Техногендік апатты болдырмау – мемлекет үшін басты мақсат

Техногендік апатты болдырмау – мемлекет үшін басты мақсат

Техногендік апатты болдырмау – мемлекет үшін басты мақсат
ашық дереккөзі
Қыркүйек айының басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында төтенше жағдайлар министрлігін қайта құруды тапсырған болатын. Оның себебін: «Ішкі істер министрлігінің құрылымын қайта қарап шығу қажет. Оған жатпайтын функциялардан босатқан жөн. Соның арқасында маңызды ведомствоның жұмыс тиімділігін көтеруге болады. Біздің табиғи және техногендік апаттар дәуіріне аяқ басқа­ны­мыз­ды ескере отырып, төтенше жағ­дай­лар министрлігін қайта құру қа­жет деп санаймын», – деп түсіндірді Мем­лекет басшысы. Қазақстан Президенті бұл мә­селені дер кезінде шешуді көз­­деп отыр. Өйткені соңғы кезде жиі­леп кеткен техногендік апаттар тұ­­сында (мәселен, Арыс қаласындағы әс­кери қойманың жарылуы, Өз­бек­стандағы Сардоба су қоймасының бұ­зылуы нәтижесінде Түркістан об­лы­сының ауылдарын су басуы т.б.) Пре­зидентке тікелей бағынатын тө­­тенше жағдай министрлігінің қа­жеттігі байқалды. Дегенмен 2014 жыл­дан бері Ішкі істер құрамындағы тө­тенше жағдайлар комитеті елі­мізде жүз берген табиғи және тех­но­гендік апаттардың алдын алуда, сон­­дай тосыннан жүз берген қиын­дық­тарға қарсы тұруда өздерін та­ны­тып, жемісті еңбек етіп келеді. Өнеркәсiп, көлiк авариялары және басқа да авариялар, өрт (жа­рылыс), күштi әсер ететiн улы, ра­диоактивтi және биологиялық жа­ғынан қауiптi заттарды тарататын апат, үйлер мен ғимараттардың ке­нет­тен қирауы, бөгендердiң бұзылуы, тiр­шiлiктi қамтамасыз ететiн электр-энергетика және коммуникация жүйе­лерiндегi, тазарту құры­лыс­та­рын­дағы жарылыс туғызған жағдай­лар – техногендiк сипаттағы төтен­ше жағдайлар ретінде танылатыны мә­лім. Міне, осындай қауіпті жағдай­лар­дың қай-қайсысының да алдын алу, егер аяқ астынан апат жүз беріп, төн­діре бастаса адамдарды құтқаруға бір­інші болып жететін төтенше жағдай қызметкерлерінің жұмысы, шын мәнінде, аса қабілеттілік пен ба­тыл­дықты қажет етеді. Шын мәнінде, төтенше жағ­дай қызметкерлерін ішкі жағ­дайлардағы құтқарушы армия деп атауға болады. Тек олар өзге ел­дің әскерімен атысып, шабыспай­ды, бі­рақ табиғат тосын мінез таныт­қан­да, аяқастынан болатын тех­но­гендік апат­тар жағдайында табиғаттың дү­лей күшімен алысып, адамдарды құт­қарып қалу үшін апаттармен алы­сады. Қазақ апаттардан сақ­тан­дыр­ған­да, «От бәлеңнен сақта, су бә­­леңнен сақта, жала бәлеңнен сақ­та» дейді ғой. Осының алдыңғы екеуі – табиғи апат. Демек, біздің халық та­биғи апаттардың қайдан келетінін ер­теден-ақ білген болса, қазақтың бү­г­інгі ұрпақтары да от пен су ту­дыра­тын апаттармен алысудай-ақ алы­сып келеді. ІМ ТЖ комитеті азаматтарды әр кез халықты дала және