Қайрат Бодаухан: Қандастар мәселесін көтергенім үшін кінәлаған шенеуніктер де болды
Қайрат Бодаухан: Қандастар мәселесін көтергенім үшін кінәлаған шенеуніктер де болды
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауы нағыз ел ішіндегі өзекті деген мәселелерге арналды. Өзіміз баспасөзде жиі көтеріп жүрген, көптен бері шешімін күткен проблемалар Президенттің назарына іліккені үміт сәулесін жаққаны рас. Жалпы, бұқараның мұңына құлақ түріп, шын мәніндегі «еститін Үкімет» құруға деген талпыныстар ел ішінде де жылы қабылданып жатқандай. Сіз қалай ойлайсыз?
– Иә, бұл Жолдаудың ерекшелігі – амбициялық емес, яғни қоғамдағы қалыптасқан маңызды мәселелерге шешім табатын бағыттарды белгілеуінде. Жасыратыны жоқ, бізде әжептәуір бағдарламалардың аяғы сұйылып кететін кездері аз емес. Соның кесірінен шешімін күткен мәселелер қордаланып қала беретіні рас. Мәселен, демография және көші-қон мәселелері әлі бір жүйеге түскен жоқ. Тәуелсіздіктен кейінгі 30 жылға жуық уақытта республика халқының саны небәрі 12 пайызға өскен. Бұл орайда, нақтылы деректерді де айта кеткен жөн. 1991 жылдан бастап 2018 жылға дейін Ресейден басқа мемлекеттердің халық саны 21,0 пайыздан 68,0 пайызға дейін өсті. Көршілес Қытай елінде – 21,8 пайыз немесе 350,0 миллионға өскен. Бұл өсім Қазақстан халқының санынан 20 есе артық. Мұндай бірден-бір себеп – елден көшіп кету. Қазіргі таңда Қазақстаннан басқа елге көшіп кеткендердің 43,8 пайызын 15-тен 34 жасқа дейінгі жастар құрайды, бұл еңбек ресурстарының тұрақты азаюын сипаттайды.
Айта кету керек, бұл жолғы Жолдауда демографиялық жағдайды реттеу, бала тууды ынталандыру туралы айтылды. Халық санының өсуін қамтамасыз ету, табиғи өсімді арттыру және көші-қон арқылы жүзеге асырылатынын ескерсек, мүмкіндіктерді біржақты қарауға болмайтыны айқын.
Біріншіден, Жолдауда Мемлекет басшысы мамандар жетіспеушілігін атап өтті. Мәселен, шеттегі 5,0 миллионнан астам қазақ диаспорасы арасында қаншама білікті мамандар бар. Ол ел экономикасын дамытудың негізгі факторы, өндіруші және тұтынушы. Бұл потенциалды пайдалану керек деп ойлаймын.
Екіншіден, шағын және орта бизнесті дамыту үшін ЖІӨ үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін жеткізу көзделген. Бұл да қандастардың келуін ынталандыратын және экономиканың дамуына тікелей оң әсер беретін жағдай.
Үшіншіден, Жолдауда ауылдың әлеуетін толық ашу мәселесі стратегиялық маңызды болып қала беретіні айтылды. Қандастардың барлығы дерлік ауылдық мекендерге орналасып жатқанын ескерсек, бос қалған қаншама ауылдарды дамытуға мүмкіндік бар.
Төртіншіден, Солтүстік аймақтардағы ауылдарда мұғалім, дәрігер және ауыл шаруашылығы саласының мамандары жетіспейді. Осы тұрғыда шетелдердегі қандастар арасында білікті маман, тәжірибелі азаматтар қаншама. Қазір урбанизациялық үрдіс жалғасуда. Бұл – ауыл мен қала дамуындағы айтулы өзгешеліктің салдары. Келген қандастар ауылға орналасып, малын өсіріп, егінін салып, тіршілігін жақсартуды көздейді. Басқасын былай қойғанда, осы айтылғандардың өзі көші-қонды ынталандыруға мүмкіндік беріп отыр.
– Президент Жолдауында заңдардың тұрақтануы жайлы айтты. Бұл ретте Көші-қон туралы заңның да тұрақтанатын уақыты жеткен сияқты. Жалпы, Көші-қон туралы заң қандастарға тиімді болу үшін не қажет?
