17 Қыркүйек, 13:44 541 0 Білім Анар ЛЕПЕСОВА

Онлайн оқытудың машақаты: Сенатор Премьер-министрге депутаттық сауал жолдады

Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед қашықтан оқыту кезінде туындаған мәселелерге қатысты Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. 

Өз сауалында депутат қашықтан оқытуға қатысты өзекті мәселелерді көтерген. Сенатор отандық онлайн білім беру платформаларына ортақ кемшілік ретінде олардың жұмыс істеу жылдамдығының төмендігін айтты.

Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, интернет-трафиктің дәл сондай көлемімен шетелдік онлайн ресурстар мен қосымшалар анағұрлым тез жұмыс істейді. Осыған орай депутат жаңа онлайн білім платформасын әзірлеген кезде осы мәселенің ескерілгені орынды екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, сауалда қашықтан оқыту барысында, әсіресе, шетелдік қосымшаларды пайдаланған кезде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жат бейнежазбалардың тарап кетпеуінің алдын алу, кезекші сыныптарды ұйымдастыру және білім алу үдерісіне мәжбүрлі түрде қатыса алмай отырған аз қамтылған отбасылар балаларының санына талдау жүргізу жұмыстарына баса мән берілген.

«Онлайн білім беру платформасын құруға мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы айқындалды ма? Процесті жылдамдатуға техникалық мүмкіндіктер бар ма? Бұл жұмысқа бюджеттен қосымша шығындар қарастырылған ба? Қашықтан оқыту аясында азаматтардың тегін орта білім алуы үшін конституциялық кепілдіктер қамтамасыз етілген бе?», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ирина Смирнова қашықтан оқыту форматының тиімділігіне күдік келтіріп, премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдаған еді.

Депутаттың айтуынша, бұрын санитарлық нормаларды сақтау оңай болған жоқ. Себебі заман басқа, елдің жағдайы да басқаша еді. Ал қазіргі кезде қауіпсіздікті барынша қамтамасыз етуге болады. Оған барлық мүмкіндік бар. Соған қарамастан, мектептер мен жоғары оқу орындары көбінесе қашықтан жұмыс істейді. Осының салдарынан білімнің сапасы төмендеді.

Ал ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың сөзінше,  қашықтан оқыту – балалар мен ұстаздардың денсаулығын сақтау мақсатында қабылданған шешім. Үкімет басшысының орынбасары еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың оңалғанын алға тартып, індетпен күресте қабылданған шешімдердің ақталғанын айтты.

Соңғы жаңалықтар