Алекс Фолкес: Қазақстанда праймериз өткізу – оң шешім
Алекс Фолкес: Қазақстанда праймериз өткізу – оң шешім
Халықаралық сарапшы, посткеңестік елдердегі сайлауды тұрақты бақылаушы (Ұлыбритания)
– Қазақстанның ең ірі, жетекші саяси партиясы – «Nur Otan» партиясының елдегі демократиялық процесті «қайта реттеуге» жасалған қадам ретінде праймериз өткізу туралы шешімі оң. Партия басшылығының демократиялық процесске бағытталған бұл қадамын көпшіліктің қатаң бақылайтыны анық.
Түсінуімше, праймериздің мақсаты – ел басқару ісіне парламенттік деңгейде (Мәжіліс) және жергілікті деңгейде (мәслихат) әйелдер мен жастарды көбірек жұмылдыру, сонымен қатар ел тұрғындары тап болатын күрделі мәселелерді шешу, қиындықтарды еңсеруде оңтайлы шешім шығару процесін қалыптастыру. Бұл сайлауда үміткерлерді қоғамдық талқылауларға қатыстыру талабының маңызы зор. Себебі осылайша үміткерлердің ел ішіндегі пікір қайшылығын түзеп, кейде тіпті өткір қойылатын сұрақтарға жауап беруге қаншалықты әлеуетті екенін байқауға болады.
«Nur Otan» партиясының жүйесі Ұлыбританияның жүйесіне ұқсас келеді, себебі мұнда үміткерлердің басым бөлігі партиялық сайлау комиссиялары арқылы таңдалады. Депутат атану үшін үміткер алдымен партияның расталуын қажет ететін процестен өтуі тиіс, сосын барып қана мүшелікке өтеді. Консервативтік партия Ұлыбританияның бір аймағында осындай праймериз өткізген болатын, сөйтіп мұнда кез келген сайлаушы өзі дұрыс деп тапқан үміткерге дауыс берді. Қоғамдық талқылауда үміткердің біліктілігіне көзі жеткен жергілікті жамағат оны партияның емес, «өздерінің» таңдауы деп есептеп, нәтижесінде әлгі үміткер сан мыңдаған қолдаушылармен жақын байланыс орнатты. Сонымен қатар бұл жаңа депутатқа ерекше серпін, еркіндік сезімін сыйлады. Себебі ол мұндай дүмпуден кейін өзін партия менеджерлерінің алдында міндетті емес секілді сезінді.
Бақылаушы ретінде байқағаным, праймеризге қатысушы үміткерлер саны көп секілді. Олардың әрқайсысы бәсекелесуге қаншалықты дайын екені мені қызықтырады.
Қалай дегенмен праймериз – Қазақстанда іске асырылып жатқан жаңа үрдіс, жаңа леп, жаңа серпін. Мұндай іс-шара бұрын-соңды Қазақстанда болмаған ішкі партиялық демократияны байқатады. Ал елдің қоғамдық-саяси өмірінде үлкен басымдыққа ие партия үшін бұл аса маңызды қадам, сондай-ақ бұл дүниежүзі бойынша Қазақстанда жүргізілетін саясатқа көз тігіп отырған бақылаушыларға сайлаудың еркін әрі әділетті түрде өтетінін дәлелдеу.