ШҚО-дағы экологиялық проблемаларды шешудің жол картасы жобасы жасалды

ШҚО-дағы экологиялық проблемаларды шешудің жол картасы жобасы жасалды

ШҚО-дағы экологиялық проблемаларды шешудің жол картасы жобасы жасалды
ашық дереккөзі
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына өңірдегі экологиялық проблемаларды шешудің жол картасы жобасын таныстырды. Ведомствоның Telegram каналындағы ақпаратқа сәйкес, жол картасы аясында алдағы жылдары Риддер металлургиялық кешенінде атмосфералық сілтісіздендіру цехын салу, өндіріс орындарынан ауаға шыққан қалдыққа мониторинг жасаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу, жеке секторды орталық жылумен жабдықтау жүйесіне қосу, облыс қалаларында ластаушы заттарға сараптама жасайтын заманауи зертханалар салу, ағаш отырғызу көлемін арттыру секілді 30-ға жуық іс-шара жоспарланған.
«Жергілікті халық қоршаған ортаның жағдайына байланысты істеліп жатқан жұмыстар туралы білуі тиіс. Сондықтан Жол картасын бірлесіп дайындауға шақырамын, біз барлық ұсыныстарды тыңдап, ескеруге дайынбыз. Жол картасы мазмұнды, жүзеге асатындай, бірақ амбициозды болуы керек. Өңірде проблемалар ондаған жылдар бойы жиналып қалғанын білесіздер. Сондықтан олар бірден шешіле қоймайды. Дегенмен өндірістік өңірдегі қоршаған ортаның жағдайын жақсарту үшін бар күшті салуымыз қажет», – деді Мағзұм Мырзағалиев облыс жұртшылығымен өткен Zoom-конференцияда.
Жол картасы ұсыныстар қабылданғаннан кейін қоғам өкілдеріне қайта таныстырылады. Онлайн-кездесуде эко-белсенділер мен ғалымдар атмосфералық ауаның ластануы, оған қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы сұрақтар қойды. Пікірлерін ортаға салды. Экологиялық мониторинг посттарының санын көбейтуді сұрады. Министр Экологиялық кодексте нақты қадамдар көрсетілгенімен, өңірдегі қоршаған орта жағдайын реттеу бойынша жылдамырақ әрекет қажеттігін алға тартты.
«Еуропа «Ең озық қолжетімді технологиялар» арқылы экологиялық ахуалды жақсартуға 15 жыл жұмсағанын білеміз. Біз Экологиялық кодексте бұл мерзімді де ескердік. Бірақ жылдар бойы күтіп, қарап отыра алмаймыз. Барынша тезірек әрекет етуіміз керек. Халықпен, жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бас қосып отырғанымыз да сол», – деді ол.
Экология министрінің сөзінше, былтыр өндіріс орындарынан табиғатты ластағаны үшін жиналған эмиссия 90 млрд теңгедей болды. Оның 40 млрд-ы елдегі экологиялық жағдайды жақсарту шараларына бағытталған.