Жаңалықтар

Пандемияның екінші толқыны: Алматы облысында 7,3 млрд теңге бөлінді

ашық дереккөзі

Пандемияның екінші толқыны: Алматы облысында 7,3 млрд теңге бөлінді

Пандемияның  екінші толқынына дайындық жұмыстарына Алматы облысы бюджетінен қосымша 7,3 миллиард теңге бөлінген. Бұл туралы аймақ басшысының орынбасары Батыржан Байжұмановтың мәлімдеді.  Бөлінген қаржы бірінші кезекте ауруханаларды материалдық-техникалық жабдықтауға бағытталмақ. Өңір ауруханаларына 10 оттегі станциясын, 150 өкпенің жасанды желдету құрылғысын, 100 оттегі концентраторын, 3 компьютерлік томографты және 3 сандық рентген жүйелерін және басқа да қажетті медициналық құрал-жабдықтар сатып алынады.Осылайша, биыл Алматы облыстық денсаулық сақтау саласына қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 89% жетпек. Ал 500 миллион теңгеге облыстағы медициналық мекемелерге қажетті дәрі-дәрмек сатып алу көзделіп отыр. Айта кетейік, пандемия басталғалы Алматы облысында 4915 адамнан коронавирус анықталды. Аймақта індеттен 55 науқас көз жұмды. Ал республика бойынша қатерлі вирус жұқтырғандардың жалпы саны 106 584-ке жетті. Науқастардың 100 мыңнан астамы емделіп шықты. 1634 адам қайтыс болды. Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой індеттің жаңа толқынына дайындық кезінде республика бойынша 70 мыңнан астам төсек-орын дайындалатынын айтқан еді. Министрдің сөзінше, елімізде 13 модульді инфекциялық аурухана салынады. Сондай-ақ, емханалардың жанында 3 640 мобильді топ жұмыс істейді. Стационарларға 5 998 жасанды тыныс алу аппараттары жеткізіледі. Сондай-ақ, 21 566 төсек орынның жанында оттегі аппараттары тұрады.