Жаңалықтар

Алматыда зиялы қауым өкілдері Президент Жолдауын талқылады

ашық дереккөзі

Алматыда зиялы қауым өкілдері Президент Жолдауын талқылады

Таяуда Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің кеңейтілген оты­ры­сы өтіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қа­зақстан халқына Жолдауы талқыланды. Онлайн форматта өткен кеңес­ке 80-нен астам адам қатысты, олардың арасында мәслихат де­пу­таттары, ардагерлер, волонтерлар, медицина және бизнес-қо­ғам­дастықтың, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері болды. Кеңеске қатысушылар білім және ғы­лым жүйесін дамыту, отбасылық-де­мог­ра­фиялық ахуалды жақсарту, ШОБ-ты қолдау, қор­шаған ортаны жақсарту, тұрғын үй саяса­тын жүзеге асыру және т.б. бағыттар мен алда тұрған міндеттерді жан-жақты тал­­­қылады. Кеңес барысында Алматы қа­ласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов кеңейтілген отырыстың басты міндеті әлемдік пандемияны ескере отырып, еліміздің жаңа өмір жағдайына арналған Жолдауды талқылау екенін атап өтті. «Президент 2020-2021 жылдар ара­лы­ғында біз назар аударатын өзекті мә­се­лелерді атады, басым бағыттарды белгіледі. Ал­маты қаласы аумағында Жолдаудың мін­деттерін нақтылы жүзеге асыру үшін оны жан-жақты талқылауды және пәрменді шаралар әзірлеуді ұсынамын», – деді Р.Алшанов және кеңеске қатысушыларды белсенділік танытуға шақырды. Алматы қа­лалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов алғашқылардың бірі болып сөз алды. «Отандық ғылымның өкілі ретінде мен ғылымға қатысты бірқатар мәселелерді көтергім келеді. Жолдауда жас ғалымдардың рөліне үлкен көңіл бөлінген. «Жас ғалым» жобасы аясында әлемдегі жетекші ғылыми орталықтарда ғалымдар үшін жыл сайын 500 тағылымдама және жас ғалымдарға 1 000 грант бөлу жөніндегі тапсырма қолдау көрсетудегі нақты қадам болып саналады. Мем­лекет басшысы көтерген ең өзекті мә­селе – процестерден біртіндеп нәтижелерге көшу, ол мұны өзінің Жолдауында атап өтті», – деді Философия, саясаттану және дін­тану институтының директоры Ахан Бижанов. «Алматы қаласының Кәсіподақтық орталығы» аймақтық кәсіподақтары азаматтарды әлеуметтік қолдауды институционалдау туралы жаңалықты ерекше қы­зығу­шылықпен қабылдады», – деді З.Өмірбаева. Ол кәсіподақтардың заңнаманы жаңартуда барлық бағыт бойынша, әсіресе «Медиация» туралы заң аясында белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Еске сала кетейік, Жол­дауда Мемлекет басшысы мемлекеттің қа­тысуынсыз келіссөз жасаудың, мәселені шешудің баламалы жолдарын дамытуды тапсырды. Мұндай институттар өздерін дамыған елдерде жақсы көрсетті. Айсұлу Ерниязова бастаған «Волонтерлар лигасы» ҚҚ төрайымы бастаған Алматы еріктілері Қазақстандағы жоғары білім сапасын арттыру және стандарттау бойынша жұмыс топтарына қосылу бастамасын айтты. «Елге білікті мамандар керек, өз дағдыларымызды ұштау керек. Волонтерлік – бұл өз мақ­са­тына жетуге және халықтың игілігі үшін идея­ларды жүзеге асыруға мүмкіндік бере­тін «әлеуметтік лифт» құралы», – деді Айсұлу Ерниязова. Сонымен қатар ол ал­ма­тылық жастарды Жолдауда көрсетілген міндеттерді белсенді жүзеге асыруға қо­сылуға шақырды.  

Әділ БАЙБОЛ