Google-да жұмыс істеу – қолжетпес арман емес
Google-да жұмыс істеу – қолжетпес арман емес
Аядай ғана ауылдан шыққан баланың болашақта әлемнің алпауыт компанияларының бірінде қызмет етуі бұрын орындалмас армандай көрінетін. Ал қазір мұның қолдан келетін іс, бағындыруға болатын белес екенін дәлелдеп жүрген отандастарымыз баршылық. Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында өсіп-өнген Бақытжан Төребаев қазіргі таңда Кремний алқабына қарасты Саннивейл қаласында орналасқан Google корпорациясының кеңсесінде жұмыс істейді. Еңбек жолын еліміздегі банктердің бірінде программист қызметінен бастап, қазіргі таңда күллі әлем қолданатын Google Payments жобасында жауапты қызмет ететін Бақытжанға арнайы хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Бақытжан, шыны керек, «қазақ баласы Google-да жұмыс істейді» десе, елең ете қалатынымыз рас. Әңгімемізді Кремний алқабына қалай жеткеніңізден бастасақ.
–Оқырманға түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастайын, мен 1985 жылы оңтүстік өңірдегі Арыс өзенінің жағасында орналасқан Темірлан ауылында дүниеге келдім. Мұнда бастапқыда Абай Құнанбаев атындағы мектепте, кейіннен 4-сыныптан бастап Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте білім алдым. 11-сыныпта оқып жүргенімде Алматыдағы студент ағам демалыс сайын ауылға келгенде менің болашағымды ойлап, «мынадай университет бар, онда осындай мамандық бар, соған дайындалуың керек» деп бағыт-бағдар беріп кететін.
Кезекті бір келгенінде Алматыда Қазақстан-Британ техникалық университеті ашылғалы жатқанын айтып, мұндағы қабылдау емтиханына қажетті материалдардың барлығын әкеліп беріп кетті. Сөйтіп, бағым жанып, 2002 жылы ағам жол сілтеген сол университетке оқуға түстім. Мұнда бес жыл бойы программист мамандығы бойынша оқыдым. Жаңадан ашылған оқу ордасы болған соң, студент саны аз болды, осылайша, бір-бірімізді жақсы танып, жақын араластық. Оның үстіне, білім беру жүйесі де жаңадан жасақталып жатқандықтан, бұған қоса кадр жетіспеушілігінен ағылшын тілінде өтуі тиіс кейбір пән орыс және қазақ тілінде өтті. Ауылдан келген мен үшін орыс және ағылшынша тіл сындыру, сонымен қатар бұл тілдерде сабақ оқу оңай болмады. Десек те, қатарымнан қалыспай, тырысып-тырмысып, оқып шықтым. ҚБТУ-ды бітірген соң, Алматы қаласындағы банктің бірінде борышкерлермен жұмыс істейтін орталықта екі жылдай жұмыс істедім. Мүмкін білерсіз я білмессіз, сол жылдары халыққа несиені көптеп беретін, ақыр соңында мұны халықтан қайтара алмай, борышкерлер тізімі құрастырылды, мен сол тізімді сұрыптап, ақпарат жинайтын орталықта қызмет еттім. Кейіннен тағы бір банктің инновациялық технологиялар басқармасында программист қызметін атқарып, онда бір жылдай еңбек еткен соң, жұмыстан шығып кеттім.
– Google-да қандай жобаға жауаптысыз?
– Бастапқыда әлемнің он шақты еліне тегін Wi-Fi тарататын Google stations жобасын дамытуға жауапты командада жұмыс істедім. Десек те, биыл жыл басында бұл жоба компания үшін тиімсіз болу себебінен жабылып қалды. Оның үстіне, интернет таратуға қатысты әр елдің өз заңы бар, біреу мұны құптар, енді біреуі құптамас. Бұған қоса, тегін дүние болған соң, компанияға түсер пайдасы да онша болмады-ау. Сосын бұл іске жауапты команданың тең жартысы Google payments жобасына ауыстық. Қазіргі таңда осы жобамен айналысып жүргеніме жарты жылдай уақыт болды. Google payments цифрлық форматтағы әмиян іспетті, мұнда кез келген өнімді Google payments мобильді қосымшасы арқылы сатып ала аласыз. Бұл – маған өте қызық, себебі бұған дейін мен тек серверлік желілер бойынша жұмыс істеуді үйренгенмін, сондықтан мобильді қосымшамен байланысты мұндай үлкен жоба – мен үшін тың нәрсе. Бұған қоса, мұнда көптеген жаңа технологияны үйренуге мүмкіндік бар. Бүгінде Google инженерлері құрастырған Flutter (dart) технологиясына әлем бойынша сұраныс көп, сол себепті әлем қолданатын әрі тегін тұрған дүниені үйреніп жүрмін.
–Мұндай компанияларға жұмысқа қабылданудың өзі белгілі бір кезеңдерден тұратын күрделі процесс екенін жиі естиміз. Сіздің жағдайыңызда қалай болды?
–Жұмысқа шақырту, заманауи тілмен айтқанда, оффер алған соң, компанияның кадрмен қамту бөлімімен байланыс орнатасыз, мұндағылар құжаттарды түгендеп, компания жұмысымен таныстырады. Сосын келесі кезеңде қырық бес минут бойы онлайн режимде есеп шығаруың керек. Кейін кеңсеге шақыртыласыз, мұнда күні бойы сонда жұмыс істейтін бес-алты маман сізге бағдарламалауға қатысты әртүрлі бағыттағы сұрақтар қояды. Осы кезеңдерден өткеннен кейін, арнайы комиссия нәтижеңізді бағалап, әлгі мамандардың берген бағасын саралап, соңғы кезең – келісімшарт жасасуға бағыттайды. Мен мұны саудаласу деп айтамын (күліп). Мұнда айлық, еңбек демалысы бойынша саудаласасың. Елде еңбекақы ай сайын беріледі ғой, ал мұнда олай емес, табыс түрлері көп, апта, екі апта сайын берілетіні бар, сосын қызметкерге компания акция ұсынады, мұнымен қоса, жыл сайын белгілі бір көлемде бонус береді. Мен мұндағылармен ары саудаласып, бері саудаласып, нәтижесінде екі тарапқа қолайлы ортақ бір мәмілеге келдік, десек те, кейін қарасам олар маған мен күткеннен де көбірек жалақы тағайындапты (күліп).