанда жұртқа мәлім болып жатқан қару сатуға байланысты ақпараттарда еліміздің беделіне нұқсан келтірерліктей даулы істер болмағанымен, өзге елдерде беті ашылған кейбір қылмыстық істерге қазақстандықтардың қатысы барлығы көңілге кірбің түсіріп жатады. Мәселен, осыдан 11 жыл бұрын Тайландтың Бангкок әуежайында ұсталған Ил-76 ұшағының бортында 35 тонна қару-жарақ болған. Оны басында Қазақстанға тиесілі деп айтылғанмен, кейін ұшақтың бұрын біздің елдің реестрінде болғаны және ұшақ ұсталмастан екі ай бұрын Грузияға сатылғаны анықталды. Алайда экипаждың бес мүшесінің (біреуі Беларусь азаматы) төртеуі Қазақстан азаматтары болып шыққан. Әрине, экипаж мүшелерінің ұшақтағы қару-жараққа қатысы болмауы мүмкін, бірақ олардың еліміздің азаматтары ретінде әлемге белгілі болуы өзге елдерді тіксінткені анық.
Қару-жарақ сату қылмысына байланысы көп жағдайда қолға түсетін-дер – шеттен келіп, елімізге қару саудалайтындар болып шығады. 2009 жылы еліміздің арнаулы қызмет өкілдері Израиль азаматы Борис Шейкманды заңсыз қару сатумен айналысты деген дәлелмен тұтқындады. Араға бір апта салып бұл жайында Израиль қорғаныс өнеркәсібі өкілі сол елдің «Маарив» газетіне сұхбат беріп, Шейнкманның Қазақстанда израильдық «Солтам», ТААС, «Элбит» және «Аэронотикс» сияқты бірнеше ірі әскери-өнеркәсіптік кешен кәсіпорнының атынан қызмет етіп жүргені жайында айтқан. Оның мәлімдеуінше, «2007, 2008 жылдары аталған фирмалармен 300 миллион долларлық сауда келісімін жасасу арқылы Қазақстан Ресей мен Америкада жоқ жаңа қару-жарақтарға ие болған» көрінеді. Кейін белгілі болғанындай, 1991 жылға дейін Қазақстанда тұрған 61 жастағы Борис Шейнкман кейін отбасымен Израильге қоныс аударуына қарамастан өзі көбіне Қазақстанда тұрып келген екен.
Шейнкман ісіне байланысты сол тұста бұрын Қазақстанның қорғаныс вице-министрі болған генерал-лейтенант Қажымұрат Маерманов та ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тарапынан ұсталған еді. Ол Қазақстанға израилдік әскери кәсіпорнының мүддесін көздеп келген Борис Шейнкманмен жасалған қару-жарақ келісімінде заң бұзушылықтарға жол берген, пара алған деп айыпталды. Дегенмен, екі елдің арасындағы тұтқындар алмасу жайындағы келісімге орай, Шейнкман жазасын өз елінде өтеуге Израил тарапына тапсырылған. Бұл іс біздің әскерилердің арасында Отаннан гөрі өз бас пайдасын көздейтін шенділердің бар екенін көрсеткен жағымсыз жағдай болды.
Кейбір қару сатушылар Қазақстанды шетелге қару-жарақ өткізетін дәліз ретінде пайдаланғысы келетіні бар. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын Ақтауда Қазақстан арқылы Иранға қару-жарақ өткізбек болған Әзірбайжан азаматы қолға түскен. Ол қару сату кезінде ұсталған. Тергеу кезінде ол өзінің кінәсіздігін дәлелдеп, алғашқы сотта ақталып шыққан. Дегенмен прокуратура өкілдерінің талап етуімен іс қайта қаралып, оның қару сатуды ұйымдастырғаны әшкереленіп, алты жылдай уақытқа сотталған.
Әрекеттерін қанша жасырын жасағанымен заңсыз қару-жарақ саудасын қыздыратындар арнаулы орындардың назарынан тыс қалуы қиын. Өткен жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында атыс қаруын заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топтарды құрықтады. Олардың 8 Калашников автоматы және 2 тапаншаны сатқаны және деструктивті діни ағымдарды ұстанушы және қылмыс әлемі өкілдерімен тұрақты байланысы бар адамдар екені анықталған. Солайша, қабылданған шаралардың нәтижесінде қару-жарақ пен оқ-дәрілерді Қазақстан аумағына әкелу және өткізудің заңсыз арнасының жолы кесілген.
Сырттан заңсыз түрде қару сатып алушылар мен сыртқа қару сатушылардың агрессиялық әрекеттер жасап, ел ішінде бүлік шығаруды көздейтіні айдан анық. Осыдан үш жыл бұрын Алматыда адамдарды төңкеріс жасауға шақырған топ, полицейлерге және шенеуніктерге жоспар құрып, ұзақ уақыт дайындалған. Кейін олар құрықталған соң олардың жоспарлары, шабуылды қалай ұйымдастырмақ болғаны туралы айтқандары жарияланды. Олар алдымен қалталы азаматтарды қорқытып-үркітіп қаржы бопсалауды, сөйтіп қолына түскен қаражатқа қырғыз елінен қару сатып алмақ болған. Егер өздерінің жасырын әрекеттері ашылып қалған жағдайда бар кінәні мойнына алатын адамды тауып, дайындап қойған көрінеді. Сөйтіп, күштік құрылымдарға, мемлекеттік қызмет өкілдеріне шабуыл жасауды ойластырған. Дегенмен арнаулы қызмет өкілдері оларды ұзақ уақыт сырттай бақылаған, жоспарларын біліп, дауыстарын жасырын камераға жазып отырған. Бірақ мақсаттары жүзеге аспай, сырттан қару-жарақ әкеліп, елге бүлік салғысы келетіндердің жолы болмай қалды.