«Ұлы дала әдебиеті»

«Ұлы дала әдебиеті»

«Ұлы дала әдебиеті»
ашық дереккөзі
Соңғы бірер жылда жарыққа шыққан кі­таптардың ішіндегі шоқтығы биік елеулі туын­ды – көрнекті мемлекет және қоғам қай­раткері, белгілі түрколог-ғалым, филология  ғы­лымдарының  докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің «Ұлы дала әдебиеті» атты еңбегі дер едік. Бұл кітапты автордың елу жыл бойғы жүргізген жүйелі зерттеулерінің жемісі деу­ге болады. Онда Ұлы дала әдебиетінің көне дәуір­дегі арғы тегі мен даму кезеңдері, кейіннен кемелденген жауһар мұра ретінде жер-жаһанға танылуы, жанрлық түрлері байып, жаңа заманға ұласқан сөз өнеріміздің алуан түрлі дәстүр сабақтастығы терең зерттеліп, жан-жақты пайымдалады. Автор ұлы дала әдебиетінің мың жылдан астам бұрынғы тасқа таңбаланған ежелгі мәтіндерін, қағазға түскен орта ғасырлардағы нұсқаларын, сонымен бір­ге ХХ ғасыр бедерінде ауызша үлгіде дамы­ған төкпе ақын-жыраулық поэзияның тұңғиық табиғатын кешенді түрде жүйелеп, сараптайды. Кітаптың аңдатпасында: «Кеңестер Одағының кезінде-ақ қазақ әдебиетінің тарихын 12 ғасырға тереңдеткен ғалымның бола­шақпен үндес еңбегі бүгінгі «Мәңгілік ел» мұ­ратын ұстанған тәуелсіз Қазақстан мем­ле­кетінің баянды болуына қызмет ете береді» деп көрсетіліпті. «Білікті ғалымның қолымызға тиген мына толымды еңбегі – оның ұзақ жылдар бойғы жүргізген зерттеулерінің алтын түйі­ні. Расымен тым ұзақ тарихи дәуірлер мен көшпелі ұлыстар жөңкілген сал­­қар кеңістікті қамтитын тамыры терең ежел­гі әдебиетіміздің дәстүр сабақ­тас­ты­ғын, бүгінмен жалғастығын саралаған іргелі еңбекті «Ұлы дала әдебиеті» деп ата­ғаны да орынды», – деген пікір білдіріпті Қа­зақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Сейіт Қасқабасов туындының алғысөзінде. Осы кітаптың Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық кітапханада өткен тұ­саукесерінде халқымыздың сүт бетінде қаймағы дейтіндей азаматтардың бұл кітапты ұлтымыздың рухани қазынасына қо­сылған елеулі үлес деп бағалағаны есімізде. Өзінің ата-тегін, бабалар тарихын білгісі келген жас ұрпаққа бұл кі­тап тамаша сыйлық, баға жетпес қымбат қа­зына деуге болады. Бұрынғы Кеңес дәуі­рінде шын тарихымыз оқытылмады. Осыдан 1200-1500 жыл бұрын ұлыс боп ұйы­сып, елдік құрып, мемлекет орнатып, тілі мен ділінің, тарихы мен әдебиетінің алтын сандығы – көне түркі алфавитін жетілдіріп, далалық өмір мен қалалық салтты шебер ұштастырып, уақытына сай сәулет өнерін дамытып, өткен әруақтарына арнап мүсіндер қашап, ұрпағына байтақ тарихи-мәдени мұралар қалдырған бабаларымызға бүгінгі таңда біздердің алғыстан басқа ай­тарымыз жоқ. Әлемдік өркениет да­муы­ның одан кейінгі табысты қадамдары, гүлденген, қарыштап алға басқан дәуірлері Еу­ропа елдерінің басына бақ болып қонған ғасырларда Азия