Жастарды қолдау жаңаша бағыт алмақ
Жастарды қолдау жаңаша бағыт алмақ
Елімізде жастар үшін атқарылып жатқан ірі жобалар мен бағдарламалар – жарқын болашағымыз үшін жасалып жатқан игілік. Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жас отбасыларға қолдау көрсету, жұмыспен қамту, сапалы білім мәселесі жыл сайын мемлекет назарынан тыс қалған емес. Былтыр «Жастар жылы», биыл «Еріктілер жылы» деп аталуы осыны айғақтайды. Жастардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған бесжылдық «Жастар – Отанға!» бағдарламасының қабылдануы жастарды ортақ мақсат төңірегінде топтастырады. Жастардың игілігіне жасалып жатқан істер аз емес, әлі де жалғасатыны анық. Осы орайда Халықаралық Túrkistan газеті жастардың пікірін тыңдаған еді.
Нұрлан ӨТЕШЕВ, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары:
Жастарды қолдау шаралары ауқымды
– Жастар саясаты – бұл серпінді өзгеретін үрдістер, проблемалық мәселелер саласы. Елімізде мемлекеттік жастар саясатын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Оның айқын дәлелі – жастарды тұрғын үймен, жұмыспен, сапалы және қолжетімді біліммен қамтамасыз ету бойынша іске асырылып жатқан жобалар мен бағдарламалар. Өткен жылы «Жастар жылы» деп жарияланып, бүкіл ел бойынша 300-ден астам республикалық іс-шаралар жүзеге асырылды. Бұл шаралармен 2 миллионнан астам жас қамтылған. «Жастар жылы» жастар саясаты шеңберінде одан ары жүйелі шараларды әзірлеуге серпін берді. Атап айтар болсақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша мамандарға біржолғы жәрдемақы 70-тен 100 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыру 2020 жылдан бастап 3 жыл ішінде жыл сайын 3 млрд теңгеге артты. «Әлеуметтік студенттік кредиттер» жүйесін енгізу арқылы волонтерлік қызметпен айналысатын жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы 30 пайызға артты. Ал «Жас маман» жобасы оқу орындарын қажетті жабдықтармен жарақтандыру және шетелдік әріптестерді тарта отырып, білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу арқылы 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын 100 сұранысқа ие мамандық бойынша жаңғыртуды көздейді. Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар үш қалада жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру бағдарламасы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта жастар жылы аяқталғаннан кейін жұмыс одан да күшейіп, жоғары мақсаттар белгіленді. 2025 жылға дейінгі жастарды қолдау шаралары бойынша кешенді жоспар әзірленді. Сонымен қатар мемлекеттік жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша, атап айтқанда, «Мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Тұжырымдаманы қабылдау бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ креативті және шығармашыл жастар үшін бірыңғай алаңға айналатын QazExpoCongress павильонының базасында ArtHub құру бойынша шаралар қабылдануда. Бүгінгі таңда жастар саясаты саласындағы халықаралық тәжірибеге белсенді мониторинг жүргізіліп жатыр. Дамыған елдерден алынған тәжірибені табысты қолдану үшін жастар саясаты саласында әрбір ұлттың, мәдениеттің өз ерекшеліктері бар екенін ескере отырып, жергілікті жастар саясатының да, халықаралық саясаттың да негіздерін мұқият зерделеп, талдау қажет. Жастарға қатысты басымдықтарды айқындау, кешенді мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру – мемлекеттің жастар саясатының басым бағыты. Пандемия жағдайында мемлекеттік жастар саясатын дамыту бойынша кең ауқымды жұмыс жүргізілді. Әсіресе, мұқтаж және көмекке зәру жандарға жастар тарапынан көрсетілген көмек пен қайырымдылық шаралары ел есінде сақталып қалды.