Жаңалықтар

Шейх сарайлары мен әйгілі қонақүйлердің дизайнын әзірлеген қазақ қызы

ашық дереккөзі

Шейх сарайлары мен әйгілі қонақүйлердің дизайнын әзірлеген қазақ қызы

Күн көзіне шағылыса жарқыраған ғажап ғи­марат­тар мен зәулім сарайларды көргенде, мұның сыртқы келбетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған архи­тек­тордың қызметіне тамсанамыз. Ал мұның ішін әрлеп, қыздың жиған жүгіндей етіп сәндеп жүрген интерьер дизайнерінің еңбегін кей тұста байқамай жатамыз. Ғи­мараттың ішкі кеңістігін көркейтуді көздейтін бұл маман иесіне шетелде қажеттілік жоғары екені белгілі. Бүгінде Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Дабиде интерьер дизайнері болып қызмет ететін қанда­сымыз Құралай Жансейітова аталған елдегі он бес шақты ірі жоба, соның ішінде әлемге белгілі бес жұл­дызды қонақүйлердің дизайнын жасаған. Бұдан бөлек, шейхтың жеке компаниясында бас дизайнер қызметін атқарған ол жеке сарайлар мен үлкен қорғандардың жобасын әзірлеген. Шетелде сұранысы көп маман бол­ғанымен, Қазақстанда әзірге таныла қоймаған Құралайға арнайы хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Сұхбаттасуға келісу үшін ха­­барлас­қаным­да «Мені Қазақ­стан­да ешкім танымайды ғой» деп айтып қалдыңыз. Осы орайда, оқырман қауым­ға өзіңізді кеңі­нен таныстыра отыр­саңыз. – Иә, елде расымен мені онша көп танымайды (күліп). Өзім туралы ай­тар болсам, 1986 жылы Түркістан қа­ласында дүниеге келдім. Мұнда бір­­неше жыл тұрғаннан кейін, от­ба­сы­­мызбен Шымкент қаласына көш­тік. Шымкентте 9-сыныпқа дейін оқып, сосын Алматыдағы әл-Фа­раби атын­дағы ҚазҰУ-дың коллед­жіне, Шы­ғыстану факультетіне оқуға түс­тім. Алайда бұл оқуым­ды аяқта­ға­ным жоқ, себебі мұнда оқып жүр­ге­нім­де ха­лықаралық жо­баға қатысып, нә­ти­же­сінде Америкада оқу мүм­кіндігін ие­лен­дім. Сөйтіп, әлгі бағ­дар­лама шең­бе­рінде АҚШ-тың Огайо шта­тын­дағы жергілікті мектепке ауысып, мұнда он екі жыл­дықты бітіріп жат­қан аме­ри­калық оқушылармен бір­ге оқып, жалпы білімі бар аттестат алып шықтым. Бағдар­лама ережесіне сәй­кес, мұн­да үш баласы бар аме­ри­­ка­лық отбасының үйін­де тұрдым. Олар­дың ме­ні ерекше қабылда­ғаны сон­шалық, туған бала­сын­дай көріп, ба­рын алдыма тосып, ай­рық­ша жа­қын тартты. Олармен бір жыл­дың ішін­де он төрт штатты аралап, көк­жие­гімді кеңейтіп, ұмы­тыл­мас әсер алдым. Со­сын мен оқыған мектептегі аме­ри­калық мұғалімдер де маған жы­лы қа­бақ танытты, әсі­ресе сурет пә­нінен сабақ бе­ре­­тін апайым бей­нелеу өне­ріне икемімді бай­қап, небір жо­баларға қа­тыс­тыратын. Сөй­тіп, сол кі­сінің ықпалы­мен бір жыл­дың ішін­де он бес жобаға қаты­сып, шы­ғармашылықпен айналысуға деген құлшынысым арта түсті. – Мектепті Америкада бітір­ге­ніңізбен, бакалавр бөлімін Қы­тай елінде оқыпсыз. Америкада қал­ғыңыз келмеді ме, әлде оқуға түсуде қиындықтар болды ма? – Жоқ, еш қиындық болған жоқ. Не­гізі, мектеп бітірген бойда Аме­ри­кадағы Калифорния университетінің архитектура факультетіне оқуға түс­кенмін, десек те, ата-анаммен ақыл­­даса келе, білімімді елге жақын жер­де жалғастыру мақсатында Қа­зақстанға қайтуды