мен Африканың көптеген елі сияқты ұлы даланы мекен еткен бабаларымыздың да тарих керуенінің кө­шінде біраз кешеуілдеп, қағаберісте қа­лып қойғанын білеміз. Ал тағдыр да, тарих та ке­шеуілдеп қалғанды кешірмейді. Сон­дықтан да біз кейінгі ғасырларда, әсіресе кешегі кеңестік заманда өз мұрамызға, бас билігімізге өзіміз ие бола алмай қалған, өзгеге жалтақтап қараған елге айналдық. Же­ке халық, ел ретіндегі ұлтымыздың тари­хы кеңестік кезеңдегі оқулықтарда оқы­тылмады. Ал орта мектеп пен жоғары оқу орындары пәндерінде әдебиетіміздің тарихы ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген Бұқар жы­раудан басталады деген сол кездегі идеологияға, саясатқа сай әділетсіз қағида бе­рік орныққан-ды. Міне, осындай жағ­дайда, сірескен тоңды бұзып, ұлтымыздың ұлы тұлғалары М.Әуезовтің, Ә.Мар­ғұлан­ның бағыт-бағдар беріп, жол нұсқауымен, профессор Б.Кенжебаевтың жетекшілігімен қазақтың рухани әлемін көне түріктер дүниесімен салғастыра зерттеуді тәуекел деп қолға алып, осы іске барлық қажыр-қайратын, бірнеше жыл өмірін арнап, «Көне түрік әдеби ескерткіштері және олар­дың қазақ әдебиетіне қатысы» деген та­қырыпта кандидаттық диссертация қорғап, тарихымыз бен әдебиетіміз жөніндегі шынайы әділеттілікті қалпына келтірген М.Жолдасбековтің ерен еңбегі қан­дай марапатқа да лайық екенін тағы бір айта кетудің артықшылығы жоқ дер едік. Кітап құрылымы жүйелі, мұқият, сәт­ті ойластырылған. Ол бес бөлім­нен тұрады. Бірінші бөлімі «Орхон ескерткіштері – ұлы дала жыры» деп аталыпты. Осы бөлімде тарихи және жер бетіндегі гео­­саяси жағдайына байланысты Еуропа мен Азия сияқты қос құрлықта өмір сүрген біздің бабаларымыз – байырғы түріктер туралы, олар құрған қағанат, біздің қазіргі тілімізбен айтқанда мемлекет жайында дәйек­ті, дәлелді мағлұматтар беріліпті. Тас­та қалған жазулар, тіліміздегі осы кезге дейін сақталған «Ұлың – Ұрымға, қызың – Қырымға», «Барар жерің Балқан тау, ол да біздің барған тау», «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды», «Сүңгінің жарасы бітер, тіл жарасы бітпес» деген сияқты ертедегі Түрік қағанаты үстемдік құрған кездерден бізге жеткен мақал-мәтелдер мыңжылдықтар тереңінде қалып қойған шынайы тарихымызға сәулесін түсіреді. Өркениет өрнегінде өзіндік орны бар, Орхон өзені бойында, ашық аспан астында сақталған ескерткіштердің қалай табылып, зерттелгені жөніндегі деректер қызықты оқылады. Ескерткіш тастардағы көне жазу­лардың, әріптері де, сөздері де, қай тілде жазылғаны да мүлде белгісіз, шытырман жұмбақтың шешімін Дания ғалымы, Копенгаген университетінің салыстырмалы тіл білімі кафедрасының профессоры Вильгельм Томсеннің табуы – ол да өз ал­дына қызғылықты хикая. Кітап сізді еріксіз еліктіріп, есіл-дертіңізді баурап алады. Алға жетелейді. «Иә, ескерткіштерді жасаушылар да, оның бас кейіпкерлері де – түрік халқы, түрік жері, оның батырлары еді. Ал, көне түрік дегенді көбіне көне қазақ тайпалары деп ұққан жөн болады», – дейді кітап авторы М.