Жаңалықтар

Сингапурдағы саясат мектебінің сарапшысы: Қазақстан Әнұранын естісем, ағыл-тегіл жылай беремін...

ашық дереккөзі

Сингапурдағы саясат мектебінің сарапшысы: Қазақстан Әнұранын естісем, ағыл-тегіл жылай беремін...

Бүгінде білім көкжиегіне ұмтылған жас­тардың шетелдің беделді жоғары оқу орындарында тәжірибе алмасуға мүмкіндігі көп, әлеуе­ті жетерлік. Бөгде елге білімін шыңдауға бет алған мұндай жастарға ерек қолдау көр­сетіп, қамқорлық танытып жүретін қан­дас­тарымыз да бар. «Қазақ студенттері келгенде алдынан шығып, алып-ұшып қарсы аламын» дейтін қандасымыз Жансұлу Әбдікерімқызы қазіргі таңда Сингапур Ұлттық университетінің жа­нынан ашылған Ли Куан Ю Мемлекеттік саясат мектебінде қызмет етеді. Мемлекеттік басқару ісі мамандығын оқыту бойынша ын­тымақтастық орнатқан Қазақстан мен Сингапур елдері жоғары оқу орындарының ара­сын­дағы жобаға жауапты Жанcұлуға арнайы хабарласып, сұхбаттасқан едік. – Жансұлу, Сингапур елінде қазақ студенттеріне көмектесіп жүретін сіз секілді қандасымыз­дың барын жиі естуші едік. Бү­гін­де өзіңізбен сұхбаттасудың сә­ті түсіп отыр. Қызметіңізді сөз ет­пестен бұрын, Сингапурға қа­лай барғаныңыз жайлы әң­гі­мелеп берсеңіз. – Негізі, мен Моңғолияның батыс өлкесінде орналасқан Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген қа­зақпын. Мұндағы қазақ мектебінде он бір жыл оқығаннан кейін, ар­­ман қуып, ел астанасы Ұлан-Ба­тыр­дағы мемлекеттік университетке оқуға түсіп, орыс және ағылшын тілі пәндерінің мұғалімі маман­ды­ғын алып шықтым. Оқуды тә­мам­да­ған соң жергілікті мектепте жұ­мыс­қа орналастым, десек те бұдан ала­тын жалақым түкке жетпеді. Сөйтіп, жекеменшік білім беру ор­та­лығына жұмысқа ауысып, мұн­да қыз­мет етіп жүргенімде өзімді бір орын­да тұрып қалғандай сезіндім, оның үстіне ағылшын тілін әрі қа­рай дамытқым келді. Өйткені мен оқы­ған университетте ағылшын ті­лін екінші халықаралық тіл ретінде оқып, көбіне орыс тіліне баса мән бер­ген болатынбыз. Сөйтіп, Ұлан-Ба­тырда бірге тұратын әпкеме «Әп­ке, мен шетелге шықсам, көк­жие­гімді кеңітсем, ағылшын тілін ары қа­рай дамытсам қалай қарай­сыз?» деп өтініп, рұқсатын алып, ақы­рын­да ағылшын тілін жетілдіру мақ­са­тын­да Сингапур еліне келдім. Жо­ғары­да айтып өткенімдей, ағыл­шын тілінде базалық білімім болған­дық­тан, алты айға жалғасқан бұл курста тіл­ді жетік меңгеріп алдым. Сосын Моң­ғолияға оралуға тура келді, мұн­да үш-төрт ай жұмыс істеген соң, тағы да бір орынға тұрақтап қал­ғанымды сезініп, Сингапурға қай­тып келдім. Сөйтіп, мұндағы жер­гілікті институтта бухгалтер жә­не қаржы саласының маманын әзір­лейтін бір жарым жылдық бағ­дарламаны оқыдым. Сол жылы дү­ние­жүзі қаржылық дағдарысқа тап болған кез, жұмыс тапшы, жағдай мүш­кіл. Мұндай жағдайда Сингапурда бірден жұмыс табу қиынға соқты. Сөйтіп жүргенде