– 1997 жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңға қаншама өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мәселе толық шешімін тапты деп айту қиын. Заңның орындалуы оның басқа салалық заңдармен байланысы және Үкімет қаулыларымен қатар тиісті нормативтік-құқықтық тетіктермен тікелей байланысты. Бұл орайда, заңның іс жүзінде орындалмауы осындай заңдық құжаттардың реттелмеуінен. Бір ғана мысал айтсам, 2019 жылы Қытай елінен Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған екі жас отбасы азаматтығын, мемлекеттен квотасын алған, баспана сатып алып, тіршілігін істеп отыр. Биыл дүниеге келген сәбиіне туу туралы куәлік аларда: «Неке туралы куәлікті Қытайға барып растатып кел, Әділет министрлігінен жаңа нұсқау келген» деп сандалтып қойған. Қазақстан Республикасының азаматтығын алар кезде, тиісті жәрдемдер мен өтемақыларды алғанда жарамды болған құжат, осында туған сәбиіне құжат аларда жарамсыз болып қалған. Бұл не масқара?! Менің ойымша, «Шетелдегі қазақ диаспорасын қолдауды және Қазақстанға оралуын» қамтамасыз ететін, нақтылы тетіктері белгіленген заң қажет.
1948 жылы тәуелсіздік алған кезде халқының саны 800 мыңнан аспаған Израиль мемлекеті бір жарым беттен ғана тұратын «Израильге қайту» заңының нәтижесінде бүгінгі күні 9,0 миллионға жетті. Тәжірибе керек болса, міне.
– «Асар» қоғамдық бірлестігінің негізгі мақсаттарының бірі – қандастардың баспаналы болуына қолдау білдіру. Қазір бұл мәселе қалай жүзеге асырылуда? Қандай жобаларыңыз бар?
– Бұл бастама 2000 жылдарда басталған еді. Басты себеп – сол кезеңнен бастап квота арқылы баспана берудегі жемқорлықтың шарықтауы, мемлекеттің экономикалық мүмкіншілігінің жетіспеуі. Біз халқымыздың «балық берме, қармақ бер» деген даналығын айтып, шеттегі 5 миллионнан астам қазақтың келемін дегендерінің барлығына баспана беру мүмкін емес, бұл келуді тежеу болады. Сондықтан оларға қалаларға жақын мекендерден, болашағы бар ауылдардан үй салуға жер телімдерін және ұзақ мерзімге жеңілдетілген несие беру арқылы баспаналы болуын қамтамасыз ету тетігін жасау керек деген ұсыныспен шыққан едік. Сол кездегі Парламент депутаттары Шәмшә Беркінбаева, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова секілді мықтылар бұл идеямызды қолдап, Алматы қаласынан пилоттық жоба бастағанбыз. Қазір Байбесік ауылында 200-ден астам отбасы өз күштерімен баспаналы болды. Әр үйде шағын өндіріс, цех бар, яғни барлығы еңбекте. Шеттен келген ағайындар көпбалалы екені белгілі. Отау көтерген балаларына қосымша үйін де тұрғызып беріп жатыр. Бұл бастама Павлодар, Ақтау, Нұр-Сұлтан қалаларында жалғасын тапты. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында арнайы жобамен Нұр-Бесік тұрғын үй кешені бой көтеруде. Алайда мемлекеттен бір тиын да несие берілмеді, керісінше мемлекетке 40,0 миллионнан астам теңгенің пайдасын кіргіздік. Тіпті, салған үйлерінің жер телімдерін заңдастырудың өзі жоғарыдағы айтылған заң актілерінің қарама-қайшылығы және әкімшілік кедергілерінің салдарынан дұрыс шешілмей отыр. Мұндай жағдайда, аталған жоба жалғасын табуы мүмкін бе? Мемлекет басшысы осы жолғы Жолдауында: «Жер үй тек тұрғын үй ғана емес, ол табысы төмен азаматтар үшін, әсіресе көпбалалы отбасылар үшін экономикалық көмек бола алады», – деп атап өтті. Демек, жүйелі тетік жасалар деген үміттеміз.
– Қаланың шетіндегі Нұр-Бесік ауылының мәселесі шешілетін болды ма? Бұл жөнінде кейбір тұрғындар «Қоғамдық бірлестіктің құжат мәселесінде салғырттық танытты» деген де пікірі бар екен. Бұл жайлы не дейсіз?
