Ауыл кәсіпкерлерін дамыту - басты мәселе

Ауыл кәсіпкерлерін дамыту - басты мәселе

Ауыл кәсіпкерлерін дамыту - басты мәселе
ашық дереккөзі
Ауыл кәсіпкерлері бизнеске қатысты мәселелер мен жобаларды талқылауға белсене қатысуы тиіс. Бұл туралы Алматы облысы өңірлік Кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Жанатбек Сарғалдақов  Кәсіпкерлердің аудандық кеңесі ережелерін түсіндіру жайында Көксу ауданында өткен кездесуде әңгімеледі. Оның сөзіне қарағанда, аудандық кеңес мүшелері аудандық бизнестің  жаршысы болуы тиіс. «Кеңесті уақтылы құрып отырмыз. Ең басты мәселе – біз мұны кәсіпкерліктің игілігіне жаратуымыз керек. Кеңестің әр мүшесінің ойы сергек, еті тірі, ісі ширақ болуы тиіс және олар бизнес пен билік арасындағы дәнекер болуы керек. Оның құрамына  «ел адамы», «ауыл іскері» сияқты ел-жұрттың қамын ойлаған азаматтар кіреді. Иә, ауыл кәсіпкерлерінің көпшілігі таңның атысы, кештің батысы ен далада, егіс басында, шаруа маңында жүреді. Сондықтан олар үнемі заңдағы өзгерістер, мемлекеттік қолдау шараларынан құлағдар бола қоймайды. Біз ауылдық кеңес мүшелері, олардың көзі, құлағы болып, көп жайдан хабардар етеміз»,– дейді  Ж.Сарғалдақов. Алматы облысы Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау кеңесінің төрағасы Баниямин Файзуллин   жаңа орган жемқорлықпен күрес құралына айналуы тиіс деп атап айтты. «Көп адам бұл кеңес не істейді деген сауал қояды. Жемқорлықпен күрес – көп міндеттердің бірі. Қоғамдық кеңестерге, аудандық кеңестерге қатысу – зор мүмкіндік, мұны тиімді қолдану керек. Кеңес үшін талқылауға тыйым салынған тақырыптар болмауы тиіс. Сонымен қатар түйткілді мәселелерді шешу үшін  прокуратура  органдарымен өзара тығыз әрекет ету  керек»,– деп қосты Кеңес басшысы. Жуырда тағайындалған аудан әкімі Алмас Әділ бизнеске жақсы жағдай жасауға уәде берді. «Менің алғашқы бұйрығым кәсіпкерлік мәселесіне қатысты. Кәсіпкерлік бөліміне жаңа бастық тағайындадым. Қызмет барысында кәсіпкерлікті дамыту жағдайларын жақсарта  түспекпін», – деді Алмас Әділ. Сондай-ақ аудандық филиал директоры Марат Бакиев кәсіпкерлермен кездесуде жартыжылдық жұмыс жайлы баяндап, сұрақтарға жауап берді. ӨКП директоры Ләззат Шыңғысбаева «Федор» АӨК (ауылшаруашылық өндірістік кешені) қызметімен және Шаңырақ ГЭС жобасы құрылысымен танысты.