20 Қыркүйек, 11:14 357 0 Денсаулық Анар ЛЕПЕСОВА

Алексей Цой Алматыда Жедел медициналық қызмет ұжымымен кездесті

Алматыға жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Жедел медициналық қызмет ұжымымен кездесіп, аталған мекеменің жаңа автопаркімен танысты. 

Бұдан былай Алматыда COVID-19, тұмау, өкпенің қабынуына шалдыққан науқастарды медициналық жәрдем ғана жатқызады. Науқастарға жүйелі қызмет жасаудың цифрлық механизмдері енгізілген.

«Қаланың жедел медициналық жәрдем қызметі күзгі және қысқы маусымға тас-түйін дайын. Біздің мүмкіншілігіміз өте жоғары. Тәулігіне 9000 хабарлама бойынша жұмыс істеуге және 500 науқасты тиісті емханаға жатқызуға қауқарлымыз»,- деді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров.

Министрдің жұмыс сапары барысында қажетті жабдықтармен қамтылған медициналық жәрдем қызметінің 35 көлігі таныстырылды. «Hyundai H350» В және С санатындағы медициналық жәрдем машиналары заман талабына сай жасалған. Электрлік (Аccuvac pro), өкпенді жасанды желдететін (Мedumat), Сorpuls1, дефибрилляторлары, «Кардиометр-МТ», автоматтандырылған жабдықтары, КИ-5 оттегі ингаляторы, жүрек соғысын бақылайтын «Небулайзер» құрылғысымен қамтылған. Арнайы көліктерді сатып алуға жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінген.

Бүгінде Алматыда медициналық жедел жәрдем қызметінің жүктемесі төмендеді. Коронавирус өршіген уақытта тәулігіне 8000 хабарламаға дейін түсетін. Шілде айының басында Жедел медициналық қызметке келіп түскен хабарламалардың 50 пайызы коронавирус күдігімен байланысты болды. Қазіргі таңда тұмау, өкпенің қабынуы және коронавирус бойынша келіп түсетін қоңыраулар саны 9 пайызға азайған. 

Пандемия басталғалы Алматыда 14346 адам коронавирус жұқтырған. Науқастардың 14 мыңнан астамы емделіп шықты. Дерті асқынған 270 адам қайтыс болды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматыда телемедицина орталығы ашылғанын хабарлаған едік.

Коронавирустың екінші толқынына дайындық аясында ашылған телемедицина орталығының міндеті – COVID-19 жұқтыруы ықтимал және індетке шалдыққаны расталған науқастарға кеңес беру және мониторинг жүргізу.

Соңғы жаңалықтар