Жаңалықтар

Матаевтың ісіне қатысты сот отырысы өтуде

ашық дереккөзі

Матаевтың ісіне қатысты сот отырысы өтуде

Астана қаласы №2 Есіл аудандық сотында айыпталушы Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаевқа қатысты сот отырысы басталды. Істі судья Ақболат Құрмантаев қарап жатыр. Айыпталушылардың мүддесін үш қорғаушы, яғни Андрей Петров, Мәдина Бакиева және Серікқали Мусин қорғауда. Еске сала кетейік, 2016 жылдың 24 ақпан күні сот қаулысы бойынша Сейітқазы Матаев үй қамаққа алынған. 2016 жылы 21 шілдеде Алматы прокуратурасы күдікті С. Матаевтың ісін Астана қаласының №2 Есіл аудандық сотына жолдады. Ағымдағы жылы 27 шілдеде сот Сейітқазы Матаевтың үйқамақта болу мерзімін екі айға – 22 қыркүйекке дейін ұзартты. Қаулы орындалуы үшін Астана және Алматы қалаларының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бюросы департаменттеріне бағытталды. Атап айтқанда, сот отырысы ашық тәртіпте өтіп жатыр. Осы ретте БАҚ өкілдері арнайы залда сот отырысын экран арқылы тікелей көріп отыр. Еске сала кетейік, Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары 2011-2015 жылдар аралығында мемлекеттің ақпараттық саясатын жүзеге асыру үшін бөлінген қаражаттан 300 миллион теңгеден астам қаржыны жымқыру фактісін анықтады. Аталған ақша Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті мен "Қазақтелеком" АҚ арқылы бөлінген.