Сайлаубай Жұбатырұлы: Сырдарияға қатысты мәселелер шешілмесе, экология бұрынғыдан да қиындай береді

Сайлаубай Жұбатырұлы: Сырдарияға қатысты мәселелер шешілмесе, экология бұрынғыдан да қиындай береді

Сайлаубай Жұбатырұлы: Сырдарияға қатысты мәселелер шешілмесе, экология бұрынғыдан да қиындай береді
ашық дереккөзі
Қалам қайратын тек көркем сөздің қамын күйттеуге емес, елу үш жылдан бері Арал теңізі тудырған экологиялық апат қатерін жан-жақты зерттеуге арнап, ол жайында жиі мәселе көтеріп жүрген жазушы-эколог Сайлаубай Жұбатырұлымен әңгімеміз еліміздегі су проблемасы, оның ішінде Сыр өңірінің экологиялық ауыр жағдайы туралы болды. Нақты деректермен дәлелді айтылған қаламгердің пікірлері тиісті орындарға ой саларлықтай. − Арал проблемасы дегенде ар­насы ұлы теңізге жетпей кө­мілген Әмудария еске түсетін. Кейін­гі кезде теңіздің бүгінгі қал­пын әупіріммен сақтап тұр­ған Сырдарияның да басына бұлт үйіріле бастағандай... − Орталық Азия аумағында ғана емес, әлемдік ауқымда Сырдария ұлы өзендер санатына жатады. Ке­ше­ге дейін ғасырлардан аман-есен жет­кен, бабалардан бізге қасиетті мұра болып қалған сондай киелерді қор еткен түріміз бар. Биыл көктем басталмай жатып, Сыр­дария жылдағы әдетінен жаңыл­ды. Жылда жазғытұрым тебетін қы­зыл су, көктемгі жайылма деген­дер­дің бір де болмады. Ол – ол ма, да­рия арнасында болуға тиіс «жан­ды» ағынның өзі, жаз шықпай, көз тү­біне кетті. Өткен қыстың жауын-ша­шыны жылдағыдан кем түскен жоқ, анау Шардараға да көп су бар­маған, сонда дарияның бұл жағ­дайы қалай деген сұрақ көп көңілде жүр­ді. Сөйтіп жүргенде, Өзбекстан же­ріндегі Сардоба су қоймасы сыр бер­ді. Сонда барып Сырға жетпей жат­қан судың қайда кетіп жатқаны бел­гілі болды... Сырдария әлемдік маңызы бар үл­кен «эко­логиялық дәліз» еді. Оның бойы­мен жы­лына 5-7 миллион жыл құсы ұшып өтетін. Биыл сол Сыр ас­па­нында бір құс көрінбеді... Халықаралық қатынастар ке­ше­нін­де, ор­тақ (трансшекаралық) су­лар қорын пай­да­ла­нуда бекем ұста­натын, яғни әлем мойындаған заң аясында және сол елдердің саяси мәде­ниеті мен өркениетті пайымы­на негізделген шарт­тар бар. Соның бірі – ортақ суды пайдалануда көр­ші елдер мүддесін ескеріп, пікірімен са­насу, мәмілелі бір тұғырда болу. Сол заң та­ла­бын орындап, Қазақстан 15 жыл бойы ең тө­менгі жақта жат­қан және әлем уайымына ай­налған Аралдың Солтүстік теңізін көтеру жұмысын ары жалғай алмай отыр... Еліміздің біраз суы көршілермен ортақ. Қара Ертісті бөле-жарған Қы­тайды айтпасақ, Үл­­кен Ертіс негізі, өзімізде өніп, көршіге қа­рай кетеді. Есіл, Тобыл да солай... Ал Жайық, Сыр, Шу, Талас, Іле көршілерден біз­­­­ге келеді... Осы­лардың ішінде Сыр (Әму) жайын ойласақ, өз аума­ғы­мызда да, сырт алапта да соншалық адам әрекетінің қатал қыспағына түскен мұн­дай өзен мен өлке сирек деуге болар еді... Ғарыш­керлер ай­тады: көктен Арал алабына көз сал­ғанда, әр тұстан бөгеле берген, жан-жақ­қа қисапсыз