күтпеген жер­ден әлгі бір жарым жылдық бағ­дар­лама бойынша мен білім алған инс­титут директоры Қырғыз Рес­публи­касына барып жұмыс істеу ту­ралы ұсыныс білдірді. Осылайша, 2009 жылы Бішкек қа­ласында Жү­сіп Баласағұн атында­ғы Қырғыз Ұлттық университетінің экономика факультетіне жұмысқа орналасып, онда нарықты зерттеумен айналыс­тым. Біраз қиындыққа кезіктім, оның үстіне жұмыс тә­жірибем жоқ, бұған дейін тек бі­лімгер болып, оқып жүре бергенмін ғой. Бұған қо­са, қанша жерден қа­зақ болсам да, қырғыз тілін түсіну жа­ғынан қи­налдым, қасымда жа­қын жандар жоқ болғандықтан жал­ғызсырадым. Сөйтіп, Синга­пурға қайтып оралдым. – Ал Сингапур Ұлттық уни­вер­­ситетінінің жанынан ашыл­ған Ли Куан Ю Мемлекеттік саясат мектебіне жұмысқа қалай ор­наластыңыз? – Сингапурға келген соң, мұнда жер­­гілікті бір компанияда бухгалтер болып жұмыс істедім. Сосын 2012 жылы Сингапур Ұлттық уни­вер­­си­те­ті­нің Ли Куан Ю Мемлекеттік саясат мектебіне жоба үйлес­тіру­ші қыз­­метіне орналастым. Атал­ған мек­­теп дәл сол уақытта Қа­зақстанда жаңадан ашылған Назарбаев университетімен өзара ынтымақтастық орнатқан болатын. Осы жерге жұ­мыс­қа тұрған кезден бастап, кәсібім өрге дөңгеледі деп айтсам қателес­пей­мін. Қазақстан­дағы көпшілік біле бермеуі мүмкін, Ли Куан Ю Мем­лекеттік саясат мек­тебі – мемлекеттік саясат саласы бойынша мамандар әзірлейтін Азиядағы ең ірі мектеп. Мұның Сингапур ұлттық университетінің жанынан ашыл­ғанына он алты жыл уақыт болса да, осы жылдар ара­лы­ғын­да бұл оқу орны Оңтүстік-Шы­ғыс Азия елде­рі­нің мемлекеттік бас­қару ісін же­тілдіруге өзіндік үлес қосып, дү­ниежүзі бойынша мемлекеттік саясат саласында жетекші көшбасшы­ларды әзірлеп шығарған беделді оқу орны. Мұндай мықты жерде жұмыс істеп жүрген соң, қатарыммен тең болайын, осы саланы етене түсі­нейін деп Ита­лия­ның Милан қала­сын­да орналасқан Боккони ме­недж­мент университетінде (SDA Bocconi School of Management) мемле­кеттік басқару ісі бойынша магистратура бөлімінде білім алдым. Мұны бітірген бойда Ли Куан Ю Мемлекеттік сая­сат мектебіндегі қызметіме қай­та оралдым. Сөйтіп, қа­зіргі таңда мұн­да Назарбаев уни­вер­ситетінде біз­дің мектептің қол­дауымен құ­рыл­ған мемлекеттік сая­сат ме­к­те­бінің жұмысына толы­ғымен жауап­ты­мын. Сонымен қа­тар екі ел ара­сын­да қысқамерзімді бағ­дарлама жүр­гізу ісіне атсалысамын. Мек­теп­тің өзге универ­ситет­тер­мен ын­тым­ақт­ас­тық орнату про­цесін қа­да­ға­лаймын. Бұдан бө­лек, нарықты зерт­теумен айналысамын. – Білетініміздей, сіз жұмыс іс­­­­тейтін мектеп – Назарбаев уни­­верситетінің стратегиялық се­­ріктесі. Стратегиялық серіктес университеттер арасында сту­­дент алмасу бағдарламасы жүр­гізілетіні белгілі. Сонда Қа­зақстаннан Сингапурға барып оқитын қазақстандық студенттер де сіздің қарауыңызда бола