Жаңалықтар

Ұлылықты ұлықтаған

ашық дереккөзі

Ұлылықты ұлықтаған

Мұқағалидың тойында Әбішпен бір киіз үйге түскен екенбіз. Сәл кешігіңкіріп кірсем, төрде отыр екен. Бос орынға жайғаса бермекші едім, «Келіңіз, Сәбе. Жанымызға отырыңыз­шы» деп қасына шақырды. Рақ­метім­ді ай­тып, отырдым. Әбіш бір жайдан кейін бір жайды қозғап, жұрттың ауы­зын аш­қызып тастады. Не деген төгілген тіл, нет­кен таусылмайтын білім бұл! Үнсіз ға­на тыңдап отырмын. Қызық, Әбіш отырған жерде үнің де шықпай қалады екен. «Қа­лай­сыз? Әңгіме айтпайсыз ғой өзіңіз. Сіздің әң­­гімелеріңізді сырттан, жұрттан естіп, қы­­зығып жатамын», – деді бір кезде ма­­­ған қарап. Актерлердің арасында не­ше түрліні хикаялап жүретінім бар ғой, со­­ларды еститін көрінеді. «Ой, Әбеке, мен сізбен сөйлесуге дауаламаймын. Сіз­бен әңгіме-дүкен құрғым-ақ келеді, соған білімім жетпейді», – дедім. Рай­ла­нып күлді. Сол әңгімеден кейін ауық-ауық болса да кездесетін болдық. Бірте-бір­те етім үйреніп, неше түрлі әңгі­ме­лерім­нің біразын айтып та жүрдім. Бара-бара, Әбіштің сөзіне қанаттанып алып, жаңағы ауызша әңгімелерімнің жаз­баша нұсқасын жасауға шықтым. Олардың біразы «Егемен Қазақстанға», көбі «Алматы ақшамына» жарияланды. Бү­гінге дейін жарық көргенінің өзі қа­лың-қалың екі кітапты болып қалды. Мақала жазуға да ауыстым бірте-бірте. Сізбен әңгімелесуге білімім жетпейді де­генім – шын сөзім. Жалпы, жағынуға, жал­бақтауға жоқпын. Әбіш деген Құдай бір бөлек жарата салған адам еді ғой. Арғы замандарды қайдан білейік, өзіміз ес жиып, жұрт сөзіне құлақ аса бас­та­ғалы бері өз басым Әбіштей терең білім­ді кісіні көрген емеспін. Он сегіз мың ға­ламда Әбіш білмейтін жай жоқ сияқ­ты, адамзаттың арғы-бергісінде Әбіш баға бере алмайтын оқиға да, адам да табылмайтын сияқты сезілетін. Сондықтан да сонау жас кезінен біріміз аға, біріміз іні болып келе жатқан Сауыт­бек бауырым ана бір жылы өзінің алпыс жылдығына елге барғанымызда: «Сә­бе, Әбекең туралы кітап жазуға ма­те­риал жинап жүрмін. Көресіз, түбі бір жа­замын», – дегенінде бір жағынан ақыл­­дылығына разы болып, бір жа­ғы­нан батылдығына таңданып, бетіне қарап қалғаным есте. Сауытбектің алпыс жылдығын атауға Шымкентке, Қа­зығұртқа, Келеске Әбішпен, Фари­за­мен, Сейітпен, сол кездегі облыс әкімінің орынбасары, қазіргі сенатор Әли Бек­таевпен, бауырымның Әлібек Асқар бастаған бір топ достарымен сапарлаған сол бір армандай бес күннің ішінде Әбе­кеңнің талай әңгімесін тыңдадық. Шым­кенттегі театрдың сахнасында тұрып той иесі туралы ақтарылып айтқаны, Қа­зығұрт тауының бөктерінде тұрып қа­сиетті тау туралы әңгімелегені, тіпті ға­жап шыққан еді. Жол бойындағы «Ке­меқал­ған» ескерткішінің жанында Әбіш шамамен отыз минуттай сөйледі-ау деймін. Бас-аяғы бүп-бүтін, тұтас толғау болатын. Әттең, жазылмай қалыпты. Театрдағы сөзі де солай болыпты. Ұқып­ты деген Сауытбекке айтсам, «Залда бол­сам диктофон қосар едім, сахнада оты­рып, өзім жайындағы сөзді жазып алып жатуға ыңғайсыздандым», – дейді.