Праймериз: Үміткерлердің үгіт-насихат жүргізуіне шектеу қойғандар жазаланды

Праймериз: Үміткерлердің үгіт-насихат жүргізуіне шектеу қойғандар жазаланды

Праймериз: Үміткерлердің үгіт-насихат жүргізуіне шектеу қойғандар жазаланды
ашық дереккөзі
Алматыда «Nur Otan» партиясы праймеризінің үгіт-насихат шараларын ұйымдастыру кезіндегі бұзушылықтарға қатысты екі бірдей шағым түсті. Партияішілік сайлау шеңберінде әділетсіз бәсекеге жол берілгені анықталды. 8 қыркүйекте қаланың Әуезов ауданында өзін-өзі ұсынған қатысушы Ерлік Қасабаевтың сенімді өкілінен шағым түсті.  Айтуынша, үміткер "Денсаулық" бастауыш партия ұйымына үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін партия мүшелерімен кездесу ұйымдастыруды  сұрап хабарласқан. Алайда бастауыш партия ұйымының хатшысы кездесу ұйымдастырудан бас тартқан. Хатшы кімге дауыс берілетіні шешіліп қойғанын алға тартыпты. Сол күні партияның Әуезов аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтіп, партияның праймериз қатысушысына дұрыс жауап бермегендер сөгіс алды. Келесі шағым партияның орталық аппаратына көпбалалы анадан түсті. Праймериз қатысушы Гаухар Танашева  Алматыдағы «Бiрлiк» бастауыш партия ұйымынан үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін партия мүшелерімен кездесу ұйымдастыруды сұраған. Алайда оның өтінішіне ешкім құлақ аспаған. 8 қыркүйекте партияның Бостандық аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының отырысында праймериз қатысушысының өтінішін елемегендерге ескерту жарияланды. Айта кетейік, «Nur Otan» партиясының праймеризі шеңберінде үгіт-насихат шаралары  7 қыркүйекте басталды.Праймериз сайтында дауыс берушілер кандидаттардың бағдарламаларымен танысып, пікірсайыстарды онлайн түрде бақылай алады. Онлайн дауыс беру 1-3 қазан аралығында өтеді. Партияішілік сайлау нәтижесі 5 қазанда жарияланады.