Отандық фармацевтика өнеркәсібінің өндіріс көлемі 2 есе артады
Отандық фармацевтика өнеркәсібінің өндіріс көлемі 2 есе артады
Елімізде фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 34,1 пайызға өсті. Бүгінде отандық фармацевтикалық кәсіпорындар дәрілік заттардың 922 түрлі өнімін шығарады.
Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді.
«Пандемия басталғаннан бері жеке қорғаныс құралдарын шығару көлемі 10 жаңа жобаны іске қосу есебінен 10 есе артты. Осылайша, бүгінгі таңда отандық кәсіпорындар қайта пайдаланылатын қорғаныш костюмдерімен және медициналық қолғаптармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ медициналық бетперделер ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуде», - деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, 2020-2025 жылдарға арналған фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында фармацевтика саласының өндіріс көлемін 2 есеге арттыру көзделіп отыр.
«Дәрі-дәрмектердің экспорт көлемі 2 есеге артады немесе 116 млн АҚШ долларына дейін жеткізіледі. 1000 жаңа жұмыс орнын қамтитын 80 жаңа дәрі-дәрмек түрлерін өндіруді қарастыратын, жалпы сомасы 100 млн АҚШ долларын құрайтын кемінде 10 жаңа өндіріс іске қосылады. Медициналық бетперделерді шығаратын кәсіпорындардың қуаты тәулігіне 1 миллионнан 2 миллион данаға дейін жеткізіледі. 2021 жылдың 1-тоқсанына қарай қорғаныс костюмдерін өндіру қуаты 500 мыңнан 1 миллион данаға дейін арттырылады», - деді Бейбіт Атамқұлов.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі отандық машина жасау саласының нәтижелерін жариялады.