Әкім қауесетке сенбеуге шақырды
Әкім қауесетке сенбеуге шақырды
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов екі күннен бері халық толқулары болып жатқан Сейфуллин ауылында шұғыл штаб жиналысын өткізіп, жергілікті тұрғындармен кездесті.
«Облыс әкімі медициналық сараптаманың нәтижелерін оқып берді. Онда кәмелет жасқа толмаған қызды зорлау фактісі расталмағаны айтылған. Ол оқиғаның қылмыстық сипатына баса назар аударып, ауыл тұрғындарын қауесетке сенбеуге шақырды», - деп хабарлады облыс әкімшілігінің баспасөз қызметі.
Халық алдында облыс прокуроры Ибрагим Иманов сөз сөйлеп, «тұрақтылықты сақтау және заңсыздықты жою» шаралары қолданғанын айтты. Ералиев ауылдық округындағы толқулар 1 тамызға қараған түнде басталған. Оған ауылда жас қызды жасөспірім зорлап кетті деген әңгіменің таралуы себеп болған. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан, полиция мәліметі бойынша, үш адам жараланды. 2 тамызда түнде Диқан ауылындағы үш үй және бірнеше автокөлік өртенді. Полиция қызметкерлерінің пікірінше, қазір жағдай тұрақтанған, бірақ Азаттық тілшісінің мәліметіне қарағанда, Сейфуллин ауылына әскери техника енгізіліп, сырттан ешкімді кіргізбей ұстап тұр.