Қорғаныс министрлігі әскери ойындарға әзір

Қорғаныс министрлігі әскери ойындарға әзір

Қорғаныс министрлігі әскери ойындарға әзір
ашық дереккөзі
Таяуда ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов «Гвардейск» полигонына барды. Онда бірнеше күннен кейін Армия халықаралық ойындары-2016 шеңберінде үздік мергендер мен артиллерияшылар арасында халықаралық байқаулар басталады. «Артиллериялық оқ ату шеберлері» мен «Мерген шебі» байқауларының басталуына полигонда барлық қажетті инфрақұрылым дайындалып та қойылды. Артиллерияшылардың байқауын өткізу үшін «ирелеңі», мина-жарылғыш қоршауы, төмпешігі, сорап көпірі кедергілері бар ұзындығы 2 шақырымдық тас жолдар, мергендердің байқауына мерген винтовкасынан, тапаншадан оқ ату және гранаталар лақтыру үшін барлаушының соқпақ жолы мен шептерінің элементтері бар тас жол салынды. Қорғаныс министрі әскери техниканы сақтау және қызмет көрсету орындары бойынша алдыңғы көшпелі кеңесте берген тапсырмаларды жеке бақылады. Сондай-ақ, командалардың тұруы мен тамақтануы орындарын тағы бір мәрте қарап шықты. «Ең маңыздысы, ұйымдастыру жөніндегі жауапты адамдар ұйымдастыру бойынша ғана емес, сонымен бірге, бақылау мәселесінің маңыздылығын ұғынулары тиіс. Сондықтан, барлық командалардың қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтайтындай етіп, жұмысты ұйымдастыруларыңыз абзал», - деп Иманғали Тасмағамбетов ұйымдастыру штабының алдында атап өтті. Сапар барысында қорғаныс ведомствосының басшысы жақында ғана оқу-жаттықтыру барысында төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен анголалық команда әскери қызметшілерінің хал-жағдайын сұрастырды.  Госпитальда оларға барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі кезде зардап шеккендердің жағдайы қанағаттанарлық. Армия халықаралық ойындары-2016 Қазақстанда 2 тамыз күні басталатынын естеріңізге сала кетейік. Биылғы жылы алғаш рет біздің еліміз өз аумағында әлемнің әртүрлі елдері армиясының үздік өкілдерінен құралған ауқымды және теңдессіз сайыс қатысушыларын қабылдайды. Бір аптаға «Гвардейск» полигоны мергендер мен артиллерияшылардың ірі халықаралық жарысы алаңына айналмақ. Үздіктердің үздігі, 13 елдің, яғни, Қазақстан, Ангола, Армения, Беларусь, Венесуэла,  Зимбабве, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Ресей және ОАР-дың әскери қызметшілерінен құралған командалар ең кәсіпқой, мықты, мерген және төзімділер атағы үшін күш сынасады. Осы жылы халықаралық армия ойындары 23 аталым бойынша өтеді. Ресейлік команда барлық номинацияға қатысады. Қытай тарапы 22 ойында ұсынылған, ал Қазақстан 21 номинацияда бәсекеге түседі.