Сәби аңсағандар үшін сәтті жоба
Сәби аңсағандар үшін сәтті жоба
Елімізде бедеулік пен белсіздік мәселесі соңғы жылдары өзекті мәселелердің біріне айналды. Өйткені бір бала сүюге зар болған ерлі-зайыптылар саны көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еліміздегі отбасылардың 20 пайызы балалы болмағандықтан ажырасатынын және әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмай отырғанын айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқының өсімі Орталық Азиядағы көршілес елдермен салыстырғанда көңіл көншітпейтінін атап өтті. Бала таба алмай жүрген отбасыларға көмектесу мақсатында Президент 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырды.
– Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырамын. ЭКҰ бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту керек», – деді Президент Жолдауында.
Президенттің 7 мың квота бөлу туралы Жолдауда айтқан сөзі сәби иісін аңсаған көп отбасында үміт отын жақты. Квота кезегін 3-4 жылдап күткен жұптарға бұл жаңалық қуаныш сыйлағаны анық. Өйткені жасанды жолмен балалы болудың құны елімізде 700 мың мен 1 млн 200 мың теңге шамасында. Ал мұндай қаржыны табуға кез келген отбасының қалтасы көтере бермейді.
ЭКҰ жолымен туған балалардың денсаулығына күмәнмен, күдікпен қарайтындар бар және олар туралы ел арасында әртүрлі алып-қашпа әңгіме көп. «Жасанды жолмен өмірге келген бала әлжуаз келеді, олар табиғи жолмен балалы бола алмайды, бедеу болады екен» деген пікірлер ара-тұра айтылып жатады. «Құтыдан» пайда болған балалар табиғи жолмен дүниеге келген балалармен бірдей екенін уақыттың өзі дәлелдегендей. Былтыр елімізде ЭКҰ арқылы 24 жыл бұрын дүниеге келген алғашқы қазақстандық қыз табиғи жолмен босанып, ана болды. Бұл жаңалық көптің көңілінде жүрген күпті ойды сетінетіп, табиғи жолмен балалы болуға мүмкіндігі жоқ ерлі-зайыптылардың ЭКҰ-ға сұранысын арттыра түсті десек болады. Оның үстіне, біздің елімізде медицинаның аталған саласы айтарлықтай дамыған әрі кең сұранысқа ие. Мәселен, Қазақстандағы ЭКҰ орталықтарына АҚШ, Франция, Германия, Оңтүстік Корея, Израиль, Иран, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктерінің, сонымен қатар көршілес елдердің азаматтары жиі жүгінеді екен. Бұған себеп осы елдерде жасанды жолмен ұрықтандырудың заңмен шектелуі және діни ұстанымдар болса керек. Тағы бір себебі біздің елімізде ЭКҰ жасау өзге мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Иә, өзіміздің қарапайым халық үшін миллион теңге шамасында қаражат табу қиынға түскенімен, шетелдіктер үшін өте қолайлы баға болып отыр.
Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының мәліметіне сүйенсек, елімізде 9 467 әйел бедеулік диагнозымен есепте тұр. Алайда «Экомед» Адам өрбіту емханасының басшысы, биология ғылымдарының докторы, репродуктолог Салтанат Байқошқарова елімізде бедеуліктің тізілімі жоқ дейді. «Біз жалпы сөзбен «5-6-шы отбасы бедеулікпен бетпе-бет келеді» деп айтамыз. Алайда олардың барлығына арқау болатын статистика жоқ. Сондықтан цифрландыру заманында қанша адам бедеулікке ұшырағанын анықтау қажет. Яғни, бедеу адамдарды тіркеу мәселесін дұрыстап, база, тізілім жасауымыз керек», – дейді ол.
Салтанат Берденқызының айтуынша, еліміздегі бедеу ерлер мен әйелдердің нақты санын ешкім білмейді. Белгілісі – еліміздегі отбасылардың 20 пайызы балалы болмағандықтан ажырасады. Осы ретте Президент Жолдауында айтқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында ЭКҰ арқылы балалы болатын отбасылар саны артса, ажыра-
сатындар саны азаяр деген үміт қылаң береді.
Жалпы, әлем бойынша 2 млн адам ЭКҰ тәсіліне жүгінеді екен. Оған себеп – бедеулік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша бедеуліктің 20-дан астам себебі бар екен. Соның ішінде ең жиі кездесетін себептердің бірі – әйел және ер адамдардың медициналық көмекке кеш жүгінуі. Ал олардан бөлек қазір «әлеуметтік бедеулік» ұғымы кең етек алып келеді. Бұл дегеніміз – балалы болуды кейінге шегеру, жүктіліктің алдын алатын дәрі ішу, жасанды түсік жасату. ЭКҰ жасатуға келетін әйелдердің 75 пайыздан астамы жасанды түсік жасатқандар.
Арайлым
ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