Жаңалықтар

«Nur Otan» батыс өңірлерді түлетуге бағытталған бағдарламасын таныстырды

ашық дереккөзі

«Nur Otan» батыс өңірлерді түлетуге бағытталған бағдарламасын таныстырды

«Nur Otan» партиясы қазақстандықтарды әрбір өңірді, қала мен ауданды 5 жылға дамытудың негізгі басымдықтарымен таныстыруды жалғастыруда. primaries.kz сайтында 216 сайлауалды бағдарламаның жобалары ұсынылды, оларды халықтың пікірін ескере отырып пысықтауды жоспарлап отыр. Мәселен, Ақтөбе облысының сайлауалды бағдарламасының жобасында жыл сайын кемінде 20 мың жаңа жұмыс орнын құру және 2025 жылға қарай орташа жалақыны кемінде 200 мың теңгеге дейін арттыру міндеті қойылып отыр. Жыл сайын кемінде мың адамды қайта даярлау, кемінде екі мың адамды қысқа мерзімді оқыту және шетелдік жұмыс күшіне квотаны қысқарту жүргізілетін болады. Облыс халқының 29%-ы ауылдық жерлерде тұратынын ескере отырып, өңірде екі жылыжай кешенін, екі сүт-тауар фермасын, құс фабрикасын салуды және Ірі қара мал басын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін – ара шаруашылығын, марал шаруашылығын, жидек дақылдарын өсіруді дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Өңірдің транзиттік әлеуетін дамыту үшін облыстық маңызы бар автожолдарды, сондай-ақ аудандық маңызы бар 2350 км жолдарды салу және қайта жөндеу жоспарлануда. Бұл шаралар 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 56-дан 85%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Партия қоршаған ортаға ауыртпалықты азайту мақсатында Ақтөбе хром қосылыстары зауытының технологиялық жабдықтарының шаң және газ тазарту қондырғыларын қайта құру және 2021 жылы 9 ҚТҚ полигонын салу міндетін қойып отыр. Өңірде әлі күнге дейін үш ауысымды мектептер жұмыс істейді. Білім беру сапасын арттыру үшін 16 жаңа мектеп салынады. Жалпы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтуды 2025 жылға қарай 86%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. "Кедергісіз келешек" партиялық жобасы аясында 2021 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 150 орындық оңалту орталығын және 2022 жылы спорт кешенін салу жоспарлануда. Батыс Қазақстан облысының сайлауалды бағдарламасы жобасының деректері бойынша өңірде қазіргі заманғы технологияларды енгізу және өндірістің жаңа түрлерін игеру есебінен дамыған агроөнеркәсіптік кешенді құру жөніндегі жұмыс жалғасады. Партия сүт кешенін, 27 бордақылау алаңын салуды, суармалы жер көлемін 56 мың гектардан 85,0 мың гектарға дейін кеңейтуді ұсынады. Бұл шаралар шамамен 10 мың шаруаны кешенді қолдаумен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, партия коронавирустық пандемиядан зардап шеккен экономикалық секторлардың іскерлік белсенділігін қалпына келтіруге көмектесуге ниетті. Өңірде жыл сайын "Қарапайым заттар экономикасы", "БЖК-2025", "Еңбек" және т.б. бағдарламалары бойынша кемінде 7 мың жас жұмысқа орналасатын болады. Сонымен қатар, 800 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарлануда, 59 ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі, 73 елдімекенде сумен жабдықтаудың кешенді блок-модульдері орнатылады. Жыл сайын өңірде 480 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отыр, сұрыптау желілері бар 2 ҚТҚ полигоны іске қосылады. Бүгінгі күні облыс тұрғындарын толғандыратын маңызды мәселелердің бірі - газға жоғары тариф (халық үшін 17,24 теңге/м3). Тарифті төмендету мақсатында "Nur Otan" партиясы Орынбор ГӨЗ-нен алынатын табиғи газдың құнын төмендету бойынша ҚР және РФ Үкіметтері деңгейінде келіссөздер жүргізу міндетін қойып отыр. Сондай-ақ, халық пен кәсіпкерлер арасында тарифті саралау мәселесі қаралады. Денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің сапасын арттыру үшін партия 2 емхана, ауруханаларға 3 корпус салуды жоспарлап отыр. Білім беру сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында партия мүшелері 21 жалпы білім беретін мектеп салу, сондай-ақ мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйелерімен 100% жабдықтау бойынша міндеттер қойып отыр. Маңғыстау облысының сайлауалды бағдарламасының жобасында өңірдің даму резервтерінің бірі Ақтау, Құрық теңіз порттары және "Ақтау теңіз порты" АЭА, сондай-ақ, Ақтау және Жаңаөзен қалаларындағы индустриялық аймақтар болып табылады. Партия мұнай өндіру көлемін сақтауды қамтамасыз етуге, шетелдік инвестицияларды тартуға және "Ақтау теңіз порты" АЭА-да инженерлік инфрақұрылымды құруды аяқтауға ықпал ететін болады. Тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін қалаларда 48 көппәтерлі үй және облыс аудандарында 89 үй салынады. Партия Ақтау қаласындағы жаңа онкологиялық диспансердің және Жаңаөзен қаласындағы қалалық аурухананың терапевтік корпусының құрылысын аяқтауға, ауылдық елдімекендерде 7 отбасылық-дәрігерлік амбулатория құрылысын аяқтауға қол жеткізетін болады. 3 ауысымдық оқытуды жою үшін қалалар мен аудандарда 20 жаңа мектеп, жұмыс істеп тұрған мектептерге жапсарлас құрылыстар салу, үйде қашықтықтан оқыту жүргізу үшін аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды кезең-кезеңімен компьютерлік техникамен қамтамасыз ету жоспарлануда. Атырау облысында 5 жыл ішінде 103 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 141 жобаға өтеусіз гранттар берілетін болады. Өңір тұрғындарын толғандыратын экология мәселелері белсенді түрде шешілетін болады. Мысалы, мұнай-газ кәсіпорындарында атмосфералық ауаны онлайн-режимде бақылау жүйесі орнатылады. Сондай-ақ, 3,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу, 300 км-ге жуық автомобиль жолдарын жөндеу, 63,5 км су құбыры желілерін салу, Құрманғазы ауданы Ақкөл ауылындағы су тазарту ғимаратын қайта жаңарту жоспарлануда. Сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 9 жаңа мектеп және 56 балабақша салынады. Өңірде өнер мектебі, музыка мектебі және оқушылар сарайы ашылады. Жастарды жан-жақты қолдау үшін өңірде жыл сайын кемінде 5 мың жасты жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Партия 6 студенттік жатақхана салу міндетін қойып отыр.