Жаңалықтар

Елбасы Ақтауда халықаралық туристік хабтың тұсаукесеріне қатысты

ашық дереккөзі

Елбасы Ақтауда халықаралық туристік хабтың тұсаукесеріне қатысты

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды. Елбасы Ақтау қаласында халықаралық туристік хабтың тұсаукесеріне қатысты. Туристік хабты дамыту жобасы Каспий теңізі жағалауын қамтымақ. Н.Назарбаев отандық туризм саласын өркендетудің маңыздылығына тоқтала келе, Қазақстан бірегей табиғатқа, сонымен қатар тарихи-мәдени маңыздағы киелі орындарға, Ұлы Жібек жолының нысандарына, құнды археологиялық ескерткіштерге ие екенін атап өтті. Каспий теңізі жағасында мемлекетімізде тұңғыш рет «барлығы қосылған» концепциясы негізінде отбасылық демалысқа арналған қонақүй кешенін тұрғызған шетелдік инвестордың келуі – осы өңірдегі елеулі оқиғаға айналды. Rixos қонақүйлер желісінің басқарма төрағасы Ф.Таминдже Rixos Water World Aktau атты люкс сыныбындағы бес жұлдызды курорттық отелді дамыту жобасын таныстырды. Сондай-ақ қазақстандық және шетелдік инвесторларды тарту арқылы туристік кластерді ары қарай кеңейтудің перспективасы туралы әңгімеледі. – Тәуелсіздік жылдары көп іс тындырдық. Бұрын әлем білмеген Қазақстан бүгінде дүниежүзі картасында лайықты орын алды. Біз жаңа астананы тұрғыздық. Ол өзге өңірлер мен облыс орталықтарының өркендеуіне бағдар беріп келеді. Мен алда барша мұсылман үшін киелі мекен – Түркістан қаласына сапарлауды жоспарлап отырмын. Қазақ хандығының осы байырғы астанасы соңғы уақытта керемет түрленді және қазір үлкен туристік әлеуетке ие, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Ол туризмді нысаналы түрде өркендетуге бағытталған нақты қадамдар тек жекелеген өңірлердің ғана емес, сондай-ақ тұтастай алғанда бүкіл республиканың экономикасына зор тиімділік, оңды серпін беретініне назар аудартты. Тұсаукесер соңында Елбасы Rixos Water World Aktau қонақүй кешенін аралап көрді. Іс-шараға онлайн-конференция форматында бірқатар отандық және шетелдік инвесторлар қатысты. Олардың арасында ACCOR компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка өңірінде люкс сыныпты отелдерді дамыту жөніндегі бірінші вице-президенті Ф.Боден, ÖG Holding басқарма төрағасы О.Гюр, отандық BI Group құрылыс холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы А.Рақымбаев, «Базис-А» корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы А.Белович болды.