Қордайдағы «Қарақоңыз» су қоймасы жасыл түске боялды

Қордайдағы «Қарақоңыз» су қоймасы жасыл түске боялды

Қордайдағы «Қарақоңыз» су қоймасы жасыл түске боялды
ашық дереккөзі
Жамбыл облысының Қордай ауданында орналасқан Қарақоңыз су қоймасы жасыл түске боялды. Тамыз айының басында су айдынының түсі аяқ астынан жап-жасыл болып кеткен. Масаншы ауылының тұрғындары судың ерекше түсіне таңғалып, оның суреті мен видеосын әлеуметтік желіде жариялады. Ауыл халқының айтуынша, олар мұндай жағдайды бірінші рет көріп отыр. Олар қауіпсіздік үшін балаларын айдынның маңына жолатпай, суға шомылуына тыйым салған. «Қазсушар» РМК мамандары ауыл тұрғындарымен бірге Қарақоңыз суынан сынама алып, Қордайдағы санитарлық-эпидемиологиялық стансаның зертханасына жолдаған. Алайда бұл зертханада тек ішетін суға зерттеу жүргізіледі екен, ал мына ағын суды облыс орталығында ғана сараптамадан өткізуге мүмкіндік бар. 4 тамызда Қарақоңыз су қоймасына Жамбыл облысының экология департаментінен үш маман келіп, жағалау бойын тексерді, бірнеше нүктеден сынама алды. «Таяуда сол зерттеудің қорытындысы шықты, – дейді Қордай ауданы әкімінің орынбасары Мырзағали Күзербаев: «Қорқатындай ештеңе жоқ, барлық көрсеткіштер өз қалпында. Тек кей компоненттер бойынша концентрацияның тиісті мөлшері жоғарылағаны белгілі болды. Бірақ судың жасыл түске боялуына ол емес, табиғи құбылыс себеп болған. Яғни, судағы балдырлар фотосинтез процесінде судың түсін өзгертіп жіберген». Мырзағали Күзербаевтың айтуынша, экология департаментінің мамандары су қоймасын бірнеше күн бойы бақылаған. Бүгінде судың беті қайтадан өзінің үйреншікті түсіне боялған. «Алаңдаудың қажеті жоқ. Көлдің флорасы мен фаунасы зардап шеккен жоқ», – дейді ол. Айта кетейік, «Қарақоңыз» – Жамбыл облысындағы ең ірі су айдындарының бірі. Оның суы егін алқаптарын суаруға пайдаланылады.