Индустрияландыру картасы: Жыл басынан бері 28 жоба пайдалануға берілді
Индустрияландыру картасы: Жыл басынан бері 28 жоба пайдалануға берілді
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов үкімет отырысында индустрияландыру картасы аясында атқарылып жатқан іс шараларға қатысты мәлімдеме жасады.
Ол министрлік өңірлермен бірлесіп, өнеркәсіптің түрлі секторларын қамтитын индустрияландыру картасын жасағанын тілге тиек етіп, құжатта әр облыстың ерекшелігі мен артықшылығы назарға алынғанын айтты.
«Биыл өңірлерде жалпы құны 995 млрд теңгені құрайтын 206 жоба жүзеге асырылады. 18 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Салалар бойынша алсақ, ең көп жаңа өндіріс агроөнеркәсіп кешені мен тамақ өнеркәсібінде – 76 жоба. Құрылыс материалдары мен машина жасау саласында – 38 және 19 жобадан», – деді Бейбіт Атамқұлов.
Министрдің айтуынша, 2020 жылдың 8 айында құны 204 млрд теңгені құрайтын 28 жоба пайдалануға беріліп, 4300 жұмыс орны ашылды.
«Үшінші тоқсанда құны 97 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жобалардың негізгі бөлігі биыл төртінші тоқсанда іске қосылады. Іске қосылатын жобалардың инвестиция көлемі бойынша Қарағанды, Ақтөбе және Алматы облыстары алдыңғы қатарда тұр», – деді Бейбіт Атамқұлов.