– Бұл мәселе жөнінде жоғарыда айтып кеттім ғой. Қосымша айта кетер жайт, қоғам тарапынан құжаттарда ешқандай заңсыздық жоқ. Ондай болған жағдайда, мәселені шешпей отырған қала әкімшілігі баяғыда-ақ «қылмыскерді» атап қояр еді ғой. Барлығы заң шеңберінде, әкімшіліктің тиісті нұсқау хаттары мен арнайы шарт негізінде жүргізілді. Мемлекеттің ешбір көмегінсіз барлық үйдің сызба-жобалары, ішкі жүйелердің (жол, су, кәріз, электр, газ жүйелері, тротуар) жобалары жасалып бекітілген. Тиісті рұқсат алынған. Өткен жылдан бастап салынып біткен үйлерді қабылдауға алып, техникалық құжаттарын тиісті мекемелерден өткіздік. Ары қарай, толық үй иесі ретінде құжат алу үшін тиесілі жер телімдерін заңдастыруға келгенде әкімшілік «сатып алыңдар» деген уәж айтып, халықты әбігерге салып қойды. Мәселені Президент және «Nur Otan» партиясы деңгейінде көтердік. Бір шаршаған ағайынның халін сұрағанда: «Жайымды неге сұрайсың, айтсам өзің жылайсың» деген екен. Мұндағы айтқым келгені, бізде егер мемлекеттік мекеменің заңсыздығы немесе проблемалар туралы жоғары деңгейдегі органға өтініш-шағым жазсаң, оның жауабын сол мекеме немесе әкімшілік өзі береді. Ондай жағдайда әділеттілік орнына әкімгерлік, жемқорлық, қағазбастылық пен көзбояушылық үстемдік ететіні түсінікті. Соңында мәселе шешілгенді қойып, сол мәселені көтерген адам жеккөрінішті болады. Әкімшілік есігі ол үшін әрқашан «тарс жабық». Жоғары деңгейдегі бір шенеуніктен «Оралман мәселесін көтеріп, бізге проблема тауып бердің» деген «сөгіс» те алдым. Қазіргі жағдай осындай. Қазақстан Республикасының әр азаматы баспана салуға 10 сотық жер теліміне ие болу құқығы берілген деген заң тармағы қағаз бетінде ғана тұр. Бірақ бұл мәселені шешуге әлі кірісудеміз.
– Еліміздің көптеген елді мекенін аралап, қандастардың тыныс-тіршілігін зерттеп, өзіңізше мониторинг жасап жүргеніңізді білеміз. Қандай ой түйдіңіз?
– Мәселені ашық айтқан дұрыс, ауылдың жағдайы ауыр. XXI ғасырда сусыз, жолсыз, байланыс жүйесінсіз отырған ауылдар жеткілікті. Кейбір ауылдарда әр сыныптан 2-3 баладан, бірнеше сынып бірігіп оқитын мектептер бар. Ондай жағдайда қандай сапалы білім, саналы тәрбие берілетіні айтпаса да түсінікті. 15-16 оқушысы, 20-дай жұмысшы-қызметкері бар мектептер бар. Ауыл халқының жекеменшік малын жаятын, жем-шөп дайындайтын жерлері жоқ. Ол латифундистердің қолында. Не өзі, не өзге жемісін жемейді. Ауыл әкімі жер иесінің атын айтудан қорқады. Міне, ұлан-байтақ даламызда қазақтың малын жаятын жері жоқ болып отыр. Президент Жолдауында да бұл мәселе көтерілді. Ал қуантарлық жағдай – Қытай, Моңғолия, Өзбекстаннан қандастар келіп жатыр. Бір ауылдың әкімі: «Қандастар келіп, ауыл мектебі сақталып қалды, ауылға жеміс-жидек егіліп, табада нан пісіріліп, ақ тамақтың түрі жасалып дастарқан түзелді. Ауылда Наурыз мерекесі тойланып, қазақша киініп, домбыраның үні шарықтап, әндер шырқалып жаңғырып жатырмыз» деп ағынан жарылды. Өкініштісі, тағы ағайындардың малын өсіруге, шағын несиелер алып, кәсібін дөңгелетіп кетуіне мүмкіншілік аз. Орысша дайындалатын сан-ондаған құжат, толып жатқан комиссия қарауы...
Президент Жолдауындағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту үшін ауыл әкімдерін сайлау арқылы құқығы мен жауапкершілігін арттыруға байланысты ұсыныстары бұл мәселенің де түйінін шешер, бәлкім.
Сұхбаттасқан
Бақытбек ҚАДЫР