Елімізде кибер-шабуылдан қорғануға мүмкіндік беретін алаң құрылды

Елімізде кибер-шабуылдан қорғануға мүмкіндік беретін алаң құрылды

Елімізде кибер-шабуылдан қорғануға мүмкіндік беретін алаң құрылды
ашық дереккөзі
OnlineMektep білім беру платформасы мен ZOOM жүйесінің интеграциясы жасырын кибер-бұзақылардың шабуылдарынан қорғануға және портал қолданушыларының танымал халықаралық видео-конференция қызметін тегін пайдалануына мүмкіндік береді. Бұл туралы карантин жағдайында еліміздегі мектептерде қашықтан оқытуды ұйымдастыру мәселелері жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында айтылды. Бәрімізге белгілі, көктемде COVID-19 пандемиясының таралуына байланысты қазақстандық мектептер жаппай қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Мұғалімдер мен оқушылар оқу жылының IV тоқсанын қашықтан оқып, көпшілігі жаңа оқу жылын да осы форматта жалғастырып жатыр. Бірақ еріксіз міндеттелген қашықтан оқыту форматы туралы негізсіз пікірлер қалыптасып, түрлі қиындықтар туындады. Қашықтан оқыту жүйесінің жұмысы қалай жүреді және оны кімдер ұйымдастырады? Контент пен оқыту әдістемесінің қандай түрлері қолданылады? Кибер-бұзақылардың шабуылдарынан қорғанудың жолдары қандай? Қашықтан оқытуды ұйымдастыру және оның әдістемелік әрі техникалық ерекшеліктері төңірегінде осы және өзге де сұрақтарға қазақстандық педагогтар мен оқушылар арасында кең қолданысқа ие OnlineMektep.org білім беру платформасының мамандары жауап берді. Брифингке түрлі платформа мен жаңа технологиялық құралдарды белсенді пайдаланып жүрген елорда мен өзге аймақтардағы мектеп мұғалімдері қатысты. Баспасөз жиынына қатысушылар OnlineMektep.org платформасында әр сыныпқа жеке сабақ кестесін құру, арнайы дайындалған контент көмегімен оқытудың тиімді жолдарын ұйымдастыру, бейне-сабақтар өткізу, оған қоса, үй тапсырмасын беру және оны тексеру, мұғалім мен оқушы байланысын қамтамасыз етуге қатысты ақпарат беріп, портал жұмысымен таныстырды. Жиын барысында жоба мамандары OnlineMektep порталы мен әлемде видео-конференция қызметін ұйымдастыру бойынша өте танымал ZOOM платформасының интеграциясы жасалып жатқанын мәлімдеді. Мұндай интеграция қазақстандық мұғалімдер мен оқушылардың ZOOM мүмкіндіктерін тегін пайдаланып, сондай-ақ, кибер-бұзақылардың шабуылдарынан сақтануын қамтамасыз етеді. Бұл әлеуметтік жоба болғандықтан мамандар платформа қызметіне (жұмысына) қызығушылық танытқан әр адамның сұрағына жауап беріп, пікірін тыңдауға дайын екендерін жеткізді.