Кері әсері байқалған: Ұлыбританияда коронавирусқа қарсы вакцина сынағы тоқтатылды

Ұлыбританияның Оксфорд университеті мен AstraZeneca жасаған коронавирусқа қарсы вакцинаның соңғы клиникалық сынақтары тоқтатылды. Бұған препараттың елдегі қатысушыларының біріне кері әсер етуі себеп, деп хабарлайды BBC. 

Оксфорд университеті мен AstraZeneca бірлесе жасаған вакцина әлемде жасалып жатқан үздік екпелердің бірі саналады. Екпе  сынақтың алғашқы екі кезеңінен сүрінбей өткен. Алайда 3-тестілеу кезеңінде сәтсіздікке ұшырады.

Сынақтың үшінші кезеңіне қатысуға  АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия және Оңтүстік Африка елдерінен 30 мыңға жуық адам ниет білдірген.

Әлемдік медицина тарихына көз жіберсек, вакциналарды сынаудың 3-кезеңіне әдетте мыңдаған ерікті қатысады. Сынақ бірнеше жылға созылуы ғажап емес.

Еске сала кетейік, ресейлік «Спутник V» вакцинасының алғашқы партиясы азаматтық айналымға шықты. Вакцинаны Гамалея атындағы ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы жасаған. Сынақтар Ресейдің Денсаулық сақтауды қадағалау қызметінің зертханаларында жүргізілген.

 

Back to top button