Допинг дауы бітпей тұр
Допинг дауы бітпей тұр
Қазақстандық ауыр атлет Алмас Өтешов қайтадан допинг дауына ілікті. Спортшының 2012 жылы Лондонда тапсырған сынамасында тыйым салынған заттардың бар екені расталды. Бұл туралы Халықаралық ауыр атлетика федерациясының сайтында жарияланды.
Өтешовтің допинг сынамасында анаболикалық стероидтар, дегидрохлорметилтестостерон мен станазолол анықталды. Ол 2012 жылы өткен Лондон олимпиадасында 7-орын алған болатын.
Осыған дейін 2015 жылы Хьюстонда өткен әлем чемпионатынан кейін Өтешовтің допинг сынамасында осыған ұқсас заттар табылған болатын. Сондықтан қазіргі уақытта спортшы жарыстардан шеттетілді. Қазақстандық ауыратлеттің допинг сынамасынан басқа тағы да Ресейден, Молдавиядан, Армениядан, Түркиядан, Грузиядан және Әзірбайжаннан келген ауыр атлеттердің сынамасынан тыйым салынған заттар табылды. Стероид Лондонда өткен Олимпиадада Илья Ильяинмен бірінші орынға таласып, жеңілген ресейлік ауыр атлет Александр Ивановтан да анықталды. Естеріңізде болса, биыл маусым айындағы Қазақстан чемпионатында ауыратлет Владимир Седов Ивановка қолдау көрсетпекші болып, оның жейдесін киіп шыққан еді.
Алмас Өтешов - әлем чемпионатының жүлдегері. Жасы 28-де. Ауыратлет Қызылорда облысының атынан шығып жүр. Сондай-ақ, ол Илья Ильиннің командасында жаттығатын шәкірті.
Еске салайық, маусым айының басында шетелдік ақпарат құралдары қазақстандық ауыратлеттердің қанынан допинг табылғаны жөнінде хабарлаған болатын. Олардың мәліметінше, Илья Ильин мен Зүлфия Чиншанло алдағы Олимпиада ойындарына қатыса алмауы мүмкін. Кейін Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті қазақстандық спортшылардың "Б" допинг сынамаларының қосымша тексерілу процедурасын растап, бес зілтеміршінің қанынан табылған заттардың күмән туғызғанын хабарлады.