Жаңалықтар

Үшемнің ата-анасы үйсіз жүр

ашық дереккөзі

Үшемнің ата-анасы үйсіз жүр

Еліміздің демографиялық ахуалы реттелуі үшін Қазақстанда туған әрбір баланың өмірге келуінің өзі бір қуанышты мереке болуы тиіс.  Сонымен қатар шетелден елге оралған әр қазақ та сондай.  Өткен жылғы статистикалық мәлі­мет­терге сүйенсек, Қазақстан әлемде жер кө­лемінен 9-орында, ал халық саны бойын­ша 64-орын алады. Халық тығыз­дығы жөнінен еліміз БҰҰ мойындаған 195 тәуелсіз мемлекет тізімінде 184-орын­да тұр. Қазақстандағы халық­тың орташа тығыздығы 1 км²-ге небары – 5,8 адам, ал әлемде 1 шаршы км-ге 56 адамнан келеді. Ресейде – 8,6 адам, Қытайда – 145 адам, Өзбекстанда – 73 адам (Әндижан облысында – 1 шаршы км-ге 700 адам). Сон­дықтан да еліміз үшін жан саны қашанда маңызды. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында еліміздің туу көрсеткіштерінің көңіл көншітпей отырғанын айтқан болатын. Осыған орай, шетелден көшіп келген қандасымыз көпбалалы отбасы Ержан Бақыттың шаңырағындағы жағ­дайды қысқаша баяндай кетейік. Ержан Бақыт – 1992 жылы 3 жасында Моңғолия елінен тарихи Отаны Қа­зақ­станға көшіп келген. Қазақ елінде білім алып, отбасын құрап, тәуелсіз елдің аза­маты атанды. 2011 жылы Алма Алда­нышқызымен үйленіп, отау көтерген. Қазір Ержан мен Алманың Ақмарал, Ақбота, Айару есімді сүйкімді үш қызы бар. Үш қыздан кейін биыл өмірге бұл шаңыраққа үшем дүниеге келді. Үшемдер биыл 28 шілдеде дүниеге келген. Есімдері Айтуған, Күнтуған және Нұртуған. Ержан мен Алманың шаңырағы шаттыққа бөледі. Әрине, бұл бір отбасының ғана же­ке қуанышымы болғанымен, сирек кездесетін оқиға. Сонау Моңғолия елінен көшіп келген қандасымыз бұл күнде алты баласын арқалап пәтерден пәтер жағалап жүр­генін де жасырмады. Олар ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіру үшін бір баспана болса деген тілегін де айтты. Қандастардың ендігі үкілі үміті Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде екенін айтады.