Жаңалықтар

Әлемдік допингке қарсы жүйені қайта құру керек

ашық дереккөзі

Әлемдік допингке қарсы жүйені қайта құру керек

Халықаралық олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах ресейлік спортшыларға қатысты жанжалдан кейін, допингке қарсы жүйені қайта құру қажет деп мәлімдеді. Сейсенбі күні Рио-де-Жанейрода ХОК сессиясында сөйлеген Бах ресейлік атлеттердің тыйым салынған препараттарды жаппай қолдануы - Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік - WADA жұмысының әлсіз тұстарын ашып бергенін мәлімдеді. Халықаралық олимпиада комитетінің Ресей құрамасын Бразилиядағы Олимпиада ойындарына қатысуға рұқсат беріп, түпкілікті шешімді жекелеген спорт түрлері бойынша халықаралық федерацияларға жүктегені әлем елдерінде сынға ұшырады. WADA-ның канадалық заңгер Ричард Макларен басқарған тәуелсіз комиссиясы шығарған қорытындысына сүйенген агенттік ресейлік атлеттерді Олимпиададан шеттетуін сұраған еді. ХОК-тің арнайы комиссиясы халықаралық федерациялар тапсырған тізімді қайта қарап шығып, ресейлік спортшылардың Ойындарға қатысу-қатыспауына қатысты түпкілікті шешімін қабылдайды. Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиада ойындары 5 тамызда басталады.