20 Қыркүйек, 15:53 1029 0 Денсаулық Анар ЛЕПЕСОВА

ДДСҰ Еуропа елдерінде коронавирустың өршу себебін айтты

Балқан елдерінде және бүкіл Еуропа аумағында эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына коронавирусқа қарсы сақтық шараларының сақталмауы себеп.  Мемлекеттердің билігі бақылауды күшейтуі қажет. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Белградтағы кеңсесі мәлімдеді, деп жазады РИА Новости.

Албания, Босния мен Герцеговина, Словения, Солтүстік Македония, Хорватия, Черногория және Косово республикасының билігі карантин шаралары жеңілдетіліп, шекаралар ашылған соң індет жұқтырғандар мен вирустан көз жұмғандар санының күрт өскенін айтты.

«Балқан аймағындағы ғана емес, бүкіл Еуропа аумағында жағдай қиындап келеді. Барлық мемлекеттер денсаулық сақтау шараларын дер кезінде қолға алып, жүйелі түрде әрекет етуі қажет. Індет жұқтырғандармен байланыста болғандарды оқшаулау, арақашықтық сақтау, маска тағу, тыныс алу жолдарының және қол гигиенасын қадағалау секілді шаралар міндетті түрде орындалуы қажет», - дейді ДДСҰ өкілдігіндегілер.

Ұйым мамандарының сөзінше, демалыста жүргендер, түнгі клуб, діни нысандарға баратындар және өзге де бұқаралық шараларға қатысушылардың сақтық шараларын орындамауы індеттің таралуын қайта өршітті.

Сондай-ақ, ақ халаттылар мектептердің ашылуы да үлкен қауіп тудырып отырғанын айтады. Десе де, мамандар білім беру ісін тұралатпау үшін және балаларды әлеуметтендіріп, теңсіздік мәселесін жою үшін мектептерді ашу мәжбүрлі қадам болды деп есептейді.

Айта кетейік, Испанияда карантин күшейтілді. Індеттің таралуын тоқтату үшін Мадрид билігі қаланың бірнеше ауданында шектеу шараларын күшейтуге мәжбүр болды. 850 мың адам тұратын аудандарды қамтитын шектеу 2 аптаға созылады. Тұрғындар үйлерінен тек жұмысқа, мектепке немесе дәрігерге қаралу үшін ғана шыға алады.

Ал Ұлыбританияда карантин талаптарын бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі көбейеді.  Коронавирус жұқтырғаны расталған және екі апталық карантинді бірнеше рет бұзған азаматтар келесі аптадан бастап 10 мың фунтқа дейін (13 мың долларға дейін) төлемек. Елдегі індеттің таралуын бақылау үшін құрылған Test және trace бағдарламасы қызметкерлерінің ұсыныстарына құлақ аспайтын тұрғындар да осынша көлемде айыппұл арқалайды.

Соңғы жаңалықтар