тартыла бер­ген көп суды кө­­ресің. Қызылқұм мен Қарақұмның беті − ша­шыраған бейберекет су. Кешегі КСРО-дан қал­ған және одан кейін де «мұрты бұ­зылмай» жалғаса берген, өзгеріссіз, керітартпа әрекеттің нәтижесі. Азат тарихымызда көл-көсір имандылық сөзінің тиегі ағытылғанмен, Сыр (Әму, Арал) басындағы жағдай, со­лай қала берген. Тіпті, онан ары кері кеткен! Дариялар бойында егістіктің, оның ішін­де, мақта мен күріш сияқты су-обыр дарада­қыл­­дардың аран-тәбеті қайтарылған жоқ. Осы­дан 27 жыл бұрын, бірінші Арал сам­ми­тіне келген көр­шілес 5 ел басшылығы осы жайтқа баса на­­зар аударып, дарадақылдар мо­нополиясын тежеуді салмақты сынға са­лып еді. Соның бәрі жай сөз болып, далада қал­ды... − Осындай жағдайда Сыр бойында мол суды талап ететін егін түрлерінің кө­ле­мін қысқартудың орнына көбейту қиын­дық тудырмай ма? − «Құлды мақтау өлтіреді» демекші, да­рия­ның мына жағдайында «Сыр бойы  ел күрі­ші­нің 90 процентін береді» деген көтеріңкі сөз кү­пірлік іспетті. Күріш деген асыл дәмнен бұ­рындары кенделік жоқ еді, кеңестік көкірек, кейін, нарықтық пайда қисабы осы тірлікті ел-жердің жарақатты проблемасына айнал­дыр­ды. Соңғы 30 жыл бе­дері соны көрсетіп тұр. Сондай сусамыр дақылдарды таптаурын дәс­түр бойынша Сырға таңа бермей, ел аум­а­ғына тарата өсіру мүмкіндігі бар. Бірақ бүгінгі ақи­қатта күріш міндеті тек Сыр бойына ғана қа­мыт боп кигізілгендей... КСРО саясатында Қызылорда жерінде 60-70 мың гектар көлемнен артпаған күріш­тік, биыл 90 мың гектарға бір-ақ жеткен! Мұның сыр­тындағы көлеңкелі (ұрлық) гек­тарлар ау­мағын білу мүмкін емес. Бізге мәлімі аздау, Оң­түстік өлкедегі мақталықтар жайын Құдай бі­леді! Міне, осының бәрі Сырдың басына жой­дасыз түскен зіл, нәубет... Ашығын айтсақ, Сыр диқандары биыл егін орағына әупірімдеп жетті. Біраз егін күйіп кетті... Сыр алабындағы агротехникалық сая­сат­қа те­рең, түбегейлі өзгерістер керек. Осыны бүгін ой­ластырмаса, ертең егін егетін жер де, су да, мал жаятын өріс те болмауы мүмкін... Дәстүрлі іргелі шаруашылықтардың мүм­кін­дігін сақтай отырып, диқан елдің шағын шаруашылықтарын мемлекет көмегімен, басқа тірліктерге ауыстыру – әбден толғағы жетіп тұрған мәселелер. Дария алабындағы күріштік ау­данын кешегі КСРО саясатындағы 60-70 мың гек­тарға, онан арғы болашақта 50 мың гек­тар­дан төмен деңгейге дейін түсіру жолдарын қарастыру қажет. – Соңғы дәуірде Сырдария ағып өте­тін аймақтарда, Арал маңында түрлі су қой­­ма­лары салынып, су шаруашылық­тары пай­да болып жатыр. Оған не қа­жет­тілік бар? – Сыр бойындағы «Көксарай» Аралға кө­­мек үшін!» деген зор уәжде салынды. Енді ол екін­ші Шардараға айнала ма? «Көксарай» мін­­деті – дарияның апатты жағдайына кері су рет­тегіш. Су реттегіш уәделі миссиясын үміт­ті Арал алдында орындауы керек... Соңғы кездері Сырдағы аз ағынды мей­лін­ше игеріп қалу мақсатында тағы да су қой­ма­ла­рын салу айтыла бастады. Қызылорда об­лы­сы­ның өзінде «Күміскеткен», «Қараөзек» қой­­ма идеялары бас көтерді. Бұл ондаған жыл­­дар бойы Арал халқы табанды түрде сұ­рап отыр­ған бір деңгейлі Кіші Арал ұсы­ны­сынан гөрі, қабағат басталды. Жаңа гектар­лар­ға ағыл-тегіл су керек... Кезінде КСРО шөл­ді өл­ке­де толыса ағып жатқан еркін да­риялардан эко­номикалық, әлеуметтік, тіпті, демог­ра­фия­лық мол пайда жоспарлап, бет қаратпас уәж­дермен Аралды өлтіріп тынып еді. Осы саясат 1993 жылғы тұңғыш Арал сам­митінде қатты сын­ға алынған. Елбасымыз дариялар бойын­да­ғы бір жақты саясат: дара дақылдар экспан­сия­сын тежеу, экстенсивті, ысырапшыл су пай­далану ісін тыю, үнемді жолдар, шаруа­шы­лық­тарды әртараптандыру, Арал, экология жайын оңалтуды баса айтқан еді. Қоймалардың булану, жерге сіңу шығыны ап­тап алапта көп су ысыраптайды. Оңтүстік көр­­шілер дария бойына сондай құрылыс са­­ла­мыз десе, біз Аралды алға тартып, эко­логия, әлеумет жайын айтып, халықаралық ауқымда орынды сөз көтеруіміз керек. Бұл әлем кеңіс­тігінде сауатты, өркениетті, дұрыс қадам­дарға жатады. Ал өзімізге келгенде, азын-шұғын су ағып жатыр екен деп, да­рияның шамалы ағынына қол сала беру не? Байланған судан да­рия атырауына, теңізге не қалады? Булану, жерге сіңу рәсуасының өзі Сыр аяғына жетер су­дың миллиондаған тек­ше метрін жоқ етеді... «Күміскеткен», «Қа­раөзек» су қоймалары туралы: «Үлкен Арал соры­на «Көкаралдан» жылына 3-4 тек­ше ша­қырым су құлап кетіп жа­­тыр. Соны шаруа­шылыққа уа­қыт­ша пай­далана тұруға бұл қоймалар керек, ертең Кіші Арал көтерілсе, олар өз «күшін жойып», суды тө­менге жібере­ді», – деген уәждер айтылады. Солай болса қане! Бірақ, «Көк­сарай» маңында жос­пар­ланып жатқан тір­ліктер анау – 60 мың гектар суармалы жер түсіру, ба­лық шаруашылығын дамыту... Шаруашы­лығы тамырланып қалған қызмет­тер ертең ауыздағысын бере қоя ма?..  Демек, «Көксарай» кері су реттегішінің рөлін қай­­та қарау керек. Төменгі ағыстағы «Күміс­кет­кен», «Қа­раөзек» су қоймаларының құры­лыс жұ­мыс­тары тоқ­татылуы керек! – Сыр бойындағы су тапшылығын жою­­дың амалы бар ма? – Өлкедегі бес ел басшылығы (әр кез­десу­де) сусамыр дарадақылдардың өрескел экспансиясын тежеп, бұл елдер мен ұлыс­тарда бар ондаған-жүздеген игіліктер мен халық кә­сіптерінің көзін ашуды, яғни өмір, дәс­түр, шаруа­­шылықтарды әртараптан­дыру­ды 30 жылға жуық уақыт бойы айтумен ке­леді. Өлке үшін алтыннан қымбат екі дария суы­­ның осындағы елдер арасында нақты үлес­ті сыбағалары бар. Біз дариялар суын ке­­шегі КСРО тәртібі бойынша пайдаланып ке­­леміз. Сол дәстүр-тәртіппен, (әзірге) 12 мил­­лиард текшеметр таза Сырдария ағыны Қа­­зақстанға тиесілі. 