Коронавирустан көз жұмған 26 дәрігердің отбасына 10 млн теңгеден берілді
Коронавирустан көз жұмған 26 дәрігердің отбасына 10 млн теңгеден берілді
1,9 мыңнан астам медицина қызметкері COVID-19 инфекциясын және пневмонияны жұқтыруына байланысты төлем алды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіінң мәліметінше, COVID-19-бен күресуге тартылған 1 965 медицина қызметкері коронавирус инфекциясын немесе вирусты пневмонияны жұқтырған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін біржолғы әлеуметтік төлемді алған.
Сондай-ақ, МӘСҚ аурудың салдарынан қайтыс болған 26 медицина қызметкерінің туыстарына өтемақы аударды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жоғарыда аталған төлем төленетін медицина қызметкерлерін өңірлердің және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссиялар ауырған медицина қызметкерлерін тексеру нәтижесі негізінде анықтайды.
Өтінімдерді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жинайды. Одан кейін өтінім электрондық іс макеттерін қалыптастыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына беріледі, кейін төлем тағайындау үшін МӘСҚ-ға жіберіледі.
Өңірлер бөлінісінде медицина қызметкерлеріне COVID-19 немесе вирустық пневмонияны жұқтыру жағдайына төлемдердің ең көбі Нұр-Сұлтан (502) және Алматы (373), Шымкент (117) қалалары, Қарағанды (138), Батыс Қазақстан (115) және Ақмола (107) облыстарында.
Естеріңізге сала кетейік, жоғарыда көрсетілген төлем:
– коронавирус немесе вирусты пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн теңге;
– COVID-19 инфекциясын жұқтырғаннан, вирусты пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына – 10 млн теңге көлемінде төленеді.