Қымыз - туристерді тартудың табыс көзі
Қымыз - туристерді тартудың табыс көзі
Сапалы қымыз туристерді тартудың табысты көзіне айналды. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданындағы Дәуітхановтар отбасы 12 жыл бойы осы кәсіппен айналысып келеді. Бүгінде олар сауып отырған қымызды өңір-өңірден іздеп келіп ішетіндер жетерлік. Ал тапсырыс беретіндер тіптен көп. Сондықтан шаруақор жанұя мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдетілген несие алып, сауын мал басын көбейтіпті. Қазір кәсіптері өрге басып, сатып отырған сусындары нағыз брендке айналған. Отанасы Арайлым Жельменованың күнделікті кәсібі осы. Пісіп отырған қымызының тіл үйірердей дәмді болуы үшін бүкіл жанын салады. Ол еңбегі еш кетіп те жатқан жоқ. Бүгінде отағасы Қайнар екеуін бүкіл аудан таниды. Тіпті «Қайнар, қымыз керек» деп ат арылтып іздеп келетіндерді көргенде төбелері көкке жеткендей болады.
«Қарағай, балқарағай арасында, әртүрлі шөп өсетін жерде қымыз дәмі өте ерекше. 12 жыл болды сауып отырғанымызға. Қымызымыз атақты. «Қайнар қымызы» деп іздеп алады. Сапасын төмендетпеу үшін сауын биелер таудағы қалған биелермен алмастырылып тұрады», дейді ферма жетекшісі Арайлым Желменова.
Арайлым тіпті дәстүрлі сусынды қысқа сақтаудың да әдісін мықты меңгерген. Сондықтан бұл шаңырақта қысы-жазы қымыз үзілмейді. Осыған сай туристер де жиі ат басын бұрады. «Дәмін татып жүрміз талай жердің қымызын, бірақ біздің Алтайдың бөктерінде жүрген биенің қымызы ерекше»», - деді турист Талғат Әлиханов. Бастапқыда бес бас биемен іс бастаған фермада қазір 100 бас жылқы бар. «Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібіміз жыл сайын қарқындап келеді», - дейді шаруа. Айта кету керек, өткен жылы Қатонқарағай ауданындағы қымыз шаруашылығын қолдау үшін 72 млн теңге бөлінген екен.