Жаңалықтар

Ұлыбритания билігі шектеу шараларын күшейтті

ашық дереккөзі

Ұлыбритания билігі шектеу шараларын күшейтті

Ұлыбританияда коронавирустың екінші толқыны басталды. Індеттің өршуіне жол бермеу үшін ел билігі шектеу шараларын қайта күшейтті. Бұл туралы Ұлыбритания үкіметінің басшысы Борис Джонсон мәлімдеді. Пандемия басталғалы елде 406 мыңнан астам адам індетке шалдыққан. Осыдан бірер ай бұрын қатерлі вирусты жұқтырғандар саны азайып, эпидемиологиялық ахуал тұрақтана бастағандай еді. Алайда індеттің жаңа толқыны басталып, коронавирусқа шалдыққандар саны қайтадан арта түсі. Вирустың таралуын тежеу мақсатында үкімет қатаң шараларды енгізді. Бұдан былай елдегі мейрамханалар сағат кешкі онға дейін ғана жұмыс істейді. Барлық мекеме қызметкерлері бетперте тағуы тиіс. Сондай-ақ үйлену тойларына шақыруға рұқсат етілген қонақтар саны 15-тен аспауы тиіс. Бұған дейін ұлыбританиялықтар той-томалаққа 30 адамға дейін шақыра алатын. «Қыс басталысымен вирустың таралуы күшейеді. Соңғы екі аптада ауруханаға түскен науқастар саны екі есе артты. Карантиннен кейін қалпына келе бастаған кәсіпорындарға шектеу кері әсер тигізетінін білемін. Дегенмен, вирустың таралуына жол бермеу үшін бірқатар шараларды қолға алуға тура келеді», - деді Ұлыбритания премьері. Еске сала кетейік, бұған дейін Испанияда да карантин күшейтілген болатын. Ел астанасының бірнеше ауданын қамтитын шектеу 2 аптаға созылады. Тұрғындар үйлерінен тек жұмысқа, мектепке немесе дәрігерге қаралу үшін ғана шыға алады. Саябақтар жабылып, дүкендер кешкі сағат 22:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. 6 адамнан көп кісінің жиналуына тыйым салынады.