10 Қыркүйек, 18:04 516 0 Атажұрт Бақытбек Қадыр

Қайрат Бодаухан: Қандастар мәселесін көтергенім үшін кінәлаған шенеуніктер де болды

– Мемлекет  басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың ха­лыққа арнаған биылғы Жол­дауы нағыз ел ішіндегі өзекті де­ген мәселелерге арналды. Өзі­міз баспасөзде жиі көтеріп жүрген, көптен бері ше­шімін күт­кен проблемалар Пре­зи­денттің назарына іліккені үміт сәулесін жақ­қаны рас. Жалпы, бұқараның мұңы­на құлақ түріп, шын мәніндегі «ести­тін Үкімет» құруға деген тал­пы­ныстар ел ішінде де жылы қабылданып жат­қандай. Сіз қалай ойлайсыз?

– Иә, бұл Жолдаудың ерекшелігі – ам­би­циялық емес, яғни қоғам­да­ғы қалып­тас­қан маңызды мә­се­лелерге шешім табатын бағыттарды белгілеуінде. Жасыратыны жоқ, бізде әжептәуір бағдарламалардың ая­ғы сұйылып кететін кездері аз емес. Соның ке­сірінен шешімін күт­кен мәселелер қор­даланып қала бе­р­етіні рас. Мәселен, де­мография және көші-қон мәселелері әлі бір жүйеге түскен жоқ. Тәуелсіздіктен кейінгі 30 жылға жуық уақытта рес­публика хал­қы­ның саны небәрі 12 пайызға өскен. Бұл орайда, нақтылы деректерді де айта кеткен жөн. 1991 жылдан бастап 2018 жылға дейін Ресейден басқа мемлекеттердің ха­лық саны 21,0 пайыздан 68,0 пайыз­ға дейін өсті. Көршілес Қытай елінде – 21,8 пайыз немесе 350,0 мил­лионға өскен. Бұл өсім Қа­зақ­стан хал­қының санынан 20 есе ар­тық. Мұндай бірден-бір себеп – ел­ден көшіп кету. Қазіргі таңда Қа­зақ­станнан басқа елге көшіп кет­кен­дердің 43,8 пайызын 15-тен 34 жас­қа дейінгі жастар құрайды, бұл ең­бек ресурс­тарының тұрақты азаюын сипаттайды.

Айта кету керек, бұл жолғы Жол­дауда де­мографиялық жағдай­ды реттеу, бала тууды ынталандыру туралы айтылды. Ха­лық санының өсуін қамтамасыз ету, табиғи өсім­ді арт­тыру және көші-қон арқылы жү­­з­еге асырылатынын ескерсек, мүм­­кін­дік­терді біржақты қарауға бол­майтыны айқын.

Біріншіден, Жолдауда Мемлекет басшы­сы мамандар жетіспеушілігін атап өтті. Мәселен, шеттегі 5,0 мил­лионнан астам қа­зақ диаспорасы арасында қаншама бі­лікті мамандар бар. Ол ел экономикасын да­мы­ту­дың негізгі факторы, өндіруші және тұтынушы. Бұл потенциалды пай­да­лану керек деп ойлаймын.

Екіншіден, шағын және орта биз­несті да­мыту үшін ЖІӨ үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін жет­кізу көзделген. Бұл да қан­дас­тардың келуін ынталандыратын жә­не экономиканың дамуына ті­келей оң әсер беретін жағдай.

Үшіншіден, Жолдауда ауылдың әлеуетін толық ашу мәселесі ст­ра­тегиялық маңызды болып қала бе­ре­тіні айтылды. Қандастардың бар­­лығы дерлік ауылдық мекендерге ор­­наласып жатқанын ескерсек, бос қалған қан­шама ауылдарды да­мы­туға мүмкіндік бар.

Төртіншіден, Солтүстік аймақ­тар­дағы ауыл­дарда мұғалім, дәрігер жә­не ауыл шаруа­шылығы сала­сы­ның мамандары же­тіспейді. Осы тұрғыда шетелдердегі қан­дастар ара­сында білікті маман, тәжірибелі азаматтар қаншама. Қазір урба­ни­за­циялық үрдіс жалғасуда. Бұл – ауыл мен қала да­муын­дағы айтулы өзгешеліктің салдары. Кел­ген қан­дастар ауылға орналасып, ма­лын өс­іріп, егінін салып, тіршілігін жақ­сартуды көз­дейді. Басқасын былай қойғанда, осы ай­тылғандардың өзі көші-қонды ынта­ландыруға мүм­кін­дік беріп отыр.

– Президент Жолдауында заң­дар­дың тұрақтануы жайлы айт­ты. Бұл рет­те Көші-қон тура­лы заңның да тұ­рақ­танатын уа­қы­ты жеткен сияқты. Жалпы, Кө­ші-қон туралы заң қандас­тар­ға тиімді болу үшін не қажет?