12 миллиард!.. Көпжыл­дық ор­таша көрсеткіш болып саналатын осы кө­лем проценті әр жылдың Құдай бұйыртқан суына байланысты Сырдариядан күтілетін су. Мұның әділетті түрде жүзеге асуы қатаң мониторинг және көршілер жерінен өтетін аманат-суға деген сол көршілердің иман­ды­лық ұстанымына байланысты. Айналып келіп, өзіміздің жер-суды қинай бермей, да­рия­дағы 12 (мүмкін, 16) текше километр заң­­ды суы­мыз­ды қорғап алу керек. Бұл – Сыр бойындағы көп жағдайды оңалтудың басты кепілі. Өз ішкі саясатымызда: Іле-Балқаш, Кас­пий-Жайық алабындағы өнегелі мысалдар үлгі­сін алып, енді Сырдарияны артық су жыра берумен, артық су қоймаларын сала берумен қи­нап қажеті жоқ. Жақын болашақта Солтүстік суларынан, Ертістен Арал алабына бір көлем ағын жеткі­зілуі қалайда жолға қойылады. Бұл қадам біз үшін ділгір өмір қажеттілігі болмақ. Қолға алы­нып жатқан Есіл бойындағы «Бұзылық», Ертіс­тегі «Шүлбі-2», «Бұлақ» нысандары, Ер­тіс-Қара­ғанды арнасын жетілдіру жұмыс­тары осы мақсатқа жақындата түсер баста­ма­лар. Оң­түстік бұл нысандардан үлкен үміт күтіп отыр. – Арал, Сырға қатысты проблеманы тү­­бегейлі шешу үшін Қазақстанға ха­лы­қ­а­ралық қауымдастықтың қандай кө­мегі керек? – Сырдария (Әмудария да) тарихи тағдыр бұйыртқан Орталық Азия табиғаты мен ха­лықтарының ортақ ризығы. Ғасырлардан өмір дәстүріне айналған бұл ақиқатты еш­кімге өрескел бұрмалап, жойдасыз бұзып, ақи­қаттан аттап кету құқығы берілмеген. Он­дай «құқық» арты – апат! Дүниеде биік тауларда, қаупі анық тұс­тар­да тоғандалған су қатерлі нысандар са­на­тына жатқызылады. Биіктен ары – биік бар, тоғаннан ары – алапат сел суын ұстап тұрған алып бөгеттер тұр (мәселен, Тәжікстандағы аса биікте тұрған Роғун ГЭС-і мен Сарез көлін алыңыз). Құдай бетін аулақ қылсын, солар «Сардоба синдромын» қайталаса, Тұран тағдыры не болар?.. Оңтүстік көршілер биік таулар басында − арғы көршілер жерінде салынғалы жатқан қуатты су қоймаларына қарсы үрейлі наразылықта өздерін қолдауды сұрап, Қазақстанға қанша рет жүгінді. Ал онан беріде суға тоймас Арнасай, салын­бақ­шы, Шымқорған сияқты тағы қанша нысан бар? Оларды неге айтпасқа? Бәрі де Арал қа­сі­ре­тінен, Арал өлімінен «семірген» ны­сандар. Мұндай ахуалда, Сырдария (Әмудария) ала­бына Біріккен Ұлттар Ұйымының бақы­лаушы, қадағалаушы, міндеттеуші миссиясын, күн ұзартпай, бүгіннен жіберу керек деген ой көкейде көптен жүр. Осы мұратты істі жария ету, жолға қою қажет! Ол миссияның нақты фор­маты мен әрекет ережелерін сол Бүкілә­лем­дік Гуманитарлық институт мүдделі, ын­талы тараптармен бірлесе отырып, ой­да­ғыдай жасап шыға алады деп сенемін. Сондай мис­сия, басқасын айтпағанда, жарты ғасыр­дан астам әлемдік ауқымдағы проблемалы Арал үшін де керек. БҰҰ, өз тәжірибесінде, де-факто апат, дау-жанжалдар етек алған жерлерге өз күштерін жібереді. Ал менің айтып отыр­ғаным, кәдімгі адами қисында, сондай жағдай бол­май тұрып (болмағанмен, мәселенің зілді бұлты бұл жерлерге баяғыдан көлеңкесін түсіріп тұр), мәселе ушықпай, бе­лең алып кет­пей тұр­ған­да, жағдайдың ал­дын алатын қа­рекет тура­лы. Ауырып ем іздегеннен гөрі, бел­гі бер­ген аурудың алдын алған – ақылдың ісі емес пе? – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан

Ахмет ӨМІРЗАҚ