Жолдасбеков. Ескерткіштердің тілін зерттеген түрколог ғалымдар П.Мелиоранский мен С.Малов та ол жаз­балар­дың тілі қазіргі қазақ тіліне көбірек келе­тінін баса айтқан. Жалпы, Орхон ескерткіштерінің бү­гінгі таңда орыс тілінде жария­лан­­­ған аудармасының екі түрлі үлгісін атауға болады. Біріншісі – қара сөз тү­рін­дегі мағыналық аударма. Бұған В.Радлов, П.Мелиоранский, С.Маловтардың аудармасы жатады. Екіншісі – И.Стеблеваның өлең түріндегі аудармасы. Түрік тілдерінің білгірі, академик С.Маловтың аудармасы дәл­дігі тұрғысынан да, ғылыми негізділігі тұр­ғысынан да өзіне дейінгі еңбектерден әлдеқайда жетік, биік дәрежеде жасалса, И.Стеблева ескерткіштің жанрлық ерекшелігін тереңдей зерттеп, стилін де сақ­тауға тырыса отырып, өзіне дейінгі аудар­ма­лардың кемшіліктерін ескеріп, көптеген жеке сөздердің баламаларын дәл тауып, тұңғыш рет оны орыс тіліне өлеңмен аударады. Кітаптың осы бірінші бөлімінде Ор­хон ескерткіштерінің көне тү­рік тіліндегі мәтіні мен М.Жолдас­беков­тың ас­пирантурада оқыған жылдарда күні-түні ең­бектеніп, шашын ағартып, көз майын тауысып жасаған аудармасының және ес­керткіштердің орыс тіліндегі нұсқалары­ның да қоса берілгені кітаптың құнды­лы­ғын арттыра түсіп тұрғанын айтқанымыз жөн. Кітаптың екінші бөлімі «Ұлы дала жы­рының жанрлық-поэтикалық си­паты» деп аталыпты. Бұл бөлімде Орхон ескерткіштерінің жанрлық ерекшеліктері мен поэтикалық қасиеттеріне терең талдау жасалады. Орыстың алғашқы зерттеуші ға­лымдары Орхон мұраларын түрік халқы та­рихының қысқаша шежіресі ретінде таныса, И.Стеблева: «Туған елінің тәуел­сіздігі мен құлдыққа қарсы күресін, хал­қына және оның ерлеріне деген сүйіс­пеншілігін ақындық шабытпен жазған Орхон мәтіндерін жалаң тарихи (тарихи-өмірбаяндық) деректемелерге жатқыза қоюға болар ма екен? Керісінше, белгілі бір ақындық дәстүрдің ортасында туған осы жазуларды тарихи-ерлік поэма деп тану әлдеқайда орынды болар еді», – деген пікір білдіріпті. Кітап авторы негізінен осы пікірге қосыла отырып, Орхон жырлары тек қана өлеңге құрылмағанына, арасында қара сөз араласып келіп отыратын өзіміз­дің «Алпамыс», «Қобыланды» тәрізді эпи­калық жырларды еске салатынына назар аударады. Он тоғызыншы ғасырдың соңғы ши­регінде Қазақстанды аралаған ке­зінде В.