– 1997 жылы қабылданған «Ха­лық­тың кө­ші-қоны туралы» заңға қаншама өзге­ріс­тер мен толық­тырулар енгізілді. Мәселе то­лық ше­шімін тапты деп айту қиын. Заң­ның орындалуы оның басқа сала­лық заң­дармен байланысы және Үкімет қау­лы­лары­мен қатар тиісті нор­мативтік-құқықтық те­тіктер­мен тікелей байланысты. Бұл орай­да, заңның іс жүзінде орындалмауы осын­дай заңдық құжаттардың рет­тел­меуі­нен. Бір ғана мысал айт­сам, 2019 жылы Қы­тай елінен Сол­түстік Қазақстан облы­сы­на қоныс аударған екі жас отбасы аза­мат­ты­ғын, мемлекеттен квотасын алған, бас­­па­на сатып алып, тіршілігін іс­теп отыр. Биыл дүниеге келген сә­биіне туу туралы куә­лік аларда: «Не­ке туралы куәлікті Қы­тайға ба­рып растатып кел, Әділет министр­лігі­нен жаңа нұсқау келген» деп сан­далтып қойған. Қазақстан Рес­публикасының азаматтығын алар кезде, тиісті жәрдемдер мен өте­ма­қыларды алғанда жарамды бол­ған құжат, осында туған сәбиіне құжат алар­да жарамсыз болып қалған. Бұл не мас­қара?! Менің ойымша, «Шет­елдегі қазақ диаспорасын қолдауды жә­не Қазақстанға оралуын» қамта­ма­сыз ететін, нақтылы тетіктері бел­гіленген заң қажет.

1948 жылы тәуелсіздік алған кез­де хал­қының саны 800 мыңнан ас­паған Израиль мемлекеті бір жа­рым беттен ғана тұратын «Израильге қай­ту» заңының нәтижесінде бүгін­гі күні 9,0 миллионға жетті. Тәжі­ри­бе керек болса, міне.

– «Асар» қоғамдық бірлес­тігі­нің не­гізгі мақсаттарының бірі – қан­дас­тар­дың баспаналы болуы­на қолдау біл­діру. Қазір бұл мәселе қалай жүзеге асы­рылу­да? Қандай жобаларыңыз бар?

– Бұл бастама 2000 жылдарда бас­талған еді. Басты себеп – сол ке­зең­нен бастап квота арқылы бас­пана берудегі жемқорлықтың ша­рықтауы, мемлекеттің эконо­ми­калық мүмкіншілігінің жетіспеуі. Біз халқымыздың «балық берме, қар­мақ бер» деген даналығын ай­тып, шеттегі 5 миллионнан астам қа­зақ­тың келемін дегендерінің бар­лығына баспана беру мүмкін емес, бұл келуді тежеу болады. Сон­дық­тан оларға қалаларға жақын ме­кендерден, болашағы бар ауыл­дардан үй салуға жер телімдерін және ұзақ мерзімге жеңілдетілген несие беру арқылы баспаналы болуын қамтамасыз ету тетігін жа­сау керек деген ұсыныспен шыққан едік. Сол кездегі Парламент депутат­тары Шәмшә Беркінбаева, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова секілді мықтылар бұл идеямызды қол­дап, Алматы қаласынан пилот­тық жоба бастағанбыз. Қазір Бай­бесік ауылында 200-ден астам от­ба­сы өз күштерімен баспаналы бол­ды. Әр үйде шағын өндіріс, цех бар, яғ­ни барлығы еңбекте. Шеттен кел­ген ағайындар көпбалалы екені белгілі. Отау көтерген балаларына қосымша үйін де тұрғызып беріп жа­тыр. Бұл бастама Павлодар, Ақ­тау, Нұр-Сұлтан қалаларында жал­ғасын тапты. Қазір Нұр-Сұлтан қа­ласында арнайы жобамен Нұр-Бесік тұр­ғын үй кешені бой көтеруде. Алай­да мемлекеттен бір тиын да несие берілмеді, керісінше мем­ле­кетке 40,0 миллионнан астам тең­генің пайдасын кіргіздік. Тіпті, сал­ған үйлерінің жер телімдерін заң­дастырудың өзі жоғарыдағы ай­тылған заң актілерінің қарама-қай­шылығы және әкімшілік ке­дер­гілерінің салдарынан дұрыс ше­шіл­мей отыр. Мұндай жағдайда, атал­ған жоба жалғасын табуы мүмкін бе? Мемлекет басшысы осы жолғы Жолдауында: «Жер үй тек тұрғын үй ғана емес, ол табысы төмен аз­а­мат­тар үшін, әсіресе көпбалалы от­ба­сылар үшін экономикалық кө­мек бола алады», – деп атап өтті. Демек, жүйелі тетік жасалар деген үміт­теміз.

– Қаланың шетіндегі Нұр-Бе­сік ауылының мәселесі ше­шіле­тін болды ма? Бұл жөнінде кей­бір тұрғындар «Қоғамдық бір­лестіктің құжат мәселесінде сал­ғырттық танытты» деген де пі­кірі бар екен. Бұл жайлы не дей­сіз?