ұйғардым. Оның үстіне, үйдегі жалғыз қыз болған соң, ата-анам да мені уайымдап жүрді. Өзім де ол кісілерден алыстап кетсем, қиналып қаламын-ау деп ой­ладым. Сөйтіп, елге келген соң, жоғары білім алу үшін Қытай астанасы Бей­жіңге барып оқимын деп шештім. Мұн­да алдымен екі жыл бойы қытай тілі бойынша курс оқып, сосын дү­­­ние­жүзі бойынша белді уни­вер­си­теттердің бірі саналатын австра­лия­лық Raffles Design Institute-тің Бей­жіңдегі филиалында үш жыл білім ал­дым. Неге үш жыл де­сеңіз, біз мұн­­­да бес жы­л­дық бағ­дар­ла­ма­ны ин­тенсивті түр­де үш жылда оқып шық­тық. Мұн­да­ғы оқуым оңай болды деп айта алмаймын, дегенмен мұ­­­ның маған бе­рері мол, пай­­дасы көп тиді. Қы­тай­да жүр­генде де өз-өзім­ді жетілдіру үшін Иран­да, Дубайда және еуро­па­лық қа­ла­­ларда өт­­кен жо­ба­­­­ларға қа­ты­сып жүр­­дім. Бұ­дан бө­лек, Бей­жің­дегі Robarts Spa­ces ком­паниясында интерьер бойынша кіші дизайнер қызметін атқарып жүріп, кеңсе, қонақүйге ұқсас аурухана, пен­тхаус, пәтер дизайнын жасауға атсалыстым. Сөйтіп, Қытайда түрлі жо­баларды іске асырамын деп жүріп, сегіз жылдың зуылдап өте шыққанын сезбей де қалыппын. – Сегіз жылдық жұмыс тәжі­ри­беңізді жинақтаған соң, Біріккен Араб Әмірлігіне жұмысқа ауы­сыпсыз. Архитектурасы көз­дің жауын алатын араб еліне не­­ліктен тұрақтағаныңыз түсі­нік­ті жайт. Десек те, үйреншікті Қы­тай ортасынан Дубайға қыз­мет ауыстыру оңай болмаған шы­ғар? – Негізі, Қытайда жағдайым да, жұ­мысым да жақсы болатын. Тек бір ел­де осыншама уақыт жұмыс істегеннен кейін, орын ауыстырғым келді. Оның үстіне, өзге елдің жобасын іліп әке­те алатынымды жақсы түсіндім. Сөй­тіп, шетелдік ірі компанияларға пор­тфолиомді әзірлеп, түйіндемемді жі­бердім. Нәтижесінде Сингапур, То­кио және Дубайдағы компаниялардан шақырту келді. Өзім бұрыннан Ду­байдың архитектурасына қатты қызығатындықтан, бірден сол қа­ланы таңдадым. Құмның үстіне со­ғылып, жоқтан барды құраған, ша­ғыл жерді көркейтіп, көз қыз­ық­тыратын ғимараттарымен танымал Дубайда жұмыс істеудің қызығу­шы­лығы мен ерекшелігі көп. Бұл – мұ­сылман елі, не жедім, қайда баруым керек деп алаңдамайсың. Бұдан бө­лек, орналасуы бойынша Қазақ­стан­ға жақын, ата-анамды сағынсам екі жарым сағатта ұшып бара аламын. Дубайға келгенде әлгі шақырту бойын­ша америкалық HBA (Hirsch Dender Assosiates) компаниясында жұмыс істедім. Аталған компания­ның атынан Еуропа және Америка елдеріне барып, сонымен қатар Иордания және Сауд Арабиясы елдеріне қатысты жобалардың дизайнын құрастырдым. Қазір есептеп отырсам, Эмиратта жалпы саны он бес жобаның дизайнын жасаппын. Соның ішінде әлемдегі ең биік ғимарат Бурж Халифаның қасында орналасқан Address Boulevard қо­нақүйі мен жаңадан ашылған Bluewaters аралында салынған әйгілі Ceaser қонақүйін ерекше атап өтер едім. Әр дизайнердің жүрегінен ерек­ше орын алатын жобасы болады. Бұл екі қонақүйдің дизайнын сызған күннен бастап, әр кірпіші қаланғанға дейін қобалжып, тіпті жиһаздарын таңдағанға дейін уайымдап жүрдім. Сол себепті, «Мынау мен сызған дизайн бойынша салынған ғимарат» деп осы екеуін ерекше мақтанышпен айта аламын.