Радловтың ел аузындағы Асан Қай­ғының, Абылдың, Бұқар жыраудың, тағы басқаларының толғауларын естіп таңғалғанын, «Қазақ, қырғыз шешен болады. Олар түрк тектес басқа халықтардың қай-қайсысынан болсын сөзге ұста келеді... Сөйлеп тұрғанда кідіру, күрмелу дегенді білмейді... Көп уақытта қазақ, қырғыздың сөзі өлең, жыр тәрізді болып келеді: сөздері ыр­ғақты, ұйқасты шығады... Олар шешен, өт­кір, көркем сөзді сүйеді. Поэзияны қа­дірлейді. Сондықтан да оларда халық поэзиясы мейлінше дамыған. Қазақ, қырғыз­дың мақал, мәтелі болсын, жоқтау, қош­тасуы болсын, айтыстары мен билік сөз­дері болсын – бәрі де өлең, жыр болып ке­леді», – деген пікір қалдырғанын білу бү­гінгі бізге де қызықты. Кітаптың үшінші бөлімі «Қағазға таңбаланған қаһармандық дастандар» деп аталыпты. Қазақ әдебиетінің те­рең тамырлары Орхон ескерткіштеріндегі тасқа қашалған ежелгі жырлардан бастау алса, кейінгі дәуірлердегі Қорқыт ата жайындағы аңыздарда, жырларда, әйгілі «Оғыз-нама» шығармасында одан әрі жалғаса түскен. Қорқыт ата хикаялары ҮІІ-ХІІІ ғасырларда Сыр бойын жайлаған оғыз-қыпшақ тайпалары арасында туып, ауыздан-ауызға көшіп, түрік тектес ха­лық­тардың бәріне жайылған деген болжам бар. Қорқыт тарихта болған адам, ол өзі туған Сырдың бойында дүние салған. Бейіті Қызылорда облысы Қармақшы ауда­нын­дағы Қорқыт стансасының түбінде, Сыр­дың жағасында. Қорқытты жұрт әруақ, бақ­сы, әулие ретінде де қадірлеп, ардақ­таған, әртүрлі дерттен айығу мақсатымен оның қабіріне келіп түнейтіндер қай кезде де аз болмаған. Қорқыт атадан қалды дейтін шешендік нақыл, ойшыл, өсиет сөздер де көп. ХІІ ғасырдан бастап Қорқыт хикаялары әр жерде көшіріліп, кітап болып тарала бастаған. Қорқыт есімімен байланысты аңыздың дені оның өлімімен сабақтасады. Ол өлім деген опатқа наразы болып, одан құтылудың жолын іздеп шарқ ұрады, желмаяға мініп, шартарапты кезеді, қайда барса да алдынан өзіне деп қазылып жатқан көр шығады. Сондай аңыздардың бірінде өлімге қарсы күрескен Қорқыт өлерін сезген соң күн демей, түн демей, өзі шығарған «Өмір жыры» күйін толассыз тартады. Ажал талай рет төніп келеді, бірақ бебеу қаққан қобыз күйі оған Қорқытты алдыртпайды. Ұйқысыз өткен талай күн, талай түндерден қалжыраған Қорқыт ата бір сәт қалғып кеткенде, ажал «Қайрақ жылан» дейтін улы жыланның бейнесінде келіп, Қорқытты шағып өлтіреді. Қорқыт туралы оның әдепкі жазбаларынан бізге екі түрлі нұсқасы ға­на жетіп отыр: біріншісі және толығырақ нұс­қасы Ватиканда (Римде), екіншісі, кө­лемі шағын нұсқасы, Дрезден (ГДР) кітап қоймаларында сақталуда. Қорқыт туралы хикая бір-біріне тығыз байланысты, бір арналы 12 дербес дастаннан тұрады. Қор­қыт ата кітабы осыған дейін қазақ тіліне орыс тіліндегі нұсқасынан аударылған, сон­дықтан онда орыс тілінде жіберілген кемшіліктер сол күйінде қалған. «Мен бұл асыл жауһарды қазақ тіліне Дрезден нұсқасынан аударудамын. Оның транскрипциясын түсініктемесімен, сөздігімен қоса аяқтау үстіндемін», – депті Мырзекең. Сөйтіп ол бұл кітабына өзінің аудару үстіндегі «Қорқыт ата кітабынан» қазақ эпостарының табиғатына өте жақын деген үш жырды іріктеп алып кіргізіпті. Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді дегендей, оларды оқыған адам Қорқыт Ата кітабының көр­кемдік деңгейінің жоғарылығы мен құн­дылығын сезіне түсері анық. Қорқыт Ата­ның музыкалық мұрасы туралы да осы бө­лімде айтылады. Ал «Оғыз-нама» Оғыз қағанның ата-тегін, өмір жолын, күресін баяндайтын мифтік сюжеттегі ерлік жырға жатады. «Жыр негізгі екі бөлімнен тұрады: 1) Оғыздың өсуі, билікке келуі; 2) жорық­тары мен соғыстары. Алғашқы бөлім шы­ғарманың халық аңызы мен ертедегі миф­теріне сәйкесті екенін аңғартса, соңғы бөлімінен тарихи деректердің кейбір елесі көрінеді. Шығармада аты аталатын жер, тайпа, мемлекет аттары шындыққа жанасады», – дейді кітап авторы. Тағы бір қайран қалатын жағдай, тым ерте туылғанына қарамастан, осы жырда қазіргі қазақ тілі құрамындағы көп сөздердің қаймағы бұзылмаған қалпында кездесетіні. Мысалы: тәңрі, өң, қас, шаш, шырақ, інжу, күн, ай, жұлдыз, көк, ет, бел, бөрі, жылқы, ат, киік, бұғы, төл, қой, айғыр, қымыз, сүт, теңіз, қап-қара, қып-қызыл, қылыш, қалқан, орман, жар­лық, байлық, қыз, жігіт, тағы басқалары. Ескеретін бір жағдай, заманымыздың ХІІ ғасырынан бастап көркем әдебиет те негізінен оғыз-қыпшақ тілдерінде туып, дами бас­таған. Беріректе, әсіресе Алтын Орда (ХІІ-ХІV ғ.ғ.) дәуіріндегі әдебиет көбіне қып­шақ тілінде жасалған. Ал қазақ халқы түрік тілдерінің ішінде осы аталып отырған қыпшақ тіліне жататыны белгілі. Кітаптың төртінші бөлімі «Ауызша дәстүр арналары» деп аталыпты. Бұл бөлімде қазақ поэзиясындағы жы­рау­лық дәстүр, Мұхтар Әуезов Жетісу ақын­дары­ның алтын діңгегіне балаған Сүйінбай мен бүкіл әлем заманымыздың Гомері, теңдесі жоқ ақын, жырау деп таныған Жам­былдың айналасы, олардың өлең өлкесіндегі айшықты мұрасы сараланады. Сүйінбай да, Жамбыл да өз уақытындағы, өз заманындағы ең атақты ақындармен айтысқан және солардың бірде-бірінен жеңіліп көрмеген құдыреттер еді ғой. Өз сөзімен айтқанда, Сүйінбай – қынаптағы қылыш, аспаннан түскен жасыл, соғып тұрған құйын, ескен қызыл жел, жүйріктей жалын тараған, күніне шауып жараған, айтысқанды шаңына көмген жүйрік, айтысқанның басынан өлең жаудырып, миын шайқалтқан жырдың бораны, қияқты сұңқар. Сүйінбай жырларынан оның алмастай өткірлігі де, шайқалған жор­ғалығы да, тұлпарлығы да, даңғыл жыраулығы да айқын көрінеді. Жамбыл Сүйінбайды өмір бойы өзіне ұстаз тұтып өткені белгілі. Кезінде М.