ма? – Иә, ынтымақтастық ережесіне сәй­кес, Назарбаев университетінің студенттері осында келіп, үш ап­та­лық бағдарламаны интенсивті түр­де оқиды. Айта кетерлік жайт, Назар­­баев университеті ашылмай тұр­ғанда Қазақстандағы министрлер білімін жетілдіру мақсатында біздің мектепке арнайы келетін. Сондай-ақ біздің мектептің профессорлары да қысқамерзімді бағдар­ла­малар жасақтап, елдегі қаржы жә­не ұлттық экономика министрлі­гінде істейтін қызметкерлерді Қа­зақ­станға барып оқытатын. Сосын Назарбаев университеті ашылып, нәтижесінде біздің мектеп, өзіңіз атап өткендей, бұл университеттің стратегиялық серіктес атанды. Син­­гапурлық студенттер де Қа­зақ­стан­ға арнайы бағдарламамен барып тұрады. Сосын тек біздің мек­теп­те емес, өзге де еуропалық мек­теп­те сабақ беретін білікті профессорларды Қазақстанға арнайы жібереміз. Екі тараптың арасындағы бүкіл мәселені реттеуге жауапты бол­ғандықтан, әлгі үш апталық бағ­дарламада қазақстандық студенттерге бағыт-бағдар беріп жүремін. Бұдан өзге екі университет про­фес­сорларының біріге жүргізетін ғы­лы­ми зерттеулеріне көмектесемін. Жал­пы, бұл ауқымды жобаның маңы­зын айтып жеткізуге сөз жет­пей­ді. Десек те, осы жұмысым арқы­лы қазақтарға қатысы бар игі іске ара­ласып, тарихи Отаныма бір табан болса да жақын жүргеніме ерек­­ше қуанамын. – Сізді елде қазақстандық студенттердің білімін ұштауға атсалысып жүрген маман ретінде танитыны белгілі. Осы орайда сізді Қазақстанға шақырып, мемлекеттік басқару ісіне қа­тысты әлдебір қызмет ұсынған кездер болды ма? – Әлбетте, келіп түскен ұсы­ныс­тар баршылық. Қазақстандағы түрлі университеттер әкімшілігі, сонымен қатар, елде кәсібін дөңгелетіп жүрген азаматтар жұмыс ұсынып, елге шақырған болатын.  Көпшілік «Қосар үлесіңді сыртта емес, неге ел­ге келіп қоспайсың?» дегенді жиі ай­тады. Моңғолиядағы таныстарым да осыны алға тартады. Екі елге қа­тысым бар азаматша болғандық­тан, олардың айтқан бұл уәжі дұрыс та шығар. Дегенмен жеке басым сырт­та жүрсем де, өзімді Қазақ­стан­ның ілгерілеуіне үлес қоспадым деп есептемеймін. Сингапурде жүрсем де, жүрегім «қазақ» деп соғады, ел жа­қ­қа қарай тартады да тұрады. Өзім өсіп-өнген Моңғолияда да еш­қандай дискриминация көр­ме­ген­діктен, бұл елге де жүрегім елжіреп тұрады. Жоғарыда айтып өткенім­дей, 2012 жылдан бері Назарбаев университетімен байланысты жо­баның басы-қасында жұмыс істеп келемін. Мұнда оқуға келген әр қазақты алып-ұшып қарсы аламын, ау­диторияларына кіріп, хал-жағ­дайын сұрасамын, олардың жат елде жалғызсырамауын қадағалап, барынша көмегімді көрсетуге тырысамын. Өзімді екі ел арасындағы көпір деп санаймын. Сосын тағы бір айта кетерлігі, олар түрлі талқы­лауларға қатысқанда сырттарынан бақылап жүремін, сол кезде олар­дың тақырыпты сыни тұрғыда тал­дап, ұшқыр ойларын ортаға салып, күрделі