Қарағанды қаласына жаңа әкім тағайындалды
Қарағанды қаласына жаңа әкім тағайындалды
Қарағандының жаңа әкімі болып Ермағанбет Бөлекпаев тағайындалды. Ал бұрынғы қала басшысы Нұрлан Әубәкіров басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.
Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттарымен келісілгеннен кейін облыс орталығының жаңа басшысын Жеңіс Қасымбек жұртшылыққа таныстырды.
«Ермағанбет Қабдолұлының жұмыс тәжірибесі мол. Ол өз жобалары мен бастамаларын лайықты жалғастыратынына сенімдімін. Нұрлан Ерікбайұлына атқарған жұмысы үшін алғыс айтамын. Оның қалада жұмыс істеген кезінде көптеген жүйелі мәселелер шешілді. Оның көпшілігін ол өзі бастап, өзі шешті. Аулаларда, қаладағы үйлердің қасбеттерінде көп нәрсе жасалды, бірақ әлі де көп жұмыс атқару керек», - деді Жеңіс Қасымбек.
«Баршаңызға бірлескен жұмыс үшін алғыс айтқым келеді. Туып-өскен қаланы 6 жыл бойы басқару - үлкен құрмет және жауапкершілік», - деп атап өтті Нұрлан Әубәкіров.
Қарағанды облысының әкімі жаңа қала басшысының алдына бірқатар міндеттер қойды. Атап айтқанда, коммуналдық сипаттағы және қоғамдық көлік мәселесін шешуді жүктеді. Ермағанбет Бөлекпаев сенім артқаны үшін алғысын жеткізді.
«Осы кезеңде көп жұмыс атқарылды. Алда әлі де ауқымды жұмыс күтіп тұр. Сіздермен бірге алға қойылған міндеттерді орындайтынымызды айтып, сендіргім келеді», - деп атап өтті ол.
Ермағанбет Бөлекпаев 1975 жылы 2 қыркүйекте Қарағанды облысы Шет ауданы Өспен ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген.
Еңбек жолын 1996 жылы «Казкоммерцбанк» ААҚ Теміртау филиалында экономист қызметінен бастаған. 1997 жылдан 1998 жылға дейін Астанадағы «Бизнес-Информ» ИКО өкілдігінің директоры қызметін атқарды. 1998 жылдың қараша айында индустрия, энергетика және сауда министрлігінде экспорттық бақылау және лицензиялау департаментінің бас маманы лауазымында жұмыс істей бастады. 2002 жылы осы ведомство бастығының орынбасары болды.
2006 жылы Павлодар облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2006 жылдан 2008 жылға дейін Павлодар облысы Павлодар ауданының әкімі болды.
2008 жылдан 2009 жылға дейін Павлодар облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасын басқарды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Нұр - Сұлтан қаласы бойынша аумақтық басқармасының бастығы – Тәртіптік кеңесінің төрағасы лауазымын атқарған.
2013 жылдан 2018 жылға дейін Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа», «Алматы» және «Есіл» аудандарының әкімі болды.
2018 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып тағайындалды.
2018 жылғы қарашадан бастап қазіргі таңға дейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
«Құрмет» орденімен және «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталған.