Қазақстан – Азияның он үздік елдер қатарында
Қазақстан – Азияның он үздік елдер қатарында
Электрондық үкіметтің даму деңгейі туралы есебінің деректері бойынша Қазақстан Азия мемлекеттерінің арасында 7 орынды иеленді. Бұдан жоғары сапта тек Оңтүстік Корея, Сингапур, Жапония, Израиль, Бахрейн және Біріккен Араб Эмираттары орнықты.
Сонымен бірге БҰҰ-ның жаһандық рейтингісі бойынша Қазақстан 33 орынды иемденіп барлық ТМД елдерінен алда екенін атап өткен жөн.
Электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша биылғы ең үздік көрсеткіш Ұлыбританияда, одан кейінгі кезек Австралияда болса, үшінші орынды өткен жылдардың көшбасшысы Оңтүстік Корея иемденіп отыр. Жаһандық рейтинг бойынша АҚШ – 12 орын, Ресей – 35 орын, Қытай – 63, Өзбекстан мен Қырғызстан – 80 мен 97 орындарда.
БҰҰ-ның электрондық үкімет даму индексі (The UN Global E-Government Development Index немесе EGDI) дегеніміз – мемлекеттердің азаматтарға ақпараттық және коммуникациялық технологиялары арқылы мемлекеттік қызметтерді қамтамасыз етудің әлеуеті мен әзірлігін бағалайтын кешенді көрсеткіш. Осылайша, 2016 жылы Қазақстанның композиттік индексі 0,7250 ұпай құраса, жаһандық орташа EGDI 0,4922 ұпай деңгейіне бекітілген. Бұл индекс адам капиталының дамуы, телекоммуникациялық инфрақұрылым мен онлайн қызметтер іспетті 3 көрсеткіштен құрылады. Рейтинг пен оған қатысты көрсеткіштер әр екі жыл сайын БҰҰ сарапшыларымен есептеліп дайындалады.