пайымдауларын естіген кезде, сөздің шыны керек, қатты таңғалғаным бар. Талқылауға қатысқан өзге ұлт өкілдерінен асып түспесе, кем түспейтінін байқағанымда, мұндай өскелең ұрпақ барда Қазақстанның бола­шағы зор екеніне көзім жетті. Сосын соңғы он үш жыл бойы ағыл­шын тілінде сөйлесіп жүргендіктен, осында оқып жатқан өзге сту­дент­тердің Қазақстаннан келгенін түсініп, қазақша сөйлесем, олар ар­тымнан іздеп келіп: «Ағылшынша судай сөйлегеніңізге, әрі ұқсас келетін бет-әлпетіңізге қарап, сізді сингапурлық деп ойлап жүрсек...Сіз мұнда қайдан жүрсіз? Қазақшаңыз­ды естігенде құдды бір туысымызды көргендей болдық қой. Қатты қуандық!» деп таңғалысып, құшақ­тап жатады. Сол себепті өзге елде жүрсем де жанашырлық танытып, көмек қолымды аямай созып жүрмін. Қазіргі таңда мансабымның шарықтау шегінде жүргендеймін. Сол себепті көзге көрінген мүм­кіндік арқылы біліктілігімді арттырып алғым келеді. Алдағы уақытта Қазақстаннан қызықты ұсыныс түсіп жатса, барғым келетіні рас. Қазақстанда білім саласында, со­ның ішінде жағдайы жоқ балаларға тегін оқуға мүмкіндік беретін ортада қызмет еткім келеді. Сосын Қазақстандағы жоғары оқу орнында оқымағандықтан, елдегі оқыту­шылардың сабақ беруі мені қатты қызықтырады. – Әңгіме арасында елге ке­ліп-кетіп жүргенде уайым қы­латын мәселелер туындағанын ай­тып қалдыңыз. Сізді алаңда­та­тын не нәрсе? – Білім беру саласында қазақ­стандық оқытушылар, студенттермен араласып жүргендіктен, мені адами құндылық мәселесі қатты алаңдатады. Бұл тек Қазақстан емес, дамып жатқан кез келген мемлекет ішінде туындайтын мәселе. Әралуан қоғамның дәурені жүріп тұрған уақытта, біздің кім екенімізді жо­ғалт­пасақ деймін. Әлбетте, өзге тілді білуің керек, десек те өз тіліңді бәрінен жоғары қою керек екенін өкшемізді басқан сіңлі-інілерім түсінсе екен деймін. Мәселен, Фран­цияға барсаң, француздар ағылшын тілін жақсы білсе де, сенімен әдейі французша сөйлеседі. Сол секілді көптеген елге барғанда сол елдердің тілінде сөйлеуге мәжбүрміз, ал Қа­зақстанға келгенде орыс немесе ағылшын тілінде сөйлей жөнелеміз. Елге келген өзге елдің азаматы да қазақ тілінде сөйлеуге мәжбүр болсын. Жырақта жүрген соң, кейде қа­зақ тіліндегі сөздерді ұмытып, есі­ме түсіре алмай әлек боламын. Бұл – менің қателігім, мойындай-мын. Десек те, ана тілімді ұмытпай, ертең артымда қалатын ұрпағыма аманат етіп, таза қалыбында жеткізгім келеді. Өйткені, олар өзге тіл­де сөйлеп, қазақ тілін ұмытып кете ме деп алаңдаймын. Мұнда ше­тел азаматтары «Қайдан бола­сың?» деп сұрағанда, «Моңғолиядан­мын, бірақ қазақпын, қазақша білемін» деп әдейі айтамын. Себебі бұл – менің құндылығым, менің олардан өзгешелігім. Бір елде, бір жерде жұмыс істесек те, мен тіліммен өзгешемін, өз тілімді білетініммен өзгешемін.  

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