Ислам Кәрімов қайтадан Өзбекстан президенті атанды

Ислам Кәрімов қайтадан Өзбекстан президенті атанды

Ислам Кәрімов қайтадан Өзбекстан президенті атанды
ашық дереккөзі

Биылғы жыл саяси сахнада сайлау науқанымен есте қалатын болды. Күні-кеше көршіміз Өзбекстан Республикасында президент сайлауы болып өтті. Алдын-ала болжамдар мен қорытындылар анықталмаса да, халықтың басым көпшілігінің кімге дауыс беретіндігі белгілі болды дейді саясаткерлер. Жалпы саяси науқанның өту барысына елдің Орталық сайлау комиссиясы оң баға беріп отыр. Өйткені, сайлау басталған соң, 4 сағаттың ішінде дауыс берушілердің 37%-ы, яғни 7 жарым млн-нан астам адам өз таңдауын жасап үлгерген.

Айта кетейік, бұл сайлауда билік басындағы Ислам Кәрімовпен бәсекелес ретінде Халықтық-демократиялық партия орталық кеңесінің төрағасы Хатамжан Кетмонов бақ сынады. Олардан өзге тағы екі үміткер, «Миллий тикланиш» демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Акмал Саидов пен «Адолат» социал-демократиялық партиясы атқарушы комитетінің төрағасы Наримон Умаров та саяси додаға қатысты.

Рейтерс агенттігі елдің орталық сайлау комиссиясына сілтеме жасап, дауыс берушілердің рекордттық саны, яғни 19 миллион сайлаушының 90 пайыздан астамы Ислам Кәрімовке дауыс бергендігін хабарлайды. Кезекті жеңісіне дейін Кәрімов Өзбекстанды 26 жыл қатарынан басқарды. Қазір оның жасы 77-де. Өзбекстан конституциясына 2011 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, елде президенттік мерзім 7 жылдан 5 жылға қысқарған-ды. Сайлау қорытындысы белгілі болған соң, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Кәрімовты Өзбекстан президенті болып қайта сайлануымен құттықтады. «Мемлекет басшысы өз құттықтауында Өзбек елі Кәрімовпен бірге дамудың даңғыл жолын жалғастырарына сенім білдірді», - деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.