Жаңалықтар

БҰҰ бас хатшысы әлем елдерін вакцина жайлы жалған ақпараттармен күресуге шақырды

ашық дереккөзі

БҰҰ бас хатшысы әлем елдерін вакцина жайлы жалған ақпараттармен күресуге шақырды

БҰҰ-ның 75-сессиясы шеңберінде бұқаралық ақпарат құралдарымен кездескен ұйымның бас хатшысы Антониу Гутерриш коронавирустың бақылаудан шығып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды РИА Новости. "COVID-19 пандемиясы – бұл біздің өміріміздегі ешбір дағдарысқа ұқсамайтын дағдарыс. Сондықтан бас Ассамблеяның биылғы сессиясы да басқа сессияларға ұқсамайтын болады", – деді бас хатшы. Гутерриш адамзат баласы мұндай дағдарыспен алғаш рет бетпе-бет келіп отырғанын тілге тиек етіп, індетпен бірлесіп күресуге шақырды. Әлемде коронавирустан қайтыс болғандардың саны 1 миллионға тақап қалғанын және дерттің емін іздестіруді жалғастыру қажеттігін жеткізді. Десе де, вакцина дайын болған күннің өзінде ол дағдарысты реттей алмауы мүмкін. Өйткені халық арасында вакцинаға деген сенімсіздік бар дейді бас хатшы. Ол әлем елдерін екпе туралы жалған ақпараттың таралуын тоқтатуға шақырды. "Вакцинаға бүкіләлемдік игілік деп қарау керек. Өйткені COVID-19 эпидемиясында шекара жоқ. Бәріміз үшін қолжетімді вакцина керек", – деді Гутерриш. Еске сала кетейік, ДДСҰ тағы бір қазақстандық вакцинаны тіркеді. Ұйымның вакциналық үміткерлер тізіміне наноэмульсивті майлы адъювант негізіндегі SARS-CoV-2 (COVID-19) екпесін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚазҰАУ халықаралық вакцинология орталығы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің М.Айқымбаев атындағы ұлттық аса қауіпті инфекциялар ғылыми орталығы бірлесе жасаған. Қазір ол клиникаға дейінгі зерттеуден өтіп жатыр.