Қашықтан оқыту: Оқушыларға үлестіру үшін қосымша 300 мың компьютер сатып алынады

Қашықтан оқыту барысында пайдалану үшін 435 мың компьютер уақытша қолданысқа берілген. Жуырда осы мақсатта тағы 300 мыңнан астам компьютер сатып алынып, мұқтаж азаматтарға, оқушыларға таратылады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты. 

Министрдің сөзінше, елімізде орташа есеппен 2 млн сабақ жүргізіледі.

«Күн сайын балалар 70-80 млн рет онлайн сабақтарды білім беру платформаларынан көріп отыр. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Бір аптада 12 млн жеке қолданушы интернет платформаларды пайдаланған. Енді аптасына 6 күн сабақ оқиды есек, күніне 2 миллионға жуық адам аталған платформаларға кіріп, тиісті жұмысын істеп жатқанына көзіміз жетеді. Мысалы, Күнделік платформасына ғана күніне 700 мың баға қойылады. Күніне бір миллион тапсырма беріледі. Мұның бәрі сабақтың жүргізіліп жатқанын және әріптестеріміздің үлкен еңбек атқарып жатқанының белгісі», – деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін вице-премьер Ералы Тоғжанов қашықтан оқыту оқушылар мен мұғалімдердің денсаулығын сақтау үшін қабылданған шешім екенін мәлімдеді. Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, оқушылардың білімі өте маңызды, дегенмен, олардың денсаулығы басты назарда әрі басты мақсат.

Еске сала кетсек, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова қашықтан оқыту форматының тиімділігіне күдік келтіріп, дәстүрлі оқыту форматын қайтаруды талап еткен болатын.

Депутаттың айтуынша, қашықтан оқыту салдарынан білімнің сапасы төмендеді. Балалардың техникалық мүмкіндігі бірдей емес. Содан білім алу жағынан теңсіздік анық байқалған. Ата-аналар болса, жұмыс істеудің орнына балалардың жанында отыруға мәжбүр.

 

Back to top button