Әуезов: «Жамбылдың өз айналасына келгенде, қоюланған қалың үйір, үлкен шоғыр, ордалы өлеңді көруге болады» деген ғой. М. Жолдасбеков мына кітабында сол аталған қалың, іргелі ақынның көбі әлі зерттелмегеніне назар ау­дарады. Сол кемшіліктің орнын толтырар деген ниетпен Майкөт, Қуандық, Құлмамбет, Сарбас, Кенен, Орақбай, Сауытбек сынды ақындардың өмірінен, шы­ғар­машылығынан жаңа дерлік мағлұматтар ұсынады. Біз солардың кейбіреулеріне ғана қысқа-қысқа тоқтала кетпекпіз. Осында ата­латын Қабан кезінде өте ірі жырау бол­ғаны, айлап айтса таусылмайтын ұзақ эпос­тарды, замана жайындағы терең толғауларды жырлағаны белгілі. Оның есімі өзінен кейінгі ақындардың аузынан түспеген. Сүйінбай жасында Қабанның кө­шінен жеті күн қалмай ілесіп жүріп бата­сын алған ғой. Ал, Майкөтке келсек, ол да аса ірі, өте шебер ақын. Оны оқушы қауым Құлмамбетпен айтысынан да, «Алпамыс» жырынан да анық біледі. Ол неше алуан эпостарды, қиссаларды жырлап, байтақ аңыз-әңгімелерді баян еткен. Жамбыл «Көрұғлы сұлтанды» Сарыбайдың асы өткен соң Әулиеатаға арнайы іздеп барып, сол Майкөттен үйренеді. Майкөт «Көр­ұғ­лы­­ны» қырық күн жырлайды екен, Жамбыл он бес күн жырлаған. Құлан аян (Құ­лан аяқ емес Құлан аян – албанның бір тар­мағы, Құлмамбет шыққан рудың аты) Құл­мамбеттің эпик әрі ірі айтыс ақыны екенін айтады автор. Құлмамбетті жең­геннен кейін Жамбылдың атағы жер жара­ды. 1881 жылғы сол айтыстан кейін Құл­мам­бет Жамбылға құрметті аға, айнымас дос болып кетеді. Жамбылдың ауылына үне­мі келіп тұрады. Қартайған шағында Оң­түстік өлкесін аралап, Әзіреті Сұлтанға (Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі) барып зиярат етіп, қайтарында еліне жете алмай, Алматыдан алпыс шақырым жер­дегі Түргенде дүние салады. Ақынның өлер алдында айтқан өлеңін М.Жолдасбеков 1976 жылы Түргенде тұратын 93 жа­с­тағы бір қариядан жазып алып, «Жұлдыз» журналында жариялаған еді. Бұл өлең ақынның өмірінен көптеген құнды деректер береді: жетпіс жеті жасында дүние сал­ғаны, артында кәрі анасы мен жалғыз ұлы қалғаны айтылып, албанның көптеген батырлары мен шешендерінің, қадірлі аза­маттарының есімдері аталады. Бұл төртінші бөлім автордың: «Кенен Әзірбаев – сан өнерді жарастырып тең ұстаған ұлы өнерпаз, жырау әрі ақын, жыр­шы әрі күйші, әнші әрі композитор, ше­жіреші әрі ел мұрасын сақтаушы үлкен қай­раткер. Оның байтақ мұрасы хал­қы­мыз­дың биік эстетикалық мұраты есебінде ұрпаққа үздіксіз қызмет ете береді, ғалымдар тарапынан зерттеле береді. Қа­шанда оның аты ұлы Жамбылдың есімімен егіздің сыңарындай бірге аталатын болады. Жам­был мен Кенен маңдайындағы қос шы­рақтай, халық поэзиясының айы мен жұлдызындай, мәңгі бірге жасайды, дом­быраның қос ішегіндей бірге күй шертеді, жыл асқан сайын арман, құдырет, аңыз адам­дарына айнала береді, алыстаған сайын Алатаудай сұлуланып, биіктей береді», – деген кемел пікірімен түйінделеді. Сонымен, кітаптың «Алтын түйін» деп аталатын бесінші, соңғы бөлі­мі­не де келіп жеттік. Бұл бөлім Күлтегін ес­керткішінің ғылыми көшірмесінің Қа­зақ­станға әкелінуіне арналыпты. Бұл бө­лімді оқып отырғанда біз сексеннің сең­гірі­нен асқан Мырзатай ағамыздың өзімен жүзбе-жүз кездесіп, ауызба-ауыз