Сафар Шәкеевпен қоштасу рәсімі өтті

Сафар Шәкеевпен қоштасу рәсімі өтті

Сафар Шәкеевпен қоштасу рәсімі өтті
ашық дереккөзі
Бүгін Алматы халқы танымал композитор Еркеш Шәкеевтің ұлы Сафар Шәкеевпен қоштасты. 16 шілде күні жоғалып, 28 шілде күні «Есентай» өзенінен табылған Сафар Шәкеевтің денесі бүгін жер қойнына табысталды. «Қазақконцерт» залында өткен қаралы жиынға белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, өнер жұлдыздары, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, сондай-ақ Сафар Шәкеевтің достары мен әріптестері, оны іздеу шараларына қатысқан еріктілер мен қала тұрғындары келіп, марқұмның отбасы мен туған туыстарына қайғырып көңіл айтты. «Сафар өмірді шексіз сүйтін менің аяулы да мейірімді досым еді. Біз мейірімді, аяулы досымыздан айрылып отырмыз. Ол өмірді, ата-анасын, туған-туыстарын, достарын керемет жақсы көрді. Ол режиссер болатын. Киноиндустрия саласында алдына қойған жоспарлары көп еді. Біз Сафарды мәңгі есте сақтау үшін енді бірқатар шараларды жүзеге асырамыз. Біз 11 күн бойы еріктілер қатарында болып, іздеу шараларына қатыстық. Үмітіміз зор еді. Амал қанша, өкініштен өзегіміз өртенеді. Сафардың асыл бейнесі жадымызда мәңгіге сақталады», – деді Сафардың досы Рүстем Төреғалиев. Ал досы Ғабит: «Сафармен дос болу бақыты бұйырыпты. Бірге көп нәрсені бастан кешірдік. Ол өте әділ адам болатын. Нағыз ер азаматқа тән қасиеттерге ие еді. Өз ісін қатты жақсы көретін. Экология туралы роликтер түсіре бастағаннан кейін қаланың тазалығы үшін күресті. Бүгін біз адал дос, қамқор аға, нағыз ер азаматпен қоштасып жатырмыз. Ол мәңгі біздің жүрегімізде», – деді. «Сафар 25 жасқа толар шағында өмірден өтті. Оны 4 жасынан білетінмін. Көз алдымда өсті, өте ақылды, тәрбиелі бала болатын. Қош бол, Сафар, қош бол», – деді Шәкеевтер отбасының досы Марғұлан Сейсенбаев. Ал марқұмның әкесі, композитор Еркеш Шәкеев ұлын іздеуге көмектескен, полицейлер, еріктілер ҰҚК-нің қызметкерлеріне, достарына, көмек қолын созған барлық жандарға алғысын білдірді. «Өмірдегі ең жаманы – туған балаңнан айырылу. Осы қайғы мені айналып өтеді деп ойлайтын едім. Келгендеріңізге көп рақмет. Бұл біз үшін өте маңызды. Сафар – ерекше жігіт. Оның үлкен армандары болды. Өзінің жасөспірім шағында жеткен жетістіктеріне қарамастан ол америкалық кино институтына түспек болды. Сафар кішкентай кезінде-ақ, каратэден әлем чемпионы болды. Жаңа-Орлеанда өткен Шварценегер жүлдесінде жеңімпаз атанды», – деген композитор қоштасуға келген адамдарға алығысын білдірді. Марқұм Сафар Шәкеев Кеңсай-2 зиратындағы Батырхан Шүкеновтің қасына жерленеді.