Жаңалықтар

Ұлыбритания мен Еуроодақ Brexit бойынша сауда келісіміне қашан қол жеткізеді?

ашық дереккөзі

Ұлыбритания мен Еуроодақ Brexit бойынша сауда келісіміне қашан қол жеткізеді?

Ұлыбритания мен Еуроодақ 2020 жылдың 15 қазанына дейін Brexit бойынша сауда келісіміне қол жеткізуі тиіс. Олай болмаған жағдайда келісім бекітілмейді және тараптар арасындағы сауда-саттықтың болашағы бұлыңғыр болмақ. Бұл туралы Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон мәлімдеді, деп хабарлайды Life.ru. Келер жылы Еуроодақ пен Ұлыбритания арасындағы еркін сауда жөніндегі келісімді күшіне енгізу үшін тиісті мәміле Еуропа Кеңесінің отырысына дейін, яғни 15 қазанға дейін жасалуы қажет. — Егер сол уақытқа дейін ортақ мәмілеге келе алмасақ, біздің арамызда еркін сауда жөнінде келісім болады деп ойламаймын, - деді Борис Джонсон. Егер тараптар аталған мәселе жөнінде келісімге келе алмаса, 2021 жылдан бастап Ұлыбритания мен ЕО арасындағы қарым-қатынас Еуроодақ мен Австралия арасындағы келісім үлгісінде жалғаспақ. — Біз о баста айтқандай, бұл Ұлыбритания үшін ең жақсы нәтиже болар еді, - деді британ премьері. Сондай-ақ, Борис Джонсон ел үкіметі үшін негізгі басымдық – өз заңдары мен ережелерінің орындалуын бақылау екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Ұлыбритания билігі келіссөздер оң нәтиже бермеген жағдайда да Еуроодақпен серіктестіктен бас тартпайтынын мәлімдеді. Атап айтқанда, олар әуе тасымалы, жүк тасымалы және ғылыми саладағы мәселелерді бірлесіп шешуге ниетті. Еске сала кетейік, Ұлыбритания 31 қаңтарда ЕО құрамынан шықты. Жыл соңына дейін жалғасатын өтпелі кезеңде тараптар болашақ қарым-қатынастарының үлгісін айқындауы тиіс.