сырласып отырғандай күй кешеміз. «Қырық жылдан бері ойымнан кетпей жүрген тәтті бір аңсар бар еді. Ол өзім саналы ғұмырымды ар­наған Орхон-Енисей ескерткіштерінің ішін­дегі айбынды нысанасы – Күлтегіннің Көк­тасының қазақ елінің төрінде тұр­ға­нын көру болатын. Сондай мүмкіндіктің туғанына, жай ғана көруді емес, сол арманым­ды өз қолыммен жүзеге асыруға орайын келтірген бақ-талайыма разымын. Ұлы Күлтегіннің көктасын таң сәулесімен бірге Астана қаласының вокзалында қарсы алған сәттегі және оның университеттің сарайындағы мәңгілік тұғырына қонды­рылған кезіндегі тебіренісімді айтып жеткізе алмаймын», – дейді ол ағынан жарылып. Күлтегін ескерткіші тұғырға қон­дырылып, ескерткіш ашылған сәттегі Елбасының: «Біз төл өркениетіміздің сілемі терең екеніне, өнегелі екеніне бұрын да қанық болатынбыз, бұрын да білетінбіз, бұрын да көңіліміз жететін. Бүгін баршамыз болып, қатпары қалың болғанмен, оқу­лығы жұп-жұқа көне тарихымыздың куә­сімен жүздесіп, тағзым ету бақытына ие боп тұрмыз», – деген. Иманғалидың: «Ел­басы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Қа­зақстан Үкіметі 1997 жылдан бері шұ­ғылданған шаруаға бүгін нүкте қойылып, Көк түрктер дәуірінің баға жетпес рухани бай­лығы – Күлтегін ескерткіші ортала­рыңыз­ға келіп орнықты... Бүкіл Түрк дүниесінің Құраны деп атауға тұрарлық осы­нау жазбалардың ең басты қасиеті, ең негізгі құдыреті – оларды жасаушылардың асқақ рухында, өр намысы, өлмес еркі, мұқалмас жігерінде», – деген, Олжастың Кеңес Одағы кезінде көне түрк ескерткіштерін көру үшін Моңғолияға әдейі іздеп барғаны, бабаларымыздың ұрпақтарына арнап тасқа қашап қалдырған өсиет сөз­дерін көргенде көзіне еріксіз жас келгені, кенет тасты зақымдаған таңбаны көріп, оның Шыңғыс хан кезінен қалмағанын бірден байқап, себебін сұрағанда, «осы тұста Кеңес Одағының әскери бөлімі бар, маңайдан нысана етер ешнәрсе табылмаған соң, солдаттары атқан ғой» деген жауапты естіп, жаны күйзелгені, Моңғолияның, Кеңес Одағының мәдениет министрліктеріне барып, бұл ескерткіштердің тек түрк халықтарының емес, әлем өрке­ние­тінің баға жетпес құндылықтары екенін айтып түсіндіруге тырысқаны туралы сөз­дерін толқымай оқу мүмкін емес. Мен өз өмірімнің бес жылын Мыр­зекең туралы роман жазуға арнадым. Ол роман сәтті шықты. Шығармашы­лық тұрғыдан алғанда мен Мырзекеңді өзі бүкіл өмірін зерттеп, кітап жазған Жамбыл ба­бамызға ұқсатамын. Жамбыл бабамыз жүз­ге келгенше шығармашылық дарынынан, қуатынан айырылмаған ғой. Жылдар ал­ға жылжыған сайын Мырзекең де өзінің шы­ғармашылық, зерттеушілік, ұйым­дастырушылық, еңбек ету қуатының мол екенін көрсетумен келеді. Мемлекеттік сый­лыққа ұсынылып отырған мына соңғы кі­табы – соның айғағы.

Болат БОДАУБАЙ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері