Ақмолалық праймериз кандидаттары өңірдің өзекті мәселелерін көтерді
Ақмолалық праймериз кандидаттары өңірдің өзекті мәселелерін көтерді
Ақмола облысында праймериз кандидаттары арасында пікірсайыс қыза түсуде. Бүгін Жарқайың ауданында өткен пікірсайыс алаңында бес кандидат кездесіп өздерінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
Саяси додаға қатысушылар әсіресе өз аймақтарындағы түрлі түйткілді мәселелерді көтеріп, оңтайлы шешу жолдарын ортаға салуда. Кандидаттардың бірі жас кәсіпкерлерді қолдауды, жастарға үй салу мәселесін көтерсе, келесі кандидаттар сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін өзінің сайлауалды бағдарламасының өзегі ретінде көрсеткен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаевтың халық үніне құлақ асатын мемлекет болуы керектігін, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыру қажеттігін жеткізді.
Жарқайың ауданы еліміздің астықты өлкелерінің бірі. Жалпы алғанда 600 мың гектардан астам егістік алқабы бар өлке үшін ауылшаруашылығы дамуының маңызы зор екені белгілі. Сондықтан болар, праймеризге қатысушы кандитаттар ауылшаруашылығы мәселесін назардан қалдырған емес. Дебат барысында егін, мал шаруашылығы саласындағы өзекті мәселері талқыланды.
Сондай ақ, патриотизм мен жастар мәселесі де айтылды. Кандидаттар ел ішін аралап, тұрғындардан жинаған ұсыныс пікірлердің негізі де жастар мәселесі болып отырғандығын жеткізді. Барлық ұсыныстар аудандық партия филиалының сайлауалды бағдарламасы мен ауданның даму бағдарламасына енгізілмек. Себебі ел ахуалы халық қалаулыларының ұдайы назарында болуы әбден дұрыс. Өңірдің тыныс-тіршілігіне етене қаныққанда ғана мәселелердің мәнісімен жете танысуға болады дейді праймериз қатысушылары.