– Бұл мәселе жөнінде жоғарыда ай­тып кеттім ғой. Қосымша айта ке­тер жайт, қоғам тарапынан құ­жат­тарда ешқандай заңсыздық жоқ. Ондай болған жағдайда, мәселені шешпей отырған қала әкімшілігі баяғыда-ақ «қылмыскерді» атап қояр еді ғой. Барлығы заң шеңбе­рін­де, әкімшіліктің тиісті нұсқау хат­тары мен арнайы шарт негізінде жүр­гізілді. Мемлекеттің ешбір кө­мегінсіз барлық үйдің сызба-жо­балары, ішкі жүйелердің (жол, су, кә­різ, электр, газ жүйелері, тротуар) жо­балары жасалып бекітілген. Тиіс­ті рұқсат алынған. Өткен жылдан бас­тап салынып біткен үйлерді қа­былдауға алып, техникалық құ­жат­тарын тиісті мекемелерден өткіздік. Ары қарай, толық үй иесі ретінде құ­жат алу үшін тиесілі жер телім­де­рін заңдастыруға келгенде әкім­шілік «сатып алыңдар» деген уәж ай­тып, халықты әбігерге салып қой­ды. Мәселені Президент және «Nur Otan» партиясы деңгейінде кө­тердік. Бір шаршаған ағайынның ха­лін сұрағанда: «Жайымды неге сұ­райсың, айтсам өзің жылайсың» деген екен. Мұндағы айтқым кел­гені, бізде егер мемлекеттік ме­ке­ме­нің заңсыздығы немесе проб­ле­ма­лар туралы жоғары деңгейдегі ор­ганға өтініш-шағым жазсаң, оның жауа­бын сол мекеме немесе әкім­ші­лік өзі береді. Ондай жағдайда әді­лет­тілік орнына әкімгерлік, жем­қор­­лық, қағазбастылық пен көз­бояушылық үстемдік ететіні тү­сінік­ті. Соңында мәселе шешілгенді қойып, сол мәселені көтерген адам жеккөрінішті болады. Әкімшілік есігі ол үшін әрқашан «тарс жабық». Жоғары деңгейдегі бір шенеуніктен «Оралман мәселесін көтеріп, бізге проблема тауып бердің» деген «сө­гіс» те алдым. Қазіргі жағдай осын­­дай. Қазақстан Респуб­ли­ка­сының әр азаматы баспана салуға 10 сотық жер теліміне ие болу құқығы беріл­ген деген заң тармағы қағаз бетінде ғана тұр. Бірақ бұл мәселені шешуге әлі кірісудеміз.

– Еліміздің көптеген елді ме­кенін аралап, қандастардың ты­ныс-тіршілігін зерттеп, өзіңіз­ше мониторинг жасап жүр­геніңізді білеміз. Қандай ой түй­діңіз?

– Мәселені ашық айтқан дұрыс, ауыл­дың жағдайы ауыр. XXI ғасыр­да сусыз, жолсыз, байланыс жүйе­сінсіз отырған ауылдар жеткілікті. Кей­бір ауылдарда әр сыныптан 2-3 баладан, бірнеше сынып бірігіп оқитын мектептер бар. Ондай жағдайда қандай сапалы білім, са­налы тәрбие берілетіні айтпаса да тү­сінікті. 15-16 оқушысы, 20-дай жұ­мысшы-қызметкері бар мек­теп­тер бар. Ауыл халқының жеке­мен­шік малын жаятын, жем-шөп дайын­дайтын жерлері жоқ. Ол ла­ти­фундистердің қолында. Не өзі, не өзге жемісін жемейді. Ауыл әкімі жер иесінің атын айтудан қорқады. Міне, ұлан-байтақ даламызда қа­зақтың малын жаятын жері жоқ бо­лып отыр. Президент Жолдауын­да да бұл мәселе көтерілді. Ал қуан­тарлық жағдай – Қытай, Моңғолия, Өз­бекстаннан қандастар келіп жа­тыр. Бір ауылдың әкімі: «Қандастар келіп, ауыл мектебі сақталып қалды, ауылға жеміс-жидек егіліп, табада нан пісіріліп, ақ тамақтың түрі жа­салып дастарқан түзелді. Ауылда Наурыз мерекесі тойланып, қазақша киініп, домбыраның үні шарықтап, әндер шырқалып жаңғырып жа­тыр­мыз» деп ағынан жарылды. Өкі­н­іштісі, тағы ағайындардың малын өсі­руге, шағын несиелер алып, кә­сібін дөңгелетіп кетуіне мүм­кін­ші­лік аз. Орысша дайындалатын сан-он­даған құжат, толып жатқан ко­мис­сия қарауы...

Президент Жолдауындағы жер­гілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту үшін ауыл әкімдерін сайлау ар­қылы құқығы мен жауапкер­ші­лігін арттыруға байланысты ұсы­ныстары бұл мәселенің де түйінін ше­шер, бәлкім.

 

Сұхбаттасқан

Бақытбек ҚАДЫР

 

 

Соңғы жаңалықтар