Коронавирус құрбандарын масылдар деп атаған молдовалық шенеунік отставкаға кетті

Коронавирус құрбандарын масылдар деп атаған молдовалық шенеунік отставкаға кетті

Коронавирус құрбандарын масылдар деп атаған молдовалық шенеунік отставкаға кетті
ашық дереккөзі
Молдованың бас эпидемиологы, Ұлттық қоғамдық денсаулық агенттігінің басшысы Николае Фуртунэ коронавирустан қайтыс болғандарды масылдар деп атады және отставкаға кетті, деп хабарлайды «Sputnik Молдова». «Жұрт мені жазғырғанын қаламаймын, арсыз болып көрінгім келмейді, бірақ коронавирус бүкіл әлемде өзі үшін және айналасындағылар үшін масыл болып келген адамдардың өмірін қиды», - деді Фуртунэ телесұхбатта. Ол қатерлі ісік, қант диабеті, жүрек-қантамыр ауруларының асқынған түрімен ауырған науқастар жайлы сөз етіп отырғанын нақтылады. Дәрігердің бұл сөзі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Фуртунэ көпшіліктен кешірім сұрады, алайда Молдова президенті Игорь Додон бұл жеткіліксіз екенін мәлімдеді. Елдің үкімет басшысы Ион Кикудың қабылдауына барған кезде эпидемиолог отставкаға кететінін хабарлады. Молдваның денсаулық сақтау министрі Виорика Думбрэвяну де Фуртунэнің сөзі үшін кешірім сұрады. «Коронавирустың салдарынан жақынынан айрылған әрбір азаматтан кешірім сұраймын. Дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады», - деді ол. Айта кетейік, пандемия басталғалы бері Молдовада 40 мыңнан астам адам індет жұқтырды, 1 мыңнан аса адам қайтыс болды. Ал әлемде коронавирус құрбандарының саны 898 мыңнан асып жығылды.