Алғашқы жарты жылдықты қорытындылады

Алғашқы жарты жылдықты қорытындылады

Алғашқы жарты жылдықты қорытындылады
ашық дереккөзі

Бүгін облыс әкімдігінде өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов ОҚО Жергілікті полиция қызметінің бастығы Б.Абылаевтың бірінші жарты жылдықта атқарылған жұмыстар жөнінде есебін тыңдады.

Есепті кездесуде полиция қызметінің басшысы 6 айда құқық қорғаушылармен 18 рет кең көлемді жедел алдын алу шаралары ұйымдастырылып, облыстағы жағдай біршама тұрақталғанын жеткізді. Атап айтқанда, өңірдегі аса ауыр қылмыстар мен бұзақылық фактілері 13,5 пайызға кемісе, жол-көлік оқиғаларының жалпы саны азайған. «Жергілікті полиция қызметінің қылмысқа қарсы күрес, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарған жұмыстарының пәрменділігі өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда арта түсті. Учаскелік полиция инпекторларының ең негізгі жұмыстары ол, құқықбұзушылықтардың алдын алу және оларды дер кезінде ашу болып табылса, жыл басынан олардың жеке іздестіруімен ашылған қылмыстар саны 1709-дан 1911-ге немесе 11,8 пайызға артты», - деді Б.Абылаев.

Елбасының бес институционалды реформасын іске асыруға арналған «100 нақты қадам» - Ұлт жоспары аясында құрылған құрылымның жұмысымен танысқан облыс әкімі саладағы қоғамдық тәртіпке байланысты жұмыстарға сын, ескертпелер айтып, ұсақ құқықбұзушылық пен нөлдік төзімділікті бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметінің аудан, қаладағы бөлімшелерінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізіп, бірқатар ескертулер берді.

Өз кезегінде, сөз алған облыстың бас прокуроры И.Иманов заңдылықты қадағалау жұмыстарына қатысты аталған құрылымның бірқатар кемшіліктерін жеткізді.