Мемлекет басшысы СҚО-дағы астық жинау науқанымен танысты
Мемлекет басшысы СҚО-дағы астық жинау науқанымен танысты
Мемлекет басшысы егістік алқабын аралап, «Аби жер» ЖШС-нің астық жинау науқанының барысымен танысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Президент дихандармен әңгіме барысында Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің маңызды астықты өлкесі екенін, мұнда әлемдік нарықта сұранысқа ие экологиялық таза, табиғи өнім өндірілетінін айтты.
– Солтүстік Қазақстан облысы маңызды астықты өлкеміздің бірі. Қазіргі басты мақсат – егіс алқаптарындағы астықты төкпей-шашпай түгелдей жинап алу. Дақылдарды әртараптандыру өте маңызды, әсіресе, экспортқа шығару үшін қажет. Біздің нарығымыз өте үлкен. Солтүстік Қазақстан облысының өнімі әлемде, соның ішінде, Қытайда жоғары бағаланады. Яғни, үлкен мүмкіндіктер бар. Өңірдің әлеуеті зор деп ойлаймын. Жолдауға келетін болсақ, оны жүзеге асырудың барлық тетіктері Үкіметпен, тиісті мамандармен келісілген. Сондықтан оны тек қана орындау керек. Кезінде үлкен, ауқымды мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды, бірақ, қазір шағын әрі елге түсінікті ұлттық жобалар керек, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен агроөнеркәсіп кешенінің келешегі туралы мәлімет берілді. Облыс әкімінің айтуынша, өңірде аграрлық секторды әртараптандыру жұмысы қызу жүргізіліп жатыр. Майлы дақылдардың алқабы 1 миллион гектарға жуықтаған. Жыл басынан бері агросекторға 61 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Солтүстік Қазақстан облысының минералды тыңайтқыштарды пайдалану жөнінен еліміз бойынша алдыңғы орында екенін жеткізді. Биыл 2,3 млн гектар аумаққа 130 мың тонна тыңайтқыш пайдалану жоспарланған. Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде өнім өндіру көрсеткіші артқан. Алдағы уақытта «CLAAS» неміс концерні Петропавлда ауыл шаруашылығы техникасын құрастырмақ.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев диқандардың мол астықты дер кезінде жинап алуына тілектестік білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.