орман ал­қаптарында болған кезде қауіп­сіздік ережелерін сақтауға ша­қыру­дан жалыққан емес. Өрттің табиғи түр­де туындауына халықтың отты абай­сыз пайдалануы, сөндірілмеген те­мекі, ұшқынның ұшуы, жанып тұр­ған сіріңкені өшірмей тастай салу, майлы немесе тозығы жеткен шү­берек­терді оттан алыс ұстамау, кө­лік құралының сөндіргішінен ұшқын, най­зағайдың ойнауы себеп болып жа­татыны белгілі. Бірақ осы бір қара­пайым, әр адам есте сақтауға тиіс ере­женің орындалмауының кесі­рі­нен аяқастынан шыққан өрт талай жер­ді жайпап, адамдар мен мүлікке зор шығын келтіріп жатады. Егер дер кезінде алдын алмаса не­месе пайда болған кезінде оны тез арада тоқтатпаса, жаздың күні далалық жерлерде болатын өрт­тердің келтірер зардабы орасан бо­ла­ды. Мәселен, соңғы 4-5 күннің өзін ал­сақ, еліміздің бірнеше жерінде да­­­лалық жерлерде болған өрттерді сөн­діру жұмыстарының өзі төтенше жағ­дай комитеті қызметкерлерін уа­­қытпен санаспай тер төгуге мәж­бүр­леді. Осы жылдың 3 қыркүйегінде са­ғат күндізгі 12.00 шама­сын­­­да Шығыс Қазақстан облысы Зай­сан ауданы Біржан ауылынан 25 ша­қырым жерде 20 гектар жерде құрғақ шөп жанды. Өрт темекі шегу­дің салдарынан болған, яғни өші­ріл­меген темекі шоғының кесірінен құр­ғақ шөп тұтатып, тез жайылып кет­кен. Өртті сөндіруге облыстық тө­тенше жағдайлар департаментінен 6 адам мен 1 техника, жергілікті ат­қару органдарынан 20 қызметкері мен 2 техника, Орман шаруа­шы­лы­ғынан 15 қызметкер мен 3 техника жұ­мылдырылып, қабылданған ша­ра­лардың нәтижесінде өрт түнгі сағат 22:56-да толық өшірілді. Өрттен зар­дап шеккендер жоқ. Дәл сол күні Павлодар облысы Шарбақты ауданында «Ертіс ор­маны» мемлекеттік орман табиғи ре­зерваты ММ аумағында 15,4 га ал­қапта қарағайлар өртенді. Қаза бол­ған­дар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт­ті сөндіруге Төтенше жағдай де­пар­таменті, «Ертіс орманы» МОТР ММ және жергілікті атқару ор­ган­дары­ның күштері жұмылдырылып, 52 адам және 17 техниканың көме­гі­мен өрт өшірілді. Қыркүйектің бесінде Атырау қа­ласынан 30-40 шақырым қа­шықтықта Каспий теңізінің жа­ға­лауында қамыстар жанып, ол ау­мақ­тағы батпақты қамыстың биік болуы өрт­ті жермен барып сөндіруге мүм­кіндік бермеді. Сондықтан оны тек­серу үшін төтенше жағдайлар ко­ми­теті «Қазавиақұтқару» АҚ-ның ті­к­ұша­ғымен өрт шыққан жерге әуеден бар­лау жүргізіп, өрт ошақтарын анық­тады. Дегенмен 110 гектар жерді алып жатқан өртті сөндіру оңай бол­мады. Сол күні Шымкент қаласынан бар­ған «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-17 тікұшағы жану ошағына 3 тон­­­­надан 10 рет су шашты. Сөйтіп, өртті сөндіруге Атырау облысы ТЖД, «Қа­завиақұтқару» АҚ, Орман шаруа­шы­лығынан, жергілікті атқарушы ор­гандардан 82 адам, 23 техника жә­не 2 тікұшақ жұмылдырылып, 6 қыр­күйекте сағат 17.21-де Атырау об­лысында қамыс пен құрғақ шөптің жануы жойылды. Міне, бұл жаз бойы болып жат­қан жүздеген өрттің екі-үш күн ішінде болғаны және оның тө­­тенше жағдайлар қызметкерлері жә­­не оған көмектескен жергілікті күш­­тердің қолымен қалай тоқ­та­тыл­ғаны туралы ақпараттар. Мәселен, жылына, 365 күн бойы тынбай, 7/24 сағат бойы дамылсыз жұмыс істейтін құт­қару­шылардың «112» шұғыл қызмет те­лефонына өткен жылдың алғашқы жартысында елімізден 3,5 млн рет қоңырау шалынуы бұл салада жұмыс іс­теудің қандай қиын және тыным­сыз екенінен хабар берсе керек. Өзге елдер сияқты бізде де бо­лып тұратын техногендік апат­тың ең көбі өртке тиесілі. Аяқас­ты­нан пайда болатын бұл алапат апат­тың салдары қашанда ауыр бо­лады. Соңғы алты жылда елімізде бол­ған ең көлемді техногендік си­паттағы апаттарды сараласақ, оның елімізге қанша шығын әкелгенін білу­ге болады. 2014 жыл. Орал қаласының ор­талығындағы «Комплекс Ка­менный» сауда кешені әп-сәтте өрт құ­шағында қалды. Дабыл көтеріліп, оқи­ға орнына тез жеткен өрт сөн­дірушілер ғимараттан адамдарды алып шығып, жол-патрульдік поли­ция­сы өрт болған жерге жақын ау­мақ­тағы көлік құралдары қозға­лы­сын шектеді. Тілсіз жаумен қаладағы 4 өрт сөндіру бөлімшесінің 65 қыз­мет­кері аянбай арпалысса да, кешен ша­тырын түгел шарпыған қызыл жа­лынды тоқтата алмады. Шашқан су­ды сол бойда мұз қып қатырып тас­тап тұрған сол күнгі қатты аяз бен күш­ті желмен алыса жүріп, төтенше жағ­дай қызметкерлері өртті қараңғы түс­кенде столық сөндіре алды. Өрт 1 050 шаршы метр аумақты алып, шы­ғын көлемі 100 мың долларға жетті. Адам шығыны жоқ. 2015 жыл. Алматы қаласындағы «Адем» сауда орталығынан шық­қан өрт 25 мың шаршы метрге дейін барды. Хабар тигеннен кейін 6 ми­нутта өрт болған жерге Алматы қа­лалық Төтенше жағдайлар депар­та­ментінің қызметкерлері келіп жет­кен. Бұл кезде ғимараттың ішін­дегі температура 270 градусқа жеткен жә­не ол жерлерде синтетикалық тауар­лар жанып жатқандықтан улы газ шыққан, сондай-ақ ғимаратта сақ­талған газ баллондарының жа­рылуы, өрт шалған аумақтағы желдің жыл­дамдығы секундына 2,7 метрге же­тіп, жалынды күшейткен. Түнгі 22.00-ден өткенде басталған өрт таң­ғы 06.35-те толық өшірілді. Оны сөн­діруге Алматы қалалық Төтенше жағ­дайлар департаменті жеке құра­мы­ның 156 адамы, 25 өрт сөндіру жә­не 16 арнайы техника қатысқан. Өрт­тен келген шығын көлемі 40,6 млн доллар болған. 2016 жыл. 23 қыркүйек күні таң­ғы сағат 08.44-те Павлодар об­лысы Ақтоғай аудан орталығына ор­наласқан «Ақтоғай-Агро» ЖШС ау­­­мағында өрт шыққан. Үш минуттан соң өрт сөндірушілер жеткенде қы­зыл жалын аумағы 6 мың шаршы метр­ден асатын көкөніс қоймасын алып кеткен болып шықты. Дегенмен тіл­сіз жаудың екпіні бір сағат ішінде ба­сылды. Өртті сөндіруге Павлодар об­лыстық Төтенше жағдай депар­та­ментінің 16 қызметкері және 2 өрт сөн­діру техникасы тартылып, оларға 20 жергілікті тұрғын мен аг­ро­­­­­фирманың 50 қызметкері көмектесті. Оқи­ға орнынан агрофирма қыз­мет­керінің мәйіті табылған. Агро­фир­маға 227,7 млн доллар шығын келген. 2017 жыл. Маусым айының соң­ғы онкүндігінде Шымкент қа­ласында сыйымдылығы 3 000 тек­ше метр болатын бензин құйылған ре­зервуар жарылды. Өрт сөндіру жұ­мыстарына Төтенше жағдай қыз­меткерлерінен 120 адам және 28 тех­ника, нысандағы өрт сөндіру бө­лімшесінің 16 адамы мен алты су та­сушы көлігі жұмылдырылған. Өрт шық­қан аумақта бір адамның қаза бол­ғаны анықталды. Өрт 159,5 мың дол­лар шығын әкелген. 2018 жыл. Маусым айында, таң­ғы сағат 6-да Алматы қаласы Түр­ксіб ауданына қарасты «Қайрат» ша­ғынауданындағы SVORD Indust­ries компаниясына қарасты қоймалардан өрт шықты. Өрт сөндірушілер кел­ген­де жеті ангар жанып жатқан. Қы­зыл жалынды сөндіруге қаланың 75 өрт сөндірушісі мен 21 өрт сөн­дір­гіш техника жұмылдырылған. Сон­дай-ақ арнаулы тікұшақ 44 рет рейс жасап, жанып жатқан жерге 132 тонна су төккен. Өртенген аумақтың кө­лемі 17 мың шаршы метр. Тілсіз жау 8,9 млн доллар зиян әкелген. 2019 жыл. 24 маусым күні Түр­кістан облысындағы Арыс қа­ла­сында орналасқан әскери қой­ма­да таңғы сағат 9.20-да алапат жа­ры­лыс болды. Оның соңы өртке ұла­сып, соңынан қоймадағы өрт шық­­­қан жерден снарядтар жан-жақ­қа ұшқан. Арыстағы төтенше жағ­дайды тоқтатуға және оның сал­дарын жоюға Төтенше жағдай қыз­меткерлерінен басқа, Ішкі істер ми­нистр­лігі жеке құрамының 1 488 қыз­меткер жұмылдырылған. 408 сапер қаладан және өрт шыққан оқ-дәрі қоймасы орналасқан аумақтан 5 700-ден астам жарылмаған снаряд тауып залалсыздандырған. Түркістан облысы Төтенше жағдайлар жө­нін­дегі департаментінің мәліметінше, Арыс қаласындағы үйлердің 85 пайы­­­зы бүлінген. Жарылыс салда­ры­нан келген шығын 52,6 млн долларға жет­кен. Арыс оқиғасы елімізде бұ­рын-соңды болған ең ірі техногендік апат деп танылған... Қай жерде апат болса, сол жер­ге жұрттан бұрын жететін Тө­тен­ше жағдай қызметкерлері на­ғыз бейбіт күннің батырлары деуге болады. Себебі аптаның қай күні, тәуліктің қай сәті болса да, өрт бол­ған жерде өртті сөндіріп, адамдарды құт­қаруға, су тасқыны болса – адам­дар­ды қауіпті аймақтан тез алып шығуға бар күшін салып, жанталаса әре­кет ететін құтқарушылар ең ал­дымен өзін емес, өзгені ойлап көзсіз ба­тырлық істейтін жандар. Сон­дық­тан олардың қатарының көп болуы – еліміз қауіпсіздігі үшін аса маңызды нәрсе. Сөзіміздің басында айт­қа­ны­мызға қайта оралсақ, Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай ми­нистр­­лігін қайта құруға тапсырма беруі ел азаматтарының қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге бағытталған ше­шім екені даусыз.