Қазақстанда жыл басынан бері 45 мыңға жуық автомобиль шығарылды
Қазақстанда жыл басынан бері 45 мыңға жуық автомобиль шығарылды
Биылғы 8 айда машина жасау саласының өндіріс көлемі 16,3 пайызға өсті.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрияландыру картасы мәселелері бойынша баяндаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл Қарағанды облысында «Linde Gas» ЖШС-ның техникалық газ өндіру бойынша Орталық Азиядағы ең ірі жобасы іске қосылды. Бұдан басқа, 80 пайыз өнімі экспортқа бағытталған ферроқорытпа зауытының 3 пешін іске қосу, сондай-ақ құю өндірісін жаңғырту және байыту фабрикасын салу жоспарланып отыр. Саран моноқаласында автобустың және арнайы техниканың жаңа түрлерін шығару жобасын іске қосу жоспарлануда. Биыл 30 шілдеде Саран қаласында «Аллюр» компаниялар тобы» мен «Татнефть» компаниясы арасында шина шығаратын зауыт салу туралы келісімге қол қойылғанын атап өткім келеді», - деді ол.
Министрдің айтуынша, осы жобаны іске асыру отандық нарықтың қазіргі заманғы шина өніміне қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ автомобиль өндірісін оқшаулауды ұлғайтады. Жаңа өндірістерді іске қосу қала дамуына жаңа серпін береді.
«Нәтижесінде тарихи тау-кен металлургиялы Қарағанды облысы инженерлік-техникалық әлеуетімен бүгінгі таңда еліміздің өңдеу өнеркәсібінің көшбасшысы болып отыр», - деді Бейбіт Атамқұлов.
Оның айтуынша, өнеркәсіп салаларының ішінде машина жасау саласы жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Өндіріс көлемі биылғы 8 айда 16,3 пайызға өсті. Автомобиль жасау секторы 51,8 пайыздық өсіммен саланың драйвері болып қала береді. 45 мыңға жуық автомобиль шығарылды.
«Алматы қаласында жылына 45 мың бірлік қуаты бар «Hyundai» маркалы («Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС) жеңіл автомобильдер шығаратын зауытты іске қосу отандық автомобиль жасау нарығының қуатын екі есе арттырады. Бұл жобаны іске асыру бізге шанағын қалыптау және бояу арқылы автомобильдерді ұсақ түйіндік құрастыруға көшуді қамтамасыз етеді. Биылдан бастап отандық автоөнеркәсіп және металлургиялық компания арасында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында өндірілетін автомобиль дискілерін қолдану бойынша кооперация басталды. Бұл автоөнеркәсіпті оқшаулауды ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді ол.