17 Қыркүйек, 14:26 400 0 Праймериз Анар ЛЕПЕСОВА

Праймериз: пікірталас тартысты өтуде

14 қыркүйекте «Nur Otan» партиясы партияішілік сайлауы – праймеризге қатысушы кандидаттардың жария пікірсайысы басталды. Еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан дебаттар барысында үміткерлер өз өңірлеріндегі өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын ұсынуда.

Ақтөбелік праймеризге қатысушы­лар­дың арасында білім саласындағы қор­даланған мәселелерді шешуге, экологияны жақсартуға өз ұсынысын айт­қан­дар болды. Сондай-ақ жол сапасын жақ­сартуға жаңа технологияларды пай­далану, аулаларды абаттандыру мақ­са­тында елімізде жоқ тәжірибелерді ұсын­ды.

«Праймеризге Ақтөбе облысынан тір­келген 486 кандидат 7 қыркүйектен бас­тап партияластарымен бетпе-бет және онлайн әдісімен кездесулер өткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. 14 қыр­күйектен бастап жария пікір­сайыс­тарға қатысып жатыр. Олар өңіріміздің өзекті мәселелерін ашық көтеріп, нақты шешімдер ұсынуы тиіс. Осындай түрлі ой-пікірлердің тоғысынан келелі ой, ке­мел идеялар туындайды», – дейді пар­тия­ның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов.

Павлодар облысында праймеризге қа­тысушы 612 үміткер 89 топқа бөлінген. Алғашқы топтың жария пікірсайысы «Колос» мәдени ойын-сауық орталығын­да өтті. Үміткерлер өздерінің сайлауалды бағ­дарламаларын ортаға салып, жиылған қауымды толғандыратын сұрақтарға жауап берді.

– Пікірсайыс үш кезең бойынша өту­де: алғашында кандидаттар өз мақсат­тары­мен бөліседі, әрі қарай бір-бірінің сұрақ­тарына жауап береді де соңында залға жиналғандардың сауалдарына жауап іздейді. Пікір алмасу барлық сани­тар­лық ережелерді ескере отырып өт­кізілуде, – деп атап өтті партияның Пав­лодар облыстық филиалы төраға­сының бірінші орынбасары Илья Теренченко.

Пікірсайысқа қатысушылар аймақ­тағы шешімін күткен өзекті мәселелерді кө­терді. Үміткерлер облыс тұрғындары­ның әл-ауқатын арттыру, аймақ эко­номи­касын дамытуға қатысты бірқатар ұсы­ныс айтты. Атап айтқанда, жас отба­сы­лардың баспана сатып алуына несие мөл­шерлемесін төмендету және мүм­кіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін қол­дауды арттыру жөнінде ой өрбітті.

Ал Ақмола облысы Бурабай ауданына қа­расты Веденовка ауылының мәдениет үйінде өткен пікірсайыста праймеризге қатысушылар елді мекендердегі түйткіл­дерді шешу бойынша өз жоспарларымен бөлісті.

Бурабайлықтар үшін ауыл шаруа­шы­лығын және туризм саласын дамыту мәселесі күн тәртібінде тұр. Сондай-ақ «Дип­ломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту және Щучье қаласын абаттан­дыру, қала ішіндегі жолдарды күрделі жөн­деуден өткізу де шешімін күткен мә­селелер.  Ал Кенесары ханның есімін ием­денген Кенесары ауылдық округі облыс орталығы Көкшетаудың дәл іргесінде орналасқанымен, ауыл ішіндегі жолдардың жағдайы көңіл көншітпейді. Зейнеткерлер пошта қызметінің сапасына жиі шағымданады. Сондай-ақ тұрғын­дар үшін мал жайылымы жоқтың қасы. Осы және өзге де мәселелер праймеризге қатысушылардың сайлауалды бағдарла­ма­сында көрініс тапқан. Пікірсайыс барысында үміткерлер өз бағдарламаларын­да айтылған шараларды қалай жүзеге асыратындарын түсіндірді.

Шығыс Қазақстан облысында да кан­дидаттар қызу пікірсайысқа түсіп, өңір тұрғындарын мазалайтын сұрақтарды белсене талқылауда. Алтай ауданының үміт­керлері Бұқтырма су қоймасы жаға­лауындағы туристік инфрақұрылымды жақсарту қажетін, сондай-ақ Жаңа Бұқ­тырма кентіндегі қазақ мектебінің ғи­мараты заман талабына сай емес екенін сөз етті. Шемонаиха ауданының кандидаттары «Дипломмен ауылға» бағдар­ла­масы аясында жас мамандарды ауылдық жерлерге тартуды және шаңғы спортын дамыту үшін жаттықтырушыларға қо­сым­ша жұмыс орнын ашу мәселесін кө­терді.

Солтүстік Қазақстан облысында прай­меризге қатысушылар биліктің ха­лықпен кері байланыс орнату, жолдарды жөндеу, азаматтардың азық-түлік себетін жақсарту, бизнесті, денсаулық сақтау, білім беру салаларын дамыту мәселелерін талқылады.

Білім беру жүйесін дамыту, кәсіпкер­лерді қолдау мәселелері Батыс Қазақстан облысында өткен пікірсайыстар кезінде де жиі көтерілді. Бұдан бөлек, Оралда өт­­кен алғашқы дебатта кандидаттар көп­балалы отбасыларға берілетін жеңіл­діктерді арттыру, мүмкіндігі шектеулі аза­маттарды қолдау, жұмысшы маманды­ғы­ның беделін көтеру жөніндегі ұсы­ныс­тарын ортаға салды.

Жария пікірсайыстар 30 қыркүйекке дейін жексенбіден басқа күндері күн сайын өткізіледі. Ел тұрғындары дебат­тар­ды әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы тамашалап, праймериз кандидаттарына сұрақ қоя алады. Сондай-ақ қа­зақстандықтар партия филиалдары­ның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында өздерін мазалаған мәселелер жайлы жазып қалдыра алады. Бұл праймериз үміткерлеріне жергілікті жағдайды жақсарту бойынша дайын ұсыныстармен пікірталасқа қатысуға мүмкіндік береді. Халықпен кері байланыс сайлау алдын­дағы бағдарламаларды пысықтау үшін мүмкіндіктерді кеңейтетіні және бірлесіп оңтайлы шешімдерді табуға